Қарасай—Қази (18-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 3 мин оқу
Аманат енді өзіңе,
Ақ шалмалы пірадар,
Үмітім болып өмірден,
Нұрланып көңілім тоқтадым.
Ғайып ерен жеті пір,
Біздей мұңлы ұлыңа
Назарыңды салып жүр.
Жеті пірдің ішінде
Ақ шалмалы пірадар
Керемет-ті пір еді.
Қанаты күміс, мойны мыс,
Мысалы болып қара құс,
Бізден сәлем Қырымға,
Басқа жерге бұрылма.
Қар бойындай қағазды
Жылдамырақ алып ұш.
Ілия менен анамның
Ордасына барып түс.
Бұл қара құс пір еді,
Әділдің жазған сәлемін
Қырымға алып жөнелді.
Қасындағы қызылбас
Таң қаларлық іс болды.
Әділге келген пірлері
Көрер көзге құс болды.
Ойланып көзбен көреді,
Пенде болған ер Әділ
Тісімен тезек тереді.
Күн батқасын қызылбас,
Шыбықтап айдап жөнелді.
Әділді қойып бір жерге,
Ханына жетіп келеді.
«Қырымға сәлем кетті» деп,
Хабарын айтып жөнеді.
«Жазған енді сәлемі
Қар бойындай қағаз» деп
Басқа бөтен демеді.
Тау басында шоқыдай
Ер Әділге бақташы
Қызылбас екен денелі.
«Жаздырдың,—деп,—неге хат?»
Бұйрық беріп хандары,
Соғып жатыр дүрені.
Көп соққаны жегесін,
Бұзылды дәудің реңі.
Жиналып келген жендеттер
Шоқпарменен ұрғанда,
Далдүл болды білегі.
Арба айдаушы қызылбас
6-310
Азаппенен өлді.
Тұтқын болған Әділге
Осы өлген қызылбас
Қорлық беріп жүр еді.
Бір дұшпаны өлгенсін,
Пенде болған Әділдің
Нұрланады реңі.
Қызылбас ханы долданып,
Ер Әділге келеді:
—Қалай, патша, халың?—деп.
—Мен тезекші құлыңмын,
Сен алдымдағы ханым,—деп,
Мысқылдап Әділ күледі.
Сонда қызылбас ханы сөйледі:
—Өлтір,—деді,—залымды,
Түбімізге жететін
Дұшпанымыз табылды.
Кесіп алың бастарын,
Қайраулы қылыш, жанулы!
Ер Әділдің сол жерде
Қол-аяғы таңылды.
Кессе, қылыш өтпеді,
Найза салса, теспеді.
Қызыл шоққа тастады,
Лаулаған қызыл жалынды
Көрмеген қорлық болмады.
Ер Әділдің қысылып,
Заманасы тарылды.
Сонда Әділ сөйледі:
—Қанша азап көрсем де,
Ризамын бәріңе.
Пірлеріне жалынды:
—Қорға,—деп,—шыбын жанымды.
Асықпа,—деді,—қызылбас,
Көп ұзатпай осыдан
Алармын деді арымды.
Әскер келсе артымнан,
Талқандармын тағыңды.
Қалаңды өртеп, күл қылып,
Жел қаңбақтай ұшырсам
Басыңдағы бағыңды.
Байлаудан қолым босанса,
Екі көзіңді ояр ем,
Ту сыртыңнан сояр ем.
Бас сүйегің қауғадай
Айырсам бастан жағыңды.
Осы айтылған тілегім
Болатын шығар қабыл-ды.
Енді өзіңе қазармын,
Асықпа, лахат қабырды.
Сөйдеді де ер Әділ,
Пірлеріне жалынды.
Сол уақытта қызылбас
Шапса, қылыш кеспеді,
Атса, мылтық өтпеді.
Көк найзасы теспеді,
Қызылбас қалмай жабылды:
—Зынданға сүйреп кет,—деді.
Қызылбастар жабылып,
Көп болды сабап тепкені.
Сол уақытта патшасы:
—Қанжарменен кескілеп,
Суырып ал,—деді,—өкпені.
Қанжар салып қараса,
Тәніне тіпті өтпеді.
Ызаланды дұшпандар:
—Әлі алдыңда азабың
Таусылмас, бала, көп,—деді.
Отын-тезек тасысын,
Біреуі айтты сол жерде
Арбаға мұны жек,—деді.
Азап көрді осылай
Пенде болған жас Әділ.
Қыс күні өтті басынан
Жетті жаздың көктемі.
Алты ай сонда болыпты
Қырымға сәлем кеткелі.
Қызылбас ханы арланды,
Жауар бұлттай торланды.
—Төрт аяғы матаулы—
Деп сөйледі қызылбас.—
Қолда тұрған дұшпанға
Қалай әлім жетпеді?!
Алдымда қандай бейнет бар,
Басымыздан бақ тайып,
Тұр ма дәурен өткелі?!
Суға салса батпады,
Бұрынғыдай ер Әділ
Мүсәпір болып жатпады.
Қызылбастың тамағын
Берсе де батыр татпады.
Қызылбастар қорлаулы
Астына жайып тікенек
Тесілсін деп қапталы.
Аунай кетеді ер Әділ,
Жамбасына батпады.
Беретін күнде тамағы—
Нанның күйік қатқаны.
Үш ай тоқсан болыпты
Ер Әділге арнаулы
Лаулап көмір жаққалы.
Өлмегенсін бәріне
Осы болды Әділді
Жалын өртке атқаны.
Өлтіру үшін Әділге
Қанша әлек болса да,
Басқа айла таппады.
Отқа салса, күймеді,
Шоқпарменен басқа ұрып,
Береді қорлық қас қылып,
Найзаменен түйреді.
Ер Әділдің жойылды
Қолға түсіп қор болып,
Салтанаты үйдегі.
«Бұл болмайтын дұшпан» деп,
Ақылдасып қызылбас,
Әділге енді тимеді.
Ақылдасып қызылбас,
«Алмас» деген зындан бар
Соған жауып тастауға
Батырды соған сүйреді.
Үстінде тұлдыр киім жоқ,
Жеті жылғы сілімтір
Ер Әділдің кигені.
—Алмас зындан ішінде
Жата бер,—деді,—батырым,
Сенетін болсаң күшіңе.
Мазақтап күлді қызылбас:
—Саған жайлы үй,—деді.
Осыны айтып қызылбас,
Жапты зындан қақпағын.