Қарасай—Қази (21-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 2 мин оқу
Ақташа ханнан бата алып,
Қарасай батыр жөнелді.
Қырымды түгел аралап,
Осы еді батырың
Назарын салып көргені.
Астындағы Қызыл ат
Ақ көбік болып терледі.
Қанша елге келсе де,
Аттануға дұшпанға
Жүретін емес өлсе де.
Тауы қайтып бәрінен,
Қайтты батыр теңселе.
«Қызылбастың сапары
Қазулы жатқан көр,—деді.
Жеті басты айдаһар
Барғаны қайтып келмейтін
Естіліп жатқан хабар бар,
Бізді жалмап жер,—деді.
Айдаһар демей не дейміз,
Қырық мың әскер Қырымнан
Кешегі кеткен сапарда
Жиырма мың болды өлгені.
Ажалы жетпей дұшпаннан
Он мың еді келгені».
Уайым айтып көп халық
Батырға әскер ермеді.
Ашуланып, долданып,
Алмас қылыш қолға алып,
«Қанша батыр болсақ та,—
Деп ойлады Қарасай,—
Абыройлы елге болмадық».
«Қарашаш ана, Қази» деп,
Қарасай батыр келгені
Сол уақыттары толғанып,
Ақ жаулығын қолға алып,
—Орақ батыр, Мамайдай
Елге қамқор болмадық.
Қарасай, Қази қарағым,
Кел екеуің аттаның,
Жатпаңыз үйде қорланып,—
Деді дағы, Қарашаш
Балдарына сөйледі:
—Едігедей атаңның
Анасы еді Құралай.
Перінің қызы анаңыз
Ол «балам» деп ораған
Бар еді үйде жөргегі.
Жеті атаңнан бері қарай
Жоғалтпастай мұра деп,
Сол еді көзім көргені.
Қарасай менен Қазиға,
Екеуіне кигізді
«Едіге атаң исі» деп.
Мысалы сауыт сықылды
Алтын шайған өрнегі,
Сарғыш тартқан көйлегі.
—Жалаңаш жаумен соғысып,
Балам енді көр,—деді.
Бұл үйден шықпас мұра еді,
Едіге атаң, Нұрадын,
Одан бергі хан Мұса,
Өзіңнің әкең Орақ ер,
Содан енді бері қарай
Сақтаулы үйде тұр еді.
Қарасай, Қази балдарым,
Сендерге әскер ермеді,
Сол себепті анаңның
Сендерге енді бергені.
Қызылбаспенен соғыссаң,
Әруақ қысып бойыңды,
Тұла бойың терлейді.
Ұстайын десе қалың жау
Сені балам көрмейді.
Осылай деп Қарашаш,
Балдарға берді батасын.
Деді:—Балам, жатпағын,
Байлаулы тұлпар аттарың.
Қару-жарақ бәрі сай,
Кідірмей қазір аттаның.
Жібектен тіккен қалта бар,
Түюлі азық заттарың.
Жеті атаңнан жеті асыл
Түюлі жатқан бұйым бар,
Сарыжаға тартар оқты алың.
Әділдің еріп қасына,
Олжалы қайтсын қапталың.
Жиырма күннің ішінде
Әділді алып келем,—деп,
Бәйбикеш пенен Ілияға
Барып балам мақтаның.
Сонда Қази сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Сапарымыз оң болар,
Атадан қалған мұраны
Үстімізге жамылдық
Көрінбей жатқан үйдегі.
Қарашаштай анамның
Осы болды қарасам,
Тарыққан жерде есіркеп,
Біздерге пайдаң тигені.
Ақ сүт берген анашым,
Ақылға кәміл данасың.
Жек көрмейді анасы
Өзінің туған баласын.
«Ер жетсін,—деп,—сәбиім,
Алтын бесік тербетіп,
Ақ бетінен сүйгені.
Кешегі барған соғыста
Алты күндей қан кешу.
Жабылып бәрі атса да,
Дұшпанның оғы тимеді.
Шағылып тауып дұшпаннан
Әділ досым тұтқында
Алты арбаны сүйреді.
Құдайласқан досымды
Құтқарайын азаптан.
Қабырғам қаусап, күйреді
Аман болсам келермін,
Қазам жетсе өлермін.
Шешесіне ер Қази:
—Анашым, беттен сүй,—деді.—
Деді дағы, батырлар
Тұлпарына мінеді,
Сауыт-сайман киеді.
Сылти басып Қарашаш,
Қарасай менен Қазидың
Бетінен кезек сүйеді.
—Қарасай, Қази балдарым,
Оң болған,—деп,—сапарың,
Қарашаш ана күледі.
Әділге аман қосылу—
Осы сапар оң болса,
Қарасай, Қази тілегі.
Қарашаш, Қибат батырлар
Қырымға қарай жүреді.
Ертең сәске болғанда,
Бәйбикеш ханым Ілияның
Ордасына келеді.