Қарасай—Қази (9-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 3 мин оқу
Таң атқанша бұл жерді
Ұрыспай тартып аламыз.
Әділді тауып біз қайтсақ,
Бойға түскен көп таңба
Жазылар еді жарамыз.
Қайнар бұлақ басына
Екі батыр құлады,
Суға қанып алады.
Күн батқасын тиюге
Екі батыр кеңесіп,
Әскерін алды үлесіп,
Қаруын алды бөлісіп.
Сонда Қази толғады:
—Қарасай аға, сенімен
Екі айырылар күн болды,
Екі талай жер болды.
Жауға жалғыз тимеген,
Жау айласын білмеген
Қази інің мен едім.
Екеуміз бірге жүргенде,
Жау алармыз деп едім.
Сапарымыз оң болғай,
Болсын сенің дегенің.
Таласуға жайым жоқ,
Сен айлакер батыр, ер едің.
Қарасай аға, көкешім,
Есебін тауып қарасам,
Жолсыз жерден өтесің.
Екеуміз қатар жүргенде
Дұшпанның бұздық қамалын.
Екі айырылар күн болды,
Бұған бар ма амалым?!
Құлағың салып жүре көр,
Қазиым қайда дегейсің,
Қысылған жерде демейсің.
Мен қалатын күн болса,
Шақырармын аға,—деп,
Сапарың, аға, оң болсын,
Пірлерің болып қамқоршы,
Дұшпаныңды жеңгейсің.
Сен қалатын күн болса,
«Бауырым» деп ат қойсаң,
Қайда да болса табармын,
Айырып жаудан алармын.
Шақыруға, аға, ар етпе,
Бір көруге зар етпе,—
Деді дағы, екеуі
Екі айырылып алады.
Қас қарайып күн батты,
Қаласына жау жатты.
«Ал, Қазижан, қамдан» деп,
Қарасай батыр тіл қатты.
—Аман бол енді, Қазиым,
Батырсың қайсар сымбатты,—
Деді дағы, екеуі
Екі айырылып алады.
Күн шығыстан Қарасай,
Күн батыстан ер Қази
«Орақ» деп ұран салады.
Орақ деген дауысы
Қаратасты жарады.
Қаладағы әскердің
Құлағына барады.
«Қарасай, Қази келді деп,
Екі жақтан тиді деп,
Қоймайды енді бізді» деп,
Қашып болды түнімен
Паналап сай мен саланы.
Рахымсыз дұшпандар
Жұртқа тастап кетіпті
Мүгедек әлсіз баланы,
Бас сауғалап қаңғырған
Құлазыған даланы.
Сәтіне түсіп оң болды
Қарасайдай батырдың
Жасаған айла-амалы.
Иесіз тастап кетеді
Лаулаған қызылбас
«Қарасай, Қази келеді» деп,
Еңбекпен салған қаланы.
Таң атқанша Қарасай
Айқайлаған ұранмен
Ұрыспай тартып алады.
Таң атқасын батырлар
Қолына жасыл ту алды.
Екі батыр қосылып,
Бір-бірін көріп қуанды.
Дем алдырып батырлар
Тұлпарларын суарды.
Биікке шықса Қарасай,
Көз жіберіп қараса,
Қалаға қайтқан көп әскер
Көрді байтақ тұманды.
Таң атқасын қызылбас
Көбейіп, басы құралды.
Қаптаған қалың топ болып,
Сан жеткісіз көп болып,
Қызылбас салды ұранды.
Қарасай сонда сөйледі:
—Қазижан, енді қамдан,—деп,
Қаптай шабар қызылбас,
Шықпайтын шығар жекпе-жек.
Қозғалды батыр тұра алмай,
Қаптаған қойдан шұбалған,
Тоқсан жерден ту алған.
Күннің көзі тұтылды
Ат тұяғы тұманнан.
Қарасай тағы толғады:
—Қазижан, енді бері кел,
Мына жаудың көптігі
Қорқытып тұр көзімді.
Бұл жеңілер жау емес,
Бір көргеннен сезілді.
Әскерімізді алдырсақ,
Бізге болар өлім-ді.
Тоқсан мың екен қызылбас,
Үш ретке бөлінді.
Қазижан, алдын бастай бер,
Қорғайын қолдың артын-ай.
Бұл дұшпандар екен айлакер,
Қолыңды бастап жүре бер.
Көрейін өзім соғысып,
Салмағы артта көбейер.
Тосқауыл жасап біздерге,
Садақпен атып жебелер.
Артыңда өзім болайын,
«Орақ» деп ұран шақырсам,
Қызылбастар көп өлер.
Жекпе-жекке шыққаны
«Ар-намысым» деп өлер.
Қылыш сермеп, оқ атсам,
Алаулаған қызылбас
Өздері қашып жөнелер.
Қарасай қолдың артында,
Алдына шықты ер Қази,
Қолды бастап келеді.
Қарсыласқан дұшпанға
Әскерін жауға бермеді.
Қылышын Қази сермеді,
Жауды көзі көрмеді.
Көк найзасы қолында,
Жоғары қарай өрледі.
Астындағы Шұбар ат
Болаттай еді тұяғы.
Қатаң тастақ жерлерді
Саз балшықтай иледі.
Қаптай шапқан қызылбас
Қызыл-жасыл туларын
Желбіретіп байлады.
Жай тасындай қайнады,
Жауар бұлттай ойнады.
Қази мінген Шұбар ат
Табаны тастан таймады.
Қарсыласқан дұшпанын
Бұл сапарда ер Қази
Жеңбей, сірә, қоймады.
Бермеді жауға әскерді
Қарасай батыр айлалы.
Қызылбас жауы көбейіп,
Қарасайдың үстіне
Үш қайтара айдады.
Қанша дұшпан келсе де,
Жеңбей батыр қоймады.