Қарасай—Қази (4-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 4 мин оқу
Әруақты туған Едіге
Ерегескен ханды өлтірген,
Басын кескен деп еді.
Сенің атаң—Мұханбет,
Төре едің тегіңде,
Тегіңде ерлік жоқ еді.
Бір перзент үшін зарланып,
Сенің атаң сол еді.
Осы жерде мен қазір
Шұбар атқа мінейін,
Шұбалаңдап желейін.
Атың болса, батыр-ай,
Мінші Әділ атыңа-ай,
Өлшеуіңді көрейін.
Осыны айтып ер Қази,
Шұбар атқа мінеді,
Шұбалаңдап желеді.
Орақтың туын алады,
Оттай қаулап жанады.
Таласып тұрған тар жолға
Қолды бастап барады.
Жалғыз аяқ тар жолға
Әскерін айдап келеді,
Зордан құлап барады.
Сол уақытта ер Әділ
Таудан құлап барады,
Жолды байқап қарады.
Жолдың қиын екенін
Көзі көріп қанады.
Жан ашитын болмаса,
Жалғыздықтың жаманы.
Жалғыздық түсіп басына,
Тұра алмады табаны.
Қарасай, Қази досына
Келіп сөйлей береді:
—Қарасай, Қази ер едің,
Менің досым сен едің.
Екі досым болмаса,
Жоқ еді менің сенерім.
Қиын жолды көргесін,
Қайғыланды жүрегім.
Қайғыланбай не қылсын,
Алды-артыма таяу жоқ,
Менде аға-іні жоқ,
Жанашырға кем едім.
Екі досым ат салып,
Алып шығар деп едім.
Енді жауға кіреміз,
Ат құйрығын өреміз.
Екі досым, сендерге
Көңілімді айтып білдірдім,
Өздерің ойлап білерсіз.
Сонда Қази сөйлейді:
—Әділ досым сен едің,
Сенің досың мен едім.
Қарасай жауда қалғанда,
Сені алармын деп едім.
Бұрынғы көңілім сол еді,
Бұл көңілді біл,—деді.
«Кем тудың,—деп,—атадан,
Тиімсіз қатты сөйледің.
Қинап салдың көңіліме,
Талабыңнан көрерсің,
Өз обалың өзіңе,
Жүре бер, Әділ, жөніңе.
«Орақ» деп жауға тиерміз,
Шұбыртып айдап жүрерміз.
Қарындастың ары үшін,
Қара ноғай қамы үшін
Жауда қалсаң, Әділім,
Сонда іздеп шабармын.
Ер Әділ сонда сөйлейді:
—Өлерімді білгенмін,
Мен атадан туғасын,
Беліме жарақ буғанмын.
Жалғыздық маған келгеннен
Жалғыз болып жүргенмін,
Қайратыма сенгенмін.
Онан дағы жақсы еді
Жауға барып өлгенім—
Деді дағы ер Әділ,
Ызаланып долданып,
Алтын туын қолға алып,
Көп әскерге қарамай,
Әділ шауып жөнелді.
Қази көріп шапқанын,
Атына мініп алады.
Баратқан шауып Әділге
«Тұр» деп айқай салады.
Қуып келіп соңынан:
—Әділ, қайда барасың,
Жолға неге шабасың?
Жол менікі шабатын,
Менен қалай аласың?
«Аламын» деп тұрғанда
Қас бәлеге қаласың.
Менен бұрын жол алмақ,
Қала бұзып қала алмақ,
Келе ме, Әділ, қолыңнан?
Аулақ кет, Әділ, жолымнан.
Жолымды бер, Әділ, өзіме,
Ере бер, Әділ, соңымнан.
Соңында Әділ сөйлейді:
—Шапқан Әділ тұра ма,
Атының басын бұра ма?
Өзі болған жігіттің
Ата тегін сұрама?
Қаза жетпей өле ме,
Қорлыққа Әділ көне ме?
Жол менікі дегенге
Жолын Әділ бере ме?
—Жолымды қорқып бере алман,
Қорлығыңа көне алман.
Қорқып берер мен емес,
Қорқып беріп жолымды,
Жаманға болман келемеш,
Сенен қорқар мен емес.
Мықты болсаң, тартып ал,
Жолымды саған бере алман,—
Деді дағы ер Әділ,
Қайырылмады жолынан.
Алтын туын көтеріп,
Тастамады қолынан.
«Ұрысайын,—деп,—бір жерден,
Қази шықты алдынан.
Атайын,—деп,—бір жерден,
Суырып алды оғынан.
Екеуі жолға таласып,
Салуға қару таянды,
Достығын бұлар бұзады.
Таласып жолда тұрғанын
Қарасай батыр көреді.
Бұл ақылға кең еді,
«Өзім барсам, болмас» деп,
Қоянаққа келеді,
Келіп сөйлей береді:
—Ау, Қоянақ бабам-ай,
Көпті көрген данам-ай,
Қази менен Әділдің
Табан жолға таласып,
Ұрысайын деп тұрғанын
Тапсырамын саған-ай.
Екеуі екі көзім-ай,
Менің де өтпес сөзім-ай.
«Інісіне Қарасай
Болысуға келді» деп,
Досымның келер көңіліне-ай.
Көпті көрген ер едің,
Сен ақылға кең едің,
Тату қылып жібер,—деп,
Тапсырып тұрған мен едім.
Қоянақ қартың келеді,
Келіп сөйлей береді:
—Қырымның ханы бас Әділ,
Қырық мың қолға бас Әділ,
Досыңменен, шырағым,
Болып жүрме қас, Әділ!
Асыл туған Әділім,
Әр жерге жетіп дабылың,
Ешкім нәрсе ете алмас
Алланың берген бағына.
Қырық мың әскер қол еді,
Қол бастаған сен едің.
Жол менікі дегенің
Сенікі де жөн еді.
Жөн де болса досыңа
Жолыңды, Әділ, бер,—деді.
Басыңа қиын іс түссе,
Пайдасы тиер ер,—деді.
Әділді сөзбен тоқтатты,
Қазиға жетіп келеді,
Келе сөйлей береді:
—Орақтың ұлы ер Қази,
Жолын берді, сыйлады,
Тұрмаймысың ер Қази?!
Арғы атаңды сұрасам,
Баба Түкті Шашты Әзиз
Әулие шайқы пір еді.
Одан туған Едіге
Керемет-ті ер еді.
Сенің атаң қанды Орақ
Едіге ердің ұлы еді.
Қарсы келген хандарды
Тай құлындай талпынтып,
Басын кескен деп еді.
Атаң Орақ болған соң,
Жол менікі дегенің
Сенікі де жөн еді.
Жолыңды алдың, шырағым,
Жолың болсын оң,—деді.
Ашуды тастап, көрісіп,
Досыңменен тату бол.
Қызылбастың жауына,
Тас өткелдің аузына
Қолыңды бастап жүр,—деді.