Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (8-бөлім)

Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 2 мин оқу

Дәрбентте әскер көп екен,
Қаласы мықты зор екен.
Әділге аман қосылсақ,
Алармыз деп келеді,
Әділдің орға түскенін
Қарасай, Қази білмеді.
Тас өткелге келгенде,
Әділге ерген әскердің
Қырылғанын көреді.
Жоқ болғанын Әділдің
Екі досы біледі.
Досын жоқтап ер Қази,
Қарасайға сөйледі:
—Білдің бе, Құдай ұрғанын,
Дұшпанның көңлі тынғанын?
Хабар алмай досымнан,
Қырымды Құдай алғанын,
Досымның белі сынғанын.
Шұбар атқа мінейін
Шұбарлаңдап желейін.
Жауда қалған досымның
Өлі-тірісін білейін.
Өлмесем тауып алайын,
Досымды іздеп алмасам,
Таңда мақшар күнінде
Жүзін нағып көрейін?
Қырымға қайтып барғанда,
Шешесі сұрап тұрғанда,
Не деп жауап берейін.
Өлді деп күдер үзбейін,
Жауап бер, аға, іздейін.
Аман болсам келермін,
Қазам жетсе өлермін.
Жазатайым іс болса,
Ахиретте көрермін.
Қарасай сонда сөйлейді:
—Ау, Қазижан, туғаным,
Сен едің менің қорғаным.
Сені жалғыз жіберсем,
Көңіліме симай арманым.
Алдыңда биік жауың бар,
Қырғанменен таусылмас.
Көрмеген жауың тағы бар,
Қаратауға баралы,
Жау қамалын бұзалы.
Құдай берсе тілекті,
Жауда қалған досыңды
Сонан соң іздеп қаралы,—
Деді дағы, Қарасай
Қызылды ұстап жібермей,
Қаратаудың бауырында
Қол жөнелтіп барады.
Үш күншілік жол еді,
Тынбай жүріп келеді.
Намаздыгер шағында
Тау қарасын көреді,
Қарасай сонда сөйлейді:
—Ау, Қазижан, қарағым,
Алайық таудың бұлағын,
Суға қанып алған соң,
Бұзалық жаудың қамалын.
Жатқан жауды көрдің бе,
Табан жауды қамалап,
«Осы жолдан шығар» деп,
Жатқанын аңдып білдің бе?
Жау екен мықты, қауіпті,
Жолдың аузын жауыпты.
Жалғыз аяқ тар жолды
Бізден бұрын алыпты.
Жалғыз аяқ тар жолға
Қаланы мықтап салыпты.
Қас қарайып күн батсын,
Қаласына жау жатсын.
Қызылбасты алқымдап
Шығайын деп келеді.
Тау басына жақындап
Қиятасқа келеді.
Астындағы шұбардың
Болаттай еді тұяғы,
Тұяғы тастан таймады.
Қызыл қанға боялды
Ақ найзаның қияғы.
Қызылбасқа түсірмей,
Ізіне ерген әскердің
Алдын қорғап шабады.
Қылыш сермеп, оқ атып,
Қарағай найза қолында
Қызыл атты ойнатып,
Маңдайы жаудан аумады.
Көп қызылбас жабысып
Қарғадай шулап қалмады.
Осы күнгі соғыста
Қалмақтың бағы болмады.
Болады дейін неғылып
Қара құрттай жабылып,
Қарасайдың қолына
Тағы айқасты айналып.
Шықты қолды айырып
О да есеп, бұ да есеп.
Аламанын алдырмай,
Зордан шықты торығып.
Тауға шығып алғасын,
Қас қарайып күн батсын,
Қаласына жау жатсын,
Қызылбасқа тигенде,
Қызығымызға тау батсын.
Екі жақтан тиелік,
Қарсыласқан дұшпанды
Тау-төбе қылