Қарасай—Қази (11-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 4 мин оқу
Қолтығынан сүйесем,
Бір жағынан демесем,
Тау басына жетер ме.
Ашуын қайрап келтірсе,
Кезеніп батыр кетер ме,—
Деді дағы, ер Қази
Қасына жетіп келеді.
Қан құсып тұрған ағасын
Қази сонда көреді.
Жараны Қази көргесін,
Көзінің жасын төгеді.
—Нағылып тұрсың, аға,—деп,
Қызылбастан жара жеп,—
Келіп сөйлей береді:
—Нағылып тұрсың, Қарасай,
Батып тұр ма жаныңа-ай
Жаудың салған жарасы-ай?
Жауға сырын алдырмас,
Бітпесе ердің қазасы-ай.
Азда болса көп болар
Сабырсыз ердің жарасы-ай.
Мұнша неге кем болдың,
Екеуміз де, Қарасай,
Бір кісінің баласы-ай.
Осындайда ашылар
Жақсы менен жаманның
Екеуінің арасы-ай.
Атадан бірге тусақ та,
Туыпсың жаман шамасы-ай,
Қылыш тисе морт етіп,
Айтушы еді анам-ай,
Ана сыншы балаға-ай.
Атадан бірге туса да,
Бәрі бірдей бола ма?
Атамыз Орақ ер еді.
«Қарасай адам болмас» деп,
Атамыз солай деп еді.
«Қазижан жауға барғанда,
Бұзар деп еді жебені».
Қарасайды туғанда,
Кем болатын себебі:
«Мысырдың қара тасына
Жерік болдым деп еді.
Сол себептен Қарасай
Кем болып туған деп» еді.
Қарасай сонда сөйлейді:
—Айналайын, қарағым,
Менімен ісің болмасын.
Мені қорғап жүргенде,
Өзің түсіп қаларсың.
4-310
Жауда қалған ағаңды
Ахиретте табарсың.
Қарасай, Қази ер еді,
Жолынан үміт үзеді.
Үміт үзбей не қылсын,
Жарасы мықты жүдетті.
Жарасы мықты болғансын,
Сүйеп жүрді інісі,
Сүйеніп жүрді ағасы,
Мықты көрді жарасын.
Әсіресе бір жара
Келді құртып шамасын.
Жараны мықты көреді,
Қайғыны мықтап шегеді.
Ағасының жарасын,
Қуатының кеткенін
Жараны көріп біледі.
Келіп басын сүйеді,
Қолтығынан демеді.
Осындайда болмаса,
Жақынды неге тілейді?
Туысқанның себебі
Тарықса тиер көмегі.
Туғаны жоқ жалғыздың
Жауда қалар сүйегі.
Қарасайды қалдырмай,
Қази сүйеп келеді,
Жараны көзі көреді.
Қаны судай ағады,
Қанын сүртіп алады.
Ағасын сүйеп жетектеп,
Жаудан шықты амалдап.
Ағасын алып аяндап,
Айдын көлге құлады.
Ағасының жарасын
Көлде жатып бағады.
Ақ дәрісін аюдың
Жарасына жағады.
Он күн бағып ағасын,
Жарасын жазып алады.
Енді қайтып бара алмай,
Досын іздеп таба алмай,
Арманда болып екеуі,
Қайтып кетіп барады.
Әділ досы шырқырап
Баяғы орда қалады.
Әлқисса, ал, енді Қарасай жаралы болып, інісін жаудан алып шығады. Әділге қайта бара алмай қайтады. Енді қызылбастар ұрыс басылғасын, ұрыс болған жерде қандай адам өлді, қандай зат қалды деп іздеп жүрсе, қараңғы орда жатқан бір баланы көреді. Ұстайын деп барған қызылбасты ұрып өлтіреді.
Әділдің түскен орына
Көп қызылбас келеді.
Қараңғы орды жап-жарық
Қылып жатқан Әділді
Олжа теріп жүргенде
Көп қызылбас көреді.
Осы келген қызылбас
Бұл соғыста жоқ еді.
Әділді қырған қызылбас
Қарасанның қолы еді.
Қарасан деген батыры
Бәрінен де зор еді.
