Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (26-бөлім)

Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 2 мин оқу

Көзімнің алды іріңдеп,
Көрсетпейді аяқ жол.
Жеті жылдан бері қарай
Қиысқан баста шаштарым.
Тісімменен тістейін,
Иегімменен күштейін,
Қанеки, арқан тастағын.
Аман шықсам зынданнан,
Айтармын сөздің астарын,
Тірлікке ортақ жаным бар.
Қарасай, Қази батырлар,
Астана, халық аман ба,
Ел қамқоры достарым?!
Қарасай, Қази сол кезде
Шылбырға шылбыр жалғады.
Қарасай менен Қазидың
Жанына қатты батады
Ел сұлтаны Әділдің
Зынданға түсіп қалғаны.
Шығарғанша Әділді,
Тастамады аузынан
«Досым аман болғай» деп,
Бір жаратқан Алланы.
Тастаған шылбыр дәл барды
Ер Әділдің тісіне,
Бұрылып қауға аумады.
Қайраттанды ер Әділ
Қызылбаспен соғысқан
Мысалы болып саудағы.
Сол уақыттары ер Әділ
Келген арқан шылбырды
Салды азу тісіне.
—Тартың—деді,—достарым,
Үзілмес деді арқаның.
Қайта түсіп кетпейін
Қараңғы зындан ішіне.
Екі батыр саумалап
Ер Әділді шығарды.
Шығармасын нағылып,
Іздеген досын сағынып.
Қарасай менен Қазидың
Жан шыдар ма күшіне.
Зынданнан шығып алғасын,
Қосылысып үш батыр
Амандасты көрісіп.
Пенде болған ер Әділ
Алғыр сұңқар қыраны.
Елі-халқы, байтағын,
Анасы менен Ілияны
Мұңайып Әділ сұрады.
Қолымда бар қолөткіл
Бұзасыңыз қала,—деп,
Талықсып батыр құлады.
Сол уақыттары ер Қази
Әлсіреген досының
Аузына сусын бергенде,
Орнынан Әділ тұрады.
Бұзайын,—деп,—кісенді,
Қылыш салып кеседі.
Қылыштың жүзі қайырылды,
Қандай мықты десе де.
Сол уақыттары Қарасай
«Бұзайын,—деп,—кісенді»,
Қолыменен бұрады.
Әділ сонда қарленді,
«Тоқта,—деді,—достарым»,
«Я, пірім» деп ұмтылды,
Таусылып ердің шыдамы.
Алмас кісен қолдағы
Быт-шыт болып сынады.
Кісеннен қолы босанып,
Сол уақыттары ер Әділ
Қарасай, Қази досымен
Құшақтасып сүйісті,
Төсіне-төсі тиісті.
Мауқын басып батырлар,
Ойланды елге қайтуды.
Сонда Қази сөйледі:
—Елге жылдам жүрелік,
Жолымыз шалғай құм,—деді.
Белес-белес белі бар,
Адырлы биік шың,—деді.
Жиырма күнде келем,—деп,
Уәде бердік ханымға
Өтірік емес, шын,—деді.
Екеумізге бір тұлпар
Әділ досым, қанеки,
Кел артыма мін,—деді.
Сонда Әділ сөйледі
Сөйлегенде бүй деді:
—Ат артына мінгендей
Сатып алған құл емен.
Ашуланып ер Әділ
Тұлпарына мінбеді.
Ат артына мінгендей
Мені, досым, кім дедің?
Батыр болсаң, ер Қази,
Жеті қабат қорғанда
Байлауы тұрған атым бар,
Әкеліп соны бер,—деді.
Соңына еріп жүргендей
Мен қорлыққа көнер ер ме едім?
Досынан Қази сөз естіп,
Ұялып батыр қысылды.
Астындағы Шұбарды
Жеті қабат қорғанға
«Шүу» деп батыр ұшырды.
Кездессе дұшпан қорғанда
Көк найзаны зулатып,
Талайға салды қысымды.
Қызыл атты бермеуге
Кездесті қырық күзетші.
Қанша дұшпан келсе де,
Қылыш сермеп, оқ атып,
Талайын аттан құлатып,
Мазақ қылып ер Қази,
Шала жансар тастады
Шырқыратып, жылатып,
Біреуін көзге ілмеді.
Тұлпарды алып қорғаннан,
Жетелеп батыр келеді.
Қазидың келіп тұрғанын
Қарасай, Әділ білмеді.
Қырымның ханы, жан досым,
Тұлпарың—мынау, мін,—деді.
Сонда Әділ қараса,
Ер-тұрманы сары алтын
Сулығын шайнап Қызыл ат,
Бес қаруы ілулі,
Тұла бойы бәрі алтын.

Риза болып Қазиға,
Сонда Әділ күледі.
«Бағымды, Алла, ашқай»,—деп,
Тұлпарға Әділ мінеді.

Тағы оқыңыз