Қарасай—Қази (10-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 2 мин оқу
Қази тұрып толғады-ай:
—Қош айтысып мен тұрмын,
Қарасай аға, саған-ай.
Жауда қалған досыңды
Іздейін деп тұрмын мен,
Жауап бер, аға, маған-ай.
Қарасай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Ау, Қазижан, қарағым,
Белге асынған жарағым
Сенің досың болғанда,
Менің досым емес пе?!
Сенен нағып қалайын,
Елге не деп барамын?!
Не де болса, шырағым,
Сенімен бірге боламын.
Қызыл атқа мінейін,
Шұбалаңдап желейін.
Құдай дескен досымды
Сенімен іздеп көрейін.
Жолдас болып қасыңа,
Қызығыңды көрейін.
Өлген жерде жүрейін,
Тілекті бірге тілейін.
Бауырым едің туысқан,
Өткіздің қолды қуыстан.
Қайырылар ма екен қызылбас
Бізбенен бірге ұрысқан.
Қайтып барып тағы да,
Өткізейік қылыштан.
Досың еді ер Әділ
Көкірегін таясқан,
Бар ма жан одан аясқан?
Тірі болса шабармыз,
Орнында тұрса жер, аспан.
Ау, Қазижан, қарағым,
Үйірінен адасқан
Әділді тауып біз алсақ,
Сонда бізге жарасқан.
Қарасай айтып осыны,
Інісіне қарады.
Екі батыр ер досын
Іздеп кетіп барады.
Қызыл-жасыл туларын
Қолдарына алады.
Жалғыз аяқ тар жолға
Қайта түсіп барады.
Тауды тастап қызылбас
Қайтқан екен қалаға,
Қалаға келіп шабады.
Қызылбастың ішінен
Әділ досын қарады.
«Әділ досым қайда?» деп,
Қарасай, Қази—қос батыр
Ұстап алып сұрады,
«Тауып бер» деп қарады.
Енді батыр тиеді,
Кіріп-шығып жүреді.
Оңы менен солына
Қарулары жарқылдап,
Тебінгісі салпылдап,
Қырып-жойып жүреді,
Қызылбасты алқымдап.
Жау жартыға таянды,
Досын іздеп екеуі
Басын салды ортаға.
Ерде ойы болғасын,
Бұлар жаудан қорқа ма?
Қызылбасқа шабады,
Әділ досын қарады.
Қара тұман шаң болып,
Шаң аралас қан болып,
Жауда Әділ ер қалды.
Қази менен Қарасай
Қызыл қанға боялды.
Алты күнгі соғыста
Аспан менен жер жанды.
Әділ досын таба алмай,
Қайда екенін біле алмай,
Қызылбастың біреуін
Ұстап алып сұрады.
Қызылбасты танымай,
—Әділмісің сен?—деді.
Қорыққаннан қызылбас
—Әділ досың мен,—деді.
—Әділ болсаң, досым-ай,
Кел артыма мін,—деді.
Мінгестіріп Қарасай
Алып шығып қараса,
Қызылбастың адамы.
Мұрнын кесіп шұнтыйтты,
Құлағын кесіп құнтыйтты.
«Өлер жерің осы» деп,
Басын кесіп бұлтыйтты.
Әділ досын екеулеп
Алты күндей іздеді.
«Табылар,—деп,—бір жерден»,
Күдерін олар үзбеді.
Екі тұлпар жануар
Сүйегі қызып ойнады,
Секіреді қояндай.
Соғыс қылды алты күн
Екі батыр аянбай.
Таусылатын жау емес,
Жау жартыға таянды-ай.
Алты күнгі соғыста
Қарасай болды жаралы-ай.
Ауық-ауық қан құсып,
Шыбын жаннан кешеді.
Тұрған екен таба алмай,
«Шырағым, Қази, қайда?» деп,
Қызылбастан найза жеп.
Найзасына таянып,
Жарасынан қан ағып,
Тұрған екен шақырып,
«Сүйеп шық,—деп,—ағаңды».
Төңірегі қызылбас
Тұрған екен қамалап.
«Қайда кетті ағам?—деп,—
Қызылбастан жапа» деп,
Қарасай тұрған зарланып.
Зарланып тұрған ағасын
Сонда Қази көреді.
Шұбар атты қамшылап,
Көзінің жасы тамшылап,
«Бауырым» деп шабады-ай.
Жетіп келді қасына
Ойлады батыр осыны:
—Жауынгер деп қарасам,
Асыл ердің сүйегі
Шығарар ма екен осылай.
Жанына тиіп қайрасам,
Найзағай бұлттың сойы еді,
Ашуланып түнерсем,
Жараға себеп етер ме.