Қарасай—Қази (6-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 3 мин оқу
Сол уақытта Ахмет
Және бір толғап қарады:
—Қоянақ қартым, көрдің бе,
Енді маған сендің бе?
Қызылбас жауы қайтадан
Қамағанын көрдің бе?
Көз жіберіп қарасам,
Мына жаудың көбіне
Қорқайын деді көзім-ай.
Жолға түсіп жөн тартып,
Жүре берің өзіңіз.
Ағайынды бесеуміз,
Жаудың алдын кеселік,
Тоқтатайын өзім-ай.
Шамам келсе зорланып,
Әскерімді түсірмей,
Көп ұятқа қалмайық,
Төрт арыстан інім-ай,
Қайрат салып бүгін-ай.
Әскеріңді алдырсаң,
Бізге болар өлім-ай.
Осылай деп Ахмет,
Көпке толғап қарады.
Қартайса да Қоянақ,
Жауды көріп тұрмады,
Боз тұлпарды булады.
Үзеңгісін ұзартып,
Тебінгісін қысқартып,
Көп қызылбас ізінен
Қойдай шулап қалмады.
Айсаның ұлы Ахмет
Алабас атты қамшылап,
Айнала қолды қорғады.
Осы күні батырлар
Бір құмардан шығады.
Жалғыз жарым болмаса,
Көп әскерді түсірмей,
Таудан аман шығады.
Ахметті түсірмей,
Қызылбас шулап қалады.
Ахмет шығып кеткен соң,
Жолдың аузын жабады.
Биіктігі қырық аршын
Басына қала салады.
«Келгені қайдан шығар» деп,
Жаудың қылған амалы.
«Ішінде қалған көп әскер
Осы жолдан бір шығар,
Ер де болса қырсығар.
Бұзып жарып шығам деп,
Бізбенен тағы ұрысар.
Сол уақытта қамалық,
Таспенен ұрып сабалық.
Қол бастаған батырын
Қамап ұстап алалық.
Осы жолдан шығармай,
Әскерін қамап қырайық».
Көп қызылбас кеңесіп,
Ақыл айла табады,
Жолды мықтап жабады.
Жалғыз аяқ тар жолды
Қызылбас алып қалады.
Әлқисса, Қызылбастар жолдың аузын алып жата берсін. Қарасай, Қази Қазбан деген қаланы алып, алты күндей сол жақта болды. Ал енді Әділден хабар естіңіз. Әділдің әскері жалғыз аяқ тар жолда шұбырып келе жатқанда, Қарасанның көп әскері келіп жолдың екі жағын алып қалады. Жалғыз аяқ тар жолдың екі жағы сор еді. Есіл ер жазылып ұрыс сала алмай, Әділ атынан түсіп, жаумен атыса берді.
Қарасай, Қази—қос батыр
Қазбан деген қалада
Алты күндей болады.
Қала бұзып, хан алып,
Алды малға толады.
Қызылбаспенен ұрысып,
Ахмет шығып кетеді.
Қамауда қалған ер Әділ
Жауға не амал етеді?
Жолдан шығып бұрылса,
Сорға түсіп кетеді.
Қызылбас жауы көп екен,
Өзіне мәлім жер екен.
Батпақ сордың үстіне
Қаратаспен бастырып
Қиялап салған жол екен.
Жеті жерден ту алып,
Әділді көріп қуанып,
Шығар аузын бекітіп,
Қызылбастар тұр екен.
Келе жатып ер Әділ
Аңдып тұрған алдында
Көп әскерді көреді.
«Жайсыз жерге келдім,—деп,—
Не болса да көндім» деп,
Қарсы жүріп келеді.
Атқа мініп ұрысатын
Ашық жері жоқ еді.
Ашық жерін қызылбас
Бұрын алып тұр еді.
Бұрылса түсіп кететін
Екі жағы сор еді,
Бір жағы терең көл еді.
Көлге жалғыз салдырған
Алты қатар ор еді.
Жүретін жерін жау алып,
Енді амалы құрыды.
Түсе қалып атынан,
Табанын жауға тіреді.
Жеті жасқа келгеннен
Жете туған ер еді.
Ер Сүлеймен дейтұғын
Жан жолдасы бар еді.
Екі жерден оқ атып,
Қиратып жауды тұр еді.
Кіші бесін болғанда,
Атысып жаумен тұрғанда,
Ер Сүлеймен оққа ұшып,
Шейіт болып өледі.
Ер Сүлеймен өлсе де,
Атыса берді бір өзі.
Қасындағы көп әскер
Енді өлерін біледі.
Тұрған жері батпақ сор,
Әскер жаман жүреді.
Күн кеш болып барады,
Қызылбас жауы қамады.
Әділдің қолын шығармай,
Жолдың аузын алады.
Ер Әділдің басына
Ақыр заман туады.
Ұрысып тұрған Әділдің
Сары жайы сынады.
Сол уақытта ер Әділ
Бармағын тістеп жылады.
Атайын десе оғы жоқ,
Енді не амал қылады.
Ендігі тапқан амалы—
Тұлпарға мініп алады.
Алмасын Әділ сермеді,
Жауды көзі көрмеді.
Жалғыз өзі ұрысып,
Әскерін жауға бермеді.
Жазылып ұрыс салғанда,
Жауға болар ер ме еді?
Таусылатын жау емес,
Толып жатыр өлгені.
Қабат-қабат әскерге
Әділ шауып келеді.
Кейін қарай шығуға
Терең батпақ сор еді,
Бір жағы терең көл еді.
Көлге жалғас қазылған
Алты қатар ор еді.
Ескен желден құбылып,
Жан базары құрылды.
Әділдің ұрысқан жерінде
Көп қызылбас қырылды.