Үш бөліп үш жерден
Соғыс салды деп еді.
Көп олжаға тап болып,
Қызылбас олжа тереді.
Олжа теріп жүргенде,
Көп қызылбас келеді,
Жас Әділді көреді,
Таласып орға түседі.
Бірінен-бірі қызғанып,
Мен ұстаймын деседі.
Сол уақытта Ер Әділ
Қызылбастың үстіне
Топырақты шашады.
Қолына түссе, жібермей,
Жолбарыстай басады.
Ұстай алмай қызылбас,
Ордан шыға қашады.
Оң келгенін оң ұрып,
Сол келгенін сол ұрып,
Терең ордың ішінде
Жауменен ұрыс салады.
Әділді ұстап ала алмай,
Қасына жақын бара алмай,
Қызылбас жаман сасады,
Ордан шыға қашады,
Далаға шығып тұрады.
Жүгіріп жүріп ер Әділ
Қолына кесек алады.
Қамап жүрген жауына
Жіберіп келіп қалады.
Бірінің көзін шығарып,
Біреуінің басын жарады.
Ұстай алмай қызылбас,
Бір бәлеге қалады.
Көп қызылбас кеңесіп,
Ақыл айла табады.
Қолдарына қызылбас
Бір-бір белді алады.
Топырақты құлатып,
Төбесінен құяды.
Топырақпен бастырып,
Әділді ұстап алады.
Мықтылығын білгенсін,
Екі қолын қайырып,
Сірлеп құрсау салады.
Қолөткіл салып темірден,
Шынжыр тағып мойнына,
Ордан алып шығады.
Қолға түскен ер Әділ
Екі қолы сірлеулі,
Енді не амал қылады?
Қолға түсіп қор болып,
Көзі жайнап тұрады.
Қамап тұрған қызылбас:
—«Жөніңді айтсаң жіберем.
Жіберейік, бейшара,
Бұл не деген жер еді,
Әрбір жерден зор еді.
Ер әулие Едіге
Бұл келмеген жер еді.
Едіге ұлы Нұрадын
Бұл келмеген жер еді.
Ақ Сұлтаны халықтың
Бұл келмеген жер еді.
Он екі ханның елі еді,
Әр патша да зор еді.
Аттанып келген жеріме
Қол бастаған кім еді,
Айтшы болыс жөніңді?
Сонда Әділ сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Қамап тұрған қызылбас,
Қолыңа түсті біздің бас.
Аяқ-қолымды босат,—деп,—
Жібер,—деп саған жалынбас.
Аты-жөнімді сұрасаң,
Менің атым—ер Әділ,
Қорқып атын жасырмас.
Қорыққаным бола ма,
Жалынбаймын саған-ай.
Қырық мың әскер қолменен,
Жалғыз аяқ жолменен,
Үш бөлініп, үш жерден
Тиісіп едік қалаңа-ай.
Алдыңғы тиген көп әскер
Қарасай, Қази—қос батыр
Шапқан шығар қалаң-ай.
Екінші әскер мен едім
Жалғыз аяқ сорыңа
Түскенімде қырылдым.
Ортаға алдың қамалап,
Қамап қырдың бәрін де.
Қолымды қорғап тұрғанда,
Ортасынан сарт етіп,
Садағым екі бөлінді.
Тұлпарым орға жығылып,
Өмілдірік үзіліп,
Еріменен сыпырылып,
Сыпырылып мен түстім.
Қараңғы ордың ішінде
Таба алмадым жөнімді.
Қыдырып жүріп қызылбас
Мені көріп жұмылдың.
Ұстаймын деп тұрғанда
Талайыңды өлтірдім,
Ұстаймын деп жүгірдің.
Ақыл тауып тағы да,
Қазған ордың ішіне
Топырақты суырдың.
Көрсетпедің көзімді,
Есітпедің сөзімді.
Топырақпен бастырып,
Ұстап алдың өзімді.
Атаңа нәлет қызылбас,
Білгенің болса аянба,
Мен де саған бір күні
Көрсетермін көріңді,
Жеткізермін өлімді,
Босатса Құдай қолымды.
Менің де жөнім сұрасаң,
Мен Қырымның ханы едім,
Қол бастаған ер едім.