Қарасай—Қази (19-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 3 мин оқу
Бұдан басқа қызылбас
Айла-ақыл таппады.
«Қарауыл болып Әділге
Бұзып шығып кетер» деп,
Үш мың әскер сақтады,
«Алмас зындан берік» деп.
Талай ерлер түсулі,
Ішінде сүйек, өлік көп.
Ішінде жатып ер Әділ,
Қураған адам сүйегін
Бір жерге бәрін үйеді,
«Өзіме жолдас, серік» деп.
Осылайша дұшпандар
Зынданның аузын жабады.
Тапқан айла-амалы
«Құтылдық,—деп,—тажалдан,
Алдағы қауіп ажалдан»
Жан-жаққа бәрі тарады.
Екі көзі төрт болып,
Амалы жоқ Әділдің
Жалғыз өзі қалады.
Әлқисса, «Алмас» зынданда ер Әділ жата берсін, ендігі хабарды Қырымнан естілік.
Қырымға кеткен қара құс
Қанаты күміс, мойны мыс.
Аман жетсе бұл сәлем,
Орындалар бар жұмыс.
Ер Әділдің анасы
Жел жағының панасы.
Өлі-тірі хабар жоқ,
Сол түні жатып зарлайды
Қызылбаста қалғасын
Әділ жалғыз баласы:
—Жалғызым аман келмесе,
Қалай болар артымыз?
Жалғызым қолдан кеткенсін,
Бүтін емес, жартымыз.
Жан-жағыма қарасам,
Бұрынғы орда қалам жоқ.
Мен зарланбай қайтейін,
Қолымда Әділ балам жоқ.
Ел-халықтан айрылған
Біз бір жетім-жалқымыз
Қоралы қойдың ішінде
Сорлының жалғыз тоқтысын
Қасқыр тартып жегендей.
Көп ішінде шаншылып
Бізге тиді қамшыңыз.
Көз ұйқыға кеткенше,
Жалғызын айтып жоқтайтын
Үйреншікті салтымыз.
Ғайып ерен жеті пір,
Ақ шалмалы пірадар,
Қасиетің бар болса,
Қайғыдан жақсы өлім бер,
Бейнеттен сөйтіп аршыңыз.
Ойлап енді қарасам,
Көп қайғыдан пайда жоқ,
Жарық дүние бізге жоқ,
Бұл тілегім дұп-дұрыс.
Осыны айтып Бәйбикеш,
Қайғымен ұйықтап қалады.
Ұйықтап жатып көрді түс,
Қанаты күміс, мойны мыс
Ордасына кіріпті
Бір керемет сұңқар құс.
Қуарған бақтар гүлденіп,
Бұл қалайша білмедік
Иісі жұпар аңқыған
Пісіп тұрған бар жеміс.
Жығылған орда түзелген
Перінің үйі сықылды.
Алтын шайған бәріне,
Салтанатты теп-тегіс.
Ордаға дұшпан кіре алмас,
Қақпа аузында бар екен
Айбары күшті жолбарыс.
Бір дыбыс келді құлаққа
«Жоғалғаның табылып,
Бақытың қонды басыңа,
Қайғылы-мұңды болмаңыз.
Түрегел,—деді,—орныңнан
Іздегенің ордада,
Бәріміз қазір сондамыз».
Сол уақыттары Бәйбикеш
Ұйқыдан шошып оянды-ай.
Қан жүгіріп бетіне:
«Бердің бе,—деп,—тілекті,
Жасаған Жаппар бір Алла-ай.
Шырағым, қызым, түрегел» деп,
Ұмтыла берген кезінде,
Жығылды сорлы тұра алмай.
Сол уақыттары Ілия қыз
Ұйқыдан көзін ашады.
Қуанғандай «түсім» деп,
Көңілі судай тасады:
—Ақ шалмалы бір адам
Үйге кірді нұрланып,
Қолында ұзын асасы.
«Оң болсын,—деп,—тілегің,
Қуанар,—деді,—жүрегің.
Қолыңды жай, қызым» деп,
Сақалын сипап ақ тілек
Біздерге бата жасады.
Сол мезгілдер, анашым,
Көктің нұры төгілді,
Үстімізге сіркіреп.
Есіз қалған ордамыз
Қарасам Иран бағындай,
Жалғызым Әділ табылғай.
Жиылған ойын-күлкі көп,
Қисайған орда жөнделіп.
Күні-түні зарлауым—
Ойласам тек пенделік.
Патшаның үйі сықылды
Жиналған дүние-мүлкі көп.
Алтын айдар басымда,
Әділім жалғыз қасымда,
Алтын таққа мініппін.
Дұшпаныма айбарлы
Отырмын келіп күркіреп.
Ұмтылғанда дұшпанға
Қарасай, Қази—қос батыр
Қашып бәрі дүркіреп.
Түсіме кіріп жүр екен
Ақ шалмалы бір кісі,
Көкемнің пірі сол екен.
Қолына берді түйіншек,
«Бақ сарайдың кілті» деп.
Екі мұңды түс көріп,
«Менің түсім жақсы» деп,
Бірімен-бірі таласты.
Жақсы ырым қалайды,
Өздерінше бал ашты.
Түсінде көрген салтанат
Ойласа, қазір бірі жоқ,
Жан-жағына қарады.
—Түсіміз көрген қиял ғой,
Ойласам, қазір жел,—деді.
Жеті жыл болды Әділ жоқ,
Аман жүрсе Әділім
Іздеп неге келмеді.
Өлі-тірі хабар жоқ,
Жалғызым жаудан өлгені.
Жыласақ та күні-түн,
Біздерге тілек бермеді.
Ең болмаса сүйегін
Көрмедім жатқан көрдегі.
Жалғызым үйден кеткесін,
Салтанаты бұзылып,
Жоқ болды үйдің өрнегі.