Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (24-бөлім)

Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 4 мин оқу

Қарасай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Арғы атам менің—Едіге,
Өзімнің әкем—Орақ ер
Ата жауын жаулаған.
Мен сол ерлердің тұқымы
Бір бағыттан аумаған.
Батырсың ба, қызылбас,
Алдыңда тұр, асықпа,
Ажалдың қақпан көгені.
Менің әкем ер Орақ
Сендей сасық дәулердің
Басын кесті деп еді.
Қаласын өртеп, күл қылып,
Батыр, ханын құл қылып,
Өлерінде ер Орақ
Қаласын шапсын деп еді.
Бір арманы осы еді,
Әкенің болар дегені.
Әшке батыр, әзірлен,
Қаһарланып ұмтылсам,
Сендей дұшпан өледі.
Олжа беріп ат-тоңды
Сыйламан сендей немені.
Әшке батыр, көзіңді аш,
Алдыңдағы қос жетім
Жан алғыштың өзі еді.
Сөйдеді де Қарасай,
Батырға берді кезегін.
Сол уақыттары Әшке
Ашуланып қарленді,
Айдаһардай зәрленді.
Бірінші кезек жолды алды,
Жауар бұлттай торланды.
Қос жетімнің сөзіне
Өлердей жаман арланды.
Піл көтермес шоқпарды
Сонда батыр қолға алды.
Қарасай батыр сол жерде
Қасқайып қарап тұрады.
«Қор қылма,—деп,—дұшпанға,
Алладан пәрмен сұрады.
Сол уақыттары қара дәу:
—Өлер жерің осы,—деп,
Шоқпарменен ұрады.
Жылдамдығы соншама,
Қызылбастың батыры
Садағын кезеп тартады.
Қарасайдай батырдың
Дал-дүл болды қалқаны.
Ат артына сүйрету
Қолында ұзын арқаны.
Қарасайдай батырдың
Басын кесіп алуға
Рахымсыз бұл дұшпан
Оңтайлады балтаны.
Қарасайға жібермей,
Көрінбейді көзіне,
Желкеден біреу тартады.
Әшке деген батырдың
Әр жерге кеткен атағы.
Шоқпарменен ұрғанда,
Сол уақыттары Қарасай
Ақыл-естен айрылып,
Ат жалын кұшып жатады.
Жануар тұлпар Қызыл ат
Тізеден жерге батады.
Есін жинап Қарасай,
Көзін ашып қараса,
Қызылбас тұрған алқынып,
Сілтеуге қылыш талпынып.
Сол уақытта Қарасай:
—Кезегімді бер,—деді,
Әлін білмес сасық құл,
Қайратымды көр,—деді.
Деді дағы Қарасай,
Әруағы тасып өрледі.
—Жаның кетсін жаһаннан
Обалың жоқ, өл,—деді.
Сыбағаңды берейін,
Берегірек кел,—деді.
Деді дағы Қарасай,
Оғын салып кіріске,
«Дәл кіндіктің тұсы» деп,
Тартты батыр жебені.
Батырдан өтіп сұр жебе
Аударды барып төбені.
Тау тұмсығы шоқыдай
Аударылып атынан
Әшке батыр өледі.
Бір батыры өлгесін,
Ортаға шықты атпенен
Қарасын ұлы Арыстан.
Ер Қазиға ақырды:
—Жақында,—деп,—алыстан
Қызылбас, қалмақ, ноғайға
Батырлығым танылды.
Ат-тоныңды шешіп бер,
Алармын қазір жаныңды.
Көп сөйлесіп таныспан,
Сырласар досың көк сүңгі.
Қынаптағы қылышпен
Жаның кетер жаһаннан
Болсаң да, батыр, данышпан.
Жарасын патша әкеміз!
Ноғайлының хандарын,
Шырқыратып хандарын,
Табанға салып жанышқан.
Сендей есер-жарымды
Тай-құлындай бауыздап,
Ел-халқыңды талқандап,
Аударсам еді қоныстан.
Осыны айтып ісінді
Дәу перідей пішінді.
Қаңғырған сендей жетімге
Көрсетермін күшімді.
Шоқпарменен ұрғанда,
Бас сүйегің ұн болар,
Сындырсам азу тісіңді.
Айбарын төкті қарленіп
Қарасын ұлы Арыстан.

Сонда Қази сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Асықпа, батыр Арыстан,
Көрсетермін көріңді,
Жеткізермін өлімді.
Қонысынан аудару
Қолыңнан келмес, сасық құл,
Қырымда жатқан елімді.
Тапқанша Әділ досымды
Талқандармын жеріңді.
Анықтап қара, қызылбас,
Жан алғышың мен болам.
Әзірлеп қойдым алдыңа
Жататын қабір-көріңді.
Құтылмассың сен бүгін
Қарт бурадай шабынып,
Көбігіңді шашсаң да.
Білгеніңді аяма,
Қапыда кеттім дерсің сен,
Жүрексініп жасқанба.
Алдымда тұрған қызылбас,
Құтылмассың қашсаң да.
Бірінші кезек сенікі,
Әзірлен енді, батырым,
Ұрысыңды бастарға.
Сөйдеді де ер Қази,
Қасқайып қарап тұрады.
«Әлін білмес неме» деп,
Салармын найза жебелеп.
Айрылар еттен сүйегің,
Мен жітірсем аспанға.
Сол уақыттары болғанда,
Арыстан батыр толғанды,
Көк найзасын қолға алды.
«Абыройым үстем болғай» деп,
Ілгері қарай қозғалды.
Бірінші кезек жолды алды,
Найзағай ойнап көзінен,
Жауар бұлттай торланды.
Шауып өтіп тұсынан,
Шоқпарменен бір салды.
Арыстандай батырдың
Қайрат күші артады.
Тұла бойдан әл кетіп,
Қази батыр қорқады.
Соққысы қатты болғасын,
Сүрініп барып түзелді
Қазидің мінген тұлпары.
Көзін ашып қараса,
Ортасынан бөлінген
Қолындағы қалқаны.
Әшке батыр өлгенсін,
Қызылбас ері Арыстан
Өлтіруге Қазиды
Бар айласын істеген.
Шоқпарменен ұрғанда,
Ұмтылып еді күшпенен.
Сынса да қорған қалқаны,
Қази аттан түспеген.
Қазидың келіп қасына:
—Өлмей қалдың, сен, қалай,
Тигенде шоқпар басыңа?
Арыстан батыр ақырды,
Басыңды көтер, бері қара,
Ер кезегі үш деген.
Әшке дәудің жолына
Құрбандық қылып шалам,—деп,
Атыңнан қазір түс деген.
Алыссаң, әлің келмейді,
Жеті мүшең қираған,
Енді сені сыйламан.
Назар салып қарасам,
Кетті ме бойдан қайратым.
Бір ұрғаннан жақпадым
Айбарым күшті ер едім.
Адам емес перісің,
Қорқып менен ықпадың.
Арыстан батыр толғанды,
Қара басын қорғауға
Қалқанын батыр қолға алды.
Қызылбас батыр арланып,
Өзіне-өзіне өкпелі.
—Келіспеді сапарым,
Бойымда қайрат көп,—деді.
Арғы тегім—ақсүйек
Белгілі ата-тек,—деді.
Орақ, Мамай дегенің
Адам емес, пері ме?
Алдымда тұрған балаға
Қалай әлім жетпеді?!
Жын пері демей не дейін,
Мың кісіге бір өзім
Айтулы ердің өзі едім.
Қарасындай патшаның
Жарық сәуле көзі едім.
Әшке дәуден айрылып,
Басымыздан бақ тайып,
Кеміген шығар беделім.
Қази батыр қайратты,
Айдаһардай айбатты.
Әлім келмес алыссам,
Бет алды қатты, сеземін.
Арыстан сонда ақырды:
—Қази батыр, жолыңды ал,
Келеді,—деді,—кезегің.
Қази сонда толғады,
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды.
Көп оғының ішінен
Суырып алған сұр жебе
Көп оғына жол салды.
Садағын алып қолына,
«Қақ жүректің тұсы деп,
Қақ жүректен шаншылды,
Қазидың болды дегені.
Қызылбас аттан құлады,
Он бес қойдың терісі
Басына киген тұмағы.
«Асқар таудай күшім» деп,
Өзіне сенген неме еді.
Сол уақыттары болғанда,
Екі батыр өлгесін,
Қызылбас салды ұранды.
Жүз мың екен әскері,
Көбейіп басы құлады.
Қарасай, Қази—қос батыр
Қайтпады жаудан жүрегі,
Маңдайын жауға тіреді.

Тағы оқыңыз