Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (12-бөлім)

Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 4 мин оқу

Қызылбасты қиратып,
Жесірін қойдан шулатып,
Шауып алсам деп едім.
Тұлпарым орға жығылып,
Болмады қабыл дегенім.
Өлсем өліп кетермін,
Егер өліп кетпесем,
Білгенімді етермін,
Түбіңе ақыр жетермін.
Қызылбас ханы сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Қол бастаған ер болсаң,
Әділ деген сен болсаң,
Мойныңа қамыт ілейін,
Алты арбаны жегейін,
Толтырып тасты тиейін.
Мақтанғанын батырдың
Күшін сөйтіп көрейін.
Әділ болсаң сен,—деді,
Жазаңды сөйтіп берейін.
Осыны айтып қызылбас,
Байлап қолын әкелді
Қазбан деген қалаға.
Қалаға Әділ келгенсін,
Мойнына қамыт іледі,
Алты арбаны жегеді.
Алты арбаның үстіне
Толтырып тасты төгеді.
Алты арбаның үстіне
Бір қызылбас мінеді.
Арбаға қосқан өгіздей
Шыбықтан айдап жөнеді.
Қарасай бұзған қаланы
Әділ жегіп түзеді.
Айдап жүрген қызылбас
Қолына алды бір шыбық,
Елге болды бір қызық.
Арбаға тасты артады,
Алты арбаны ер Әділ
Өгіздей өрге тартады.
Керленіп Әділ тартқанда,
Үзіледі арқаны.
Арқаны қиып арқасын,
Жанына қатты батады.
Қасына жақын келуге
Қызылбастар қорқады.
Бұрынғыдай Әділге
Еркелейтін ел қайда,
Алты арбаны сүйретіп,
Жолға түсіп жортады.
Қарасай бұзған қаланы
Әділге жегіп арбаны,
Қызылбас түзеп қаласын,
Алты айда салып алады.
Қаласын салып алғасын,
Және бір қастық қылады.
Тісімен тезек тергізіп,
Қыдыртып қойды даланы.
Тісімен тезек тереді,
Көп қорлықтар көреді.
Бір қызылбас ізінде
Тергізіп тезек жүреді.
Бұл қаланың тезегін
Кеште алып келеді.
Өліп-талып келгенде,
Және бір азап береді.
Мұндай азап-қорлықты
Көремін деген ойда жоқ,
Басына түссе көнеді.
Және бір жерге айдады,
Бір азапты ойлады.
Табанына тас тағып,
Саналап мықты байлады.
Күндіз-түні азапта,
Әділдің соры қайнады.
Қимылдайтын дәрмен жоқ,
Екі көзі жайнады.
Бұ да қылған қастығы,
Қызылбастың баласы
Қозы-лақтай секіріп,
Қуалап ұстар қолы жоқ,
Жамбастап жатып келгенін,
Қолына түскен баланы
Қашыр-шұқыр шайнады.
Алма деген бір жеміс
Ол кеш пенен бұл кешке
Жарым алма жейтіні.
Қадірін білген жақсылар
Ардақтаған біреудің
Шырағы ғой дейді-міс.
Қадірін білмес жамандар
Жарты алмаға тойды ма,
Бір жаман ғой дейді-міс.
Әділ жүрді азапта,
Тыным көрмей жазы-қыс.
Қырым жақтан келсейші,
Ұшып жүрген қара құс.

Әлқисса, Әділ азаппенен есі кетіп, есеңгіреп жата берсін. Ендігі хабарды елге қайтқан батырлардан естиік.

Ахмет батыр, Қоянақ
Тас өткелдің аузында
Кездескен жауды аямады.
Қарасай, Қази, жас Әділ
Жауда қалды солар деп,
Көпті көрген қарт батыр
Аш бүйірін таянды.
Ахметтің ойында
Алдынан келсе шабарман,
«Қиратып жауды қайттық» деп,
Өтірік сөзбен боямақ.
Жауда қалды ер Әділ
Анасы баққан аялап.
«Елге не деп барам деп,
Бір мезгілде қарт батыр
Ұйқыдан шошып оянады:
—Ахмет батыр, не дейміз,
Елге барсақ осыдан,—
Деп сөйледі Қоянақ.
Ойлап қарап осыны,
Сен едің батыр қолбасым,
Қалай барып көрерміз
Ер Әділдің ордасын?
«Әскер қашан келер» деп,
Бәйбикеш ханым, Ілия
Еңіреген жетім қас мұңды
Жолды күткен болмасын.
Жұбаталық сөзбенен,
Бізден көңіл қалмасын.
Осыларды ойыңа ал,
Ахмет сардар батырым.
Қырымға жақын барғасын,
Уәйімменен мен келем
Қарасай, Қази, жас Әділ
Қызылбас жақта қалғасын.
Ілия, ханша ол сұрар
«Қайда,—деп,—батыр жолдасың?»
Сонда Ахмет толғады:
—Тірлікте пендеге
Маңдайға жазған болмағы.
Асылық етті ер Әділ,
Көре алмас келіп қалаға
Қырымдағы орданы.
Асылық қылған пенденің
Бейнетке душар болмағы.
Көңілге келді бір қиял
Ілия шығар алдымнан,
Қырымға жақын бармалы.
Осы айтқаны мақұл ма,
Қоянақ, өзің ақыл бер.
Ноғайлының сен едің
Көпті көрген тарланы.
Үш күндік жолға кідіріп,
Алыстан елді барлалы.
Көкірек қайғы, көңіл шер,
Қызылбастың қолында
Байлаулы қалды талай ер.
Бас аман-сау біз қайттық.
Мұны естіген ноғайлы
Біздерді қалай батыр дер.
Тастан қайтты болатым,
Қарасай, Қази, жас Әділ
Қызылбаста қалғасын,
Кесілді құйрық, қанатым.
Осылар еді ойласам
Халқыма қамқор кемеңгер.
Кездесе қалса Ілия,
Әділ аман, біз аман,
Басқа бөтен демеңдер.
Осыларды ойласам,
Алдым зындан ор болып,
Солқылдайды қара жер.
Қарасай, Қази, жас Әділ,
Сіздерді іздеп оралып,
Қызылбасқа бара алман.
Бұл тірлікте жүргенде,
Жауда қалған үш батыр
Көзіме қашан көрінер.
Көп әскерлер, тоқтаңыз,
Осы жерге қоналық.
Үштен бірі біз едік,
Абыройдан қайттық тоналып.
Ел көрерлік бетім жоқ,
Жүрмесін халық жерініп.
Әркім тапсын өз жолын,
Таралық ертең бөлініп.
Ойлап енді қарасаң,
Қызылбастың елінен
Батырлар қайттық жеңіліп.
Қоянақ, Серік, Ахмет,
Басымыздан бақ тайып,
Бұрынғыдан кемідік.
Дұшпандарым марқайып,
Арланғаннан досымыз
Өлетін шығар демігіп.
Сол күні жатып дем алды,
Елге қарай жүруге
Әскерлер тағы жиналды.
Жал-құйрығы өрулі,
Тұлпарлар тұрды керіліп.
Елге қарай беттеді,
Осқырып жерді тебініп.
Бір мезгілдер болғанда,
Күн алты айға толғанда
Қырымның алтын сарайы,
Әділ ханның ордасы
Төбесі тұрды көрініп.
Ордада тұрып Ілия
Көп әскерді көргесін,
Түтіндей тұман шаң көрді,
Қаптаған әскер жан көрді.
Қол бастаған батырлар
Алыстан айбар көрінген
Дулыға қалқан шеңберлі.
Қаптаған қалың әскердің
Ілия шықты-ай алдынан
Бозжорға атпен көлденең.
Сонда Ілия сөйледі:
—Ахмет батыр сен едің,
Қызылбасқа кетерде
Қоштасып кеткен елменен.
Арыстан батыр өзіңсің
Дұшпанды жеңіп дендеген.
Ордаға соқпай кетуің
Ойлап енді қарасам,
Көңіліме жөн демен.
Батырдан сауға, жөніңді айт,
Әділ көкем аман ба?

Тағы оқыңыз