Қарасай—Қази (16-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 2 мин оқу
Қарасай, Қази досым-ай,
Мұңымды жаздым осылай.
Және дұғай көп сәлем
Қырық сан Қырым еліме-ай,
Құрбы-құрдас теңіме-ай!
Жететұғын күн қайда
Туып-өскен жеріме-ай?!
Алаулаған қызылбас
Айтсам түспес тіліме-ай.
Қарасай, Қази жан достым,
Екі досым қосылса,
Кісеннен қолым босанса,
Жетермін жаудың түбіне-ай.
Осы күнде, достарым,
Қызылбас аузы бірлеулі,
Күнде мені тергеулі.
Қимылдауға әлім жоқ,
Екі қолым серлеулі.
Мойныма шынжыр тағулы,
Дұшпандық қылып қызылбас
Басыма отты жағулы.
Көрген азап қорлықтан
Көзімнің жасы ағулы,
Бір қызылбас бағулы.
Аяғыма тас қағып,
Астыма өртеп от жағып,
Шыдайын бұған мен нағып?!
Басқа түссе амал жоқ,
Сыналап тасқа байлаулы.
Тек жаным бар өлмеген,
Досының жайын білмеген,
Екі досым, сендерге
Менің көңілім қалулы.
Қызылбастың қолында
Жүз мыңдаған батыр бар,
Күнбе-күн күтіп бағулы.
Қарасай, Қази достарым,
Екеуіңнен қорқулы.
Бұрын-соңды дұшпаннан
Жоқ екен жері жеңілген.
Атағын айтса Орақтың,
Алаулаған қызылбас
Үмітін үзеді өмірден.
«Қарасай, Қази—қос батыр
Қайта айналып соғар» деп,
Он екі бірдей қалаға
Қорған салды темірден.
Қолға түссең, достарым,
Сендер үшін зындан бар.
«Тірілей тұзақ оты» деп,
Күндіз-түні от жағып,
Қыздырып жатыр көмірмен.
«Қарасай менен Қазиды
Сол зынданға салсам деп,
Денесі ісіп семірген».
Және дұғай көп сәлем
Ақ сүт берген анама-ай,
Алдымдағы кәбем-ай.
Жылама, ана, жылама,
Аман-сау жүр балаң-ай.
Көп жылаудан пайда жоқ,
Көзіңнің жасы далаға-ай.
Ақ сүтіңді кеше көр,
Болайын сенен садаға-ай.
Жарқырар күнім бар ма екен
Қайғылы тұман түтіннен.
Пірлерім жәрдем бергенсін,
Қызылбас жауы күтінген.
Ақ сүт берген анашым,
Мен көретін бейнетті
Көргендей айттың түсіңмен.
Ақ төсіңді аймалап,
Дәм тататын күн бар ма,
Балаша еміп төсіңнен?!
Бір толтырсам аузымды
Емшектен аққан сүтіңнен.
Азаппен жүрмін тірлікте,
Бұған да, анам, шүкір дең.
Дұғайлы және көп сәлем
Қарындасым Ілияға.
Тас емшекті еміскен,
Тар төсекте тебіскен.
Қарағым, көкең мен едім
Айырылған бақыт жемістен.
Ілияжан, сенсің бауырым,
Қарағым, қалқам, жылама!
Мен бейнеттің көрдім дауылын.
Шынжыр тағып мойныма,
Қол-аяғым таңулы,
Мен бейнеттің тарттым ауырын.
Ілияжаным, жылама,
Аман болсам, барармын.
«Қырымның патша ханы» деп,
Әр жерден кеткен дабылым.
Тісім болып хат, қалам,
Сіздерге сәлем жолдаған.
Бірге туған нашарым,
Тілеңіз тілек Алладан.
Тісімменен тістедім,
Ернімменен ептедім,
Барармын аман, жылама,
Көзіңнің жасын төкпегін.
Және де дұғай көп сәлем
Айтар сөзім көп дедім.
Қарасай, Қази—достарым,
Осы сәлем барғасын,
Бір іздер,—деп ойлаймын.
Қарасай, Қази достарым,
Сендер едің сенерім.
Өкпелемей қайтемін
Ақыреттік досым болғасын.
Досым десең Әділді,
Бұл азапта қоймасын.
Осы сәлем барғасын,
«Тірі екен» деп ойласын.
Ақташа ханнан бата алсын,
Қолынан бұйрық хат алсын.
Қырымнан әскер шықпаса,
Екі досым сау болса,
Дос екені шын болса,
Осы сәлем барғасын,
Екі досым жатпасын.
Досының ісін ақтаса,
Әскер алып Қырымнан,
Қызылбасқа аттансын.