Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (5-бөлім)

Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 3 мин оқу

Әлқисса, Қоянақ қарт батырды жарастырды, дос қылды. Енді қырық мың әскер жалғыз аяқ тас өткелге симайтын болды. Әскерді үшке бөлді. Он төрт мың әскерге бас болып Қарасай, Қази тас өткелден өтіп, бұл кетті. Он үш мың әскерге бас болып ер Әділ тас өткелден өтіп, бұл кетті. Он үш мың қолға бас болып Айсадан туған Ахмет қалды. Ал енді Ахмет батыр жалғыз аяқ тар жолға түстеуге жүрексініп, кейінгі әскерге толғап тұрғанға ұқсайды.

Ахмет тұрып сөйлейді,
Сөйлегенде бүй деді:
—Қол бастаған Қоянақ,
Құлайық таудан қиялап.
Жалғыз аяқ тар жолдан
Әскерімді түсірмей,
Қайтуға тұрмын ой ойлап.
Осы жерге келгенде,
Әскерің болды үш бөлек.
Ақылдасып қайтуға,
Болатын істі айтуға
Өзіңдей бізге ер керек.
Жау қамаса тар жолға,
Бұзып жарып шығуға
Сонда бізге күш керек.
Он төрт мың қолға бас болып
Қарасай, Қази ер кетті.
Әскерін қойдай шұбыртып,
Өткелден аман бұл кетті.
Он үш мың қолға бас болып,
Содан соң Әділ бұл кетті.
Айқын сордың ішінде
Жалғыз аяқ жол кетті.
Жалғыз аяқ сор жолға
Қызылбас жауды қамаса,
Бұзып жарып шыға алмай,
Біз қалармыз бейнетке.
Қарасай, Қази ер еді,
Едіге ердің сүйегі
Кескілеспей басылмас.
Найзағай бұлттың сойы еді,
Жумай, сірә, ашылмас.
Орақ пенен Мамайдың
Қарасай, Қази ұлы еді
Дұшпан жаудан қайта алмас.
Шаттанысып келеді,
Толса да,сірә, төгілмес.
Найзағай бұлттың сойы еді,
Қысқа көшіп қайта алмас.
Қызылбастың жауынан
«Жеңілем» деп айта алмас.
Ашуланып шапса қалаға,
Соңынан кеткен Әділдің
Қамауда қолы қалады.
Қамаса қолын сор жолға,
Шыға алмас қолы далаға.
Осы сапар ер Әділ
Асылық айтып келеді.
Осы айтқаным болмасын,
Әділ жауда қалмасын.
Қарасай, Қази қос батыр
Қызылбасқа барған соң,
Бір қаланы алған соң,
Қызылбастың әскері
Тауға қарай салмасын.
Жалғыз аяқ тар жолды
Бізден бұрын алмасын.
Қырымнан келген көп әскер
Қамауда сөйтіп қалмасын.
Осы жерден қайтайық,
Болатын істі айтайық.
Бұрын барып тар жолдың
Аузын алып байқайық.
Тауға жылдам баралы,
Тау басынан қаралы.
Қызылбас көрінер күн болса,
Осы жерде іс болар.
Аламанды алдырмай,
Біреуін жауға қалдырмай,
Аман алып шығалы.
Бәріңе айтқан кеңесім:
Баспалық жаудың жебесін,
Қол бастаған Қоянақ
Қартым, қалай көресің?
Мақұл десең, Қоянақ,
Кейін қарай жүресің.
Сонда қартың сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Қоянақ қартың мен едім,
Көпті көрген нең едім.
Бұл сөзіңді, Ахмет,
Мен де тәуір көремін.
Мақұл да болса, батыр-ай,
Бір қайырылмай артыңа-ай,
Кейін қарай қайтқаның
Ылайық па атыңа-ай?
Қарасай, Қази, жас Әділ
Жан жолдасың емес пе,
Хабар алмай солардан
Барасың кейін қайтып-ай.
Бір хабарын алсайшы,
Шырағым, бүгін жатып-ай.
Ахмет сонда сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Ау, Қоянақ қартым-ай,
Амандық ерге артық-ай.
Түспелік,—деп,—сор жолға
Айтып тұрған ақыл-ай.
Жау қамаса сор жолға-ай,
Сорға түсіп қырылар
Ізіңе ерген халқың-ай,
Әскерің қалар тұтылып.
Боз тұлпармен, Қойеке,
Кетерсің өзің құтылып.
Өзің аман шығарсың,
Әскеріңді қырарсың.
Ізіңе ерген әскердің
Обалына қаларсың.
Қартым, ойлап қарашы-ай,
Осы ақылымды аларсың.
Ахмет ақыл айтады,
Ақылмен алдын байлады.
Қоянақ қартың түсініп,
Бұ да кейін қайтады.
Қарасай, Қази—қос батыр
Қазбан деген қаланы
Шулатып жесір алады,
Алды малға толады.
Қызылбастың көп қолы
Тауға қарай салады.
Айсаның ұлы Ахмет
Әулие десең болмай ма,
Айтқанындай болады.
Жалғыз аяқ тар жолға
Екі әскер таласып,
Үш күн ұрыс салады.
Айсаның ұлы Ахмет
Қызылбасты қиратып,
Жолды тартып алады.

Тағы оқыңыз