Қарасай—Қази (25-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 4 мин оқу
Күн шығыстан Қарасай,
Күн батыстан ер Қази
Екі жақтан кіреді.
Батырлар салды ұрысты,
Жау-жарағы бәрі сай
Сілтеді жауға қылышты.
Ұрысса да неше күн,
Батырлар әлі тынысты.
Қылыш сермеп, оқ атып,
Кездескен жауды құлатып,
Ілгері қарай жылысты.
Қарасай, Қази—қос батыр
Ер Әділді іздеді.
«Табылар,—деп,—қай жерден,
Тіміскелеп қарады
Қараңғы зындан бұрышты.
Қарасай менен Қазиды
Тірілей ұстап алуға
Бірнеше күн соғысып,
Қызылбастар тырысты.
Алты күнгі соғыста
Қара тұман түн болып,
Қылыш сермеп оқ ату.
Кездескенін аямай,
Найзаменен құлату.
Танымады бір-бірін,
Жақын-жуық туысты.
Бір ұрттам суға зар болып,
Қайғы-қасірет у ішті.
«Қарасай менен Қазиға
Бағындық» деп батырлар,
Алаулаған қызылбас
Қару-жарақ бәрі жоқ,
Қол көтеріп тұрысты.
Бағынғасын қызылбас,
Батырлар сонда тұрысты.
Қызылбасты көндіріп,
Тоқтатты ерлер ұрысты.
Қынабына салады
Қанжар менен қылышты.
Бағынғасын ант беріп,
Қази сонда толғады:
—Қарасай аға, құлақ сал,
Қызылбас жауы жеңілді
Тұр ғой мұны көз көріп.
Әділ достан хабар жоқ,
Өлі-тірісін сезбедік.
Басымыздан бақ тайып,
Кетті ме заман өзгеріп.
Табылмады ер Әділ,
Алты күндей іздедік.
Әділді тауып алалық
Өлді деп күдер үзбелік.
Қайда барсақ жол ашық,
Батыр, ханын өлтіріп,
Ел басшысын тіздедік.
Әділді тауып алайын,
Қарасай аға, екеуміз
Жауға болар біз бе едік?
Бір күн жатып дем алып,
Батырлар қалды тыңайып.
Іздегенмен неше күн
Таба алмады Әділді.
Батырлар тұрды мұңайып,
Қарасай айтты сол жерде:
—Қарағым, Қази, бері кел,
Тау басына шығайық.
Әділді тауып қайтпасақ,
Құр алақан, бауырым,
Болмас деп тұрмын лайық.
Керемет-ті аталар,
Әділді тауып бізге бер,
Табуға жоғын іздеңдер,
Кел өләруақты сынайық.
Әділ досын таба алмай,
Екі батыр тарықты.
Өлі-тірісін сезе алмай,
Күдерін үзіп жалықты.
Келе жатса қос батыр,
Алыстан көрді жарықты.
«Бұл қалай?» деп таң қалып,
Қасына жетіп барыпты.
Сәлем беріп үңілсе,
Отырған жылап бір әйел.
Қорлық көрген дұшпаннан
Жақ сүйегі сорайған,
Көп азап көрген арық-ты.
Қарасай, Қази ойланды,
Күні кеше халыққа
Тегін олжа бергенде,
Көзге түспей қалыпты.
Жылаған әйел түрегеліп,
Батырға өзін танытты:
—Екі батыр, қарағым,
Он сегіздей жыл болған
Қарасын батыр қызылбас
Шауып қайтқан сол кезде
Біздің шәһар халықты.
Екі батыр, ала кет,
Ноғайлы еді тегіміз,
Өтірік емес анық-ты.
Жиырма жыл көрдім азапты,
Ноғайлы болсаң, балдарым,
Шам-шырағым жаныпты.
Ұмытып кетпей есіңе ал,
Дұшпанды жеңген батырлар,
Біздердей мүшкіл қаріп-ті.
Қарасай, Қази балдарым,
Батырлығың танылды.
Ар жағында он қала,
Бер жағында он қала,
Ортасында бір қала,
Қарауыл қала сол қала
Нән де дұшпан сонда екен.
Көз жіберіп қарасам,
Тас талқан болып жаныпты.
Қарасай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Он сегіз жылдан бері қарай
8-310
Пенде болған дұшпанға
Алдымда тұрған анамыз
Іздегенім ер Әділ—
Қырымның ханы, сұлтаны,
Хабарың бар ма есіткен,
Бізге айтып қарашы?!
Пенде болған мүсәпір,
Ақ сүт берген шешедей
Өлгенше сізді бағамыз.
Бағуыма көнбесең,
Апарайын еліңе,
Болса бала-шағаңыз.
Бізге, ана, шыныңды айт,
Жеті басты жалмауыз
Кездессе де алдымнан
Қылышпенен шабамыз.
Бой бермеспін дұшпанға,
Арғы атам Едіге,
Одан туған Нұрадын,
Сермеген жауға құралын.
Өзімнің әкем хан Орақ
Қиыншылық кездессе,
Қолдаушы еді бабамыз.
Сол уақыттары болғанда,
Қаріп кемпір сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Әруақты ердің тұқымы,
Екі балам, таныстың.
Жолың болар бізбенен,
Әділің аман, шырағым.
Сүйіншіңді бере бер,
«Қырымнан әскер келер» деп,
Күдерін сізден үзбеген.
Алмас зындан ішінде
Адам таппас құпия
Табарсың, балам, досыңды,
Әділің сонда іздеген.
Анау жатқан қара жол
Қорқынышты, мықты бол!
Табарсың алмас зынданды
Бұрылмай барсаң ізбенен.
Алғыс айтты Қарасай:
—Рахмет, ана,—деп.
Көмектестіңіз тар жерде
Болармыз сізге бала деп.
Қол ұшын берді тар жерде
Пенде болған анамыз.
Ел сұлтаны болғандай
Ақылға кең дана деп.
Қарасай, Қази қуанып,
Әділ досын тапқанға
Толғана мойын бұрады.
—Батаңды бер, қәріп, деп,
Кемпірден бата сұрады.
—Балдарым, қолың жайың,—деп,
Берер батам дайын,—деп.
Күндіз күнің нұрланар,
Түнде жарық айың,—деп.
Сол уақыттары батырлар
«Әумин» деп қол жайды,
Көңілі нұрға толады.
Іздегені табылып,
Болмады ердің алаңы.
«Сау бол» деп мойнын бұрғанда,
Көрмеді қәріп ананы.
Ғайып болды көзінен
Қаріп кемпір манағы.
«Сілтеген бағыт осы» деп,
Қарасай, Қази—қос батыр
Қара жолменен шабады.
Табылар,—деп,—ер Әділ,
Қос батырдың ашылды
Қайғылы тұрған қабағы.
Қарасай, Қази қуанды
«Әділің аман тірі» деп
Естілгесін хабары.
Әділдің жатқан зынданын
Көп кешікпей табады.
Бастырулы қақпағын
Қази батыр сол жерде
Ашуменен жұлып алады.
Жұлдызы туып оңынан,
Оң болды ердің талабы.
—Тірімісің Әділ?—деп,
Жоқ болғасын дыбысы
Белінде қанжар, қылышы
Қарасай айқай салады.
Ішіне жарық түссе де,
Онда да дыбыс болмады.
Ызаланып сол жерде
Қарасай батыр толғады:
—Миллион дұшпан қырсам да,
Басыма бақыт қонбады.
Бір өзің үшін қан төктім,
Қылыш сермеп, оқ атып,
Тізеден қан кешсем де,
Әділім аман болмады.
Тірі болсаң, жан досым,
Тірлігіңді білдірмей,
Жатырсың, досым, нағылып?
Лебізіңді естиін,
Келіп тұрмын сағынып.
Әуелгі келген сапарда
Сені іздеп табам,—деп,
Он жерімнен оқ тиіп,
Қайтып едік шабылып.
Екінші сенен хат алып,
Тірлігіңді білгесін,
Шыдап нағып жаталық,
Келіп тұрмыз сабылып.
Қызылбастың елдерін
Күл талқан қылып қираттық.
Алаулаған қызылбас
Пенде болды бағынып.
Іздеп келген досың бар,
Қозғалсайшы орныңнан,
Жатырсың, досым, нағылып?!
Сонда Әділ сөйледі:
—Қарасай, Қази достарым,
Қолөткіл бар қолымда
Шынжыр таққан мойныма,
Көтертпейді бастарым.
Шығарыңыз зынданнан,
Мойныма таққан тасты алың.
Бұл зынданда қауіп бар,
Шығар жолы қиын-ды.
Үзілмес арқан тауып сал,
Тәуекелге бастадым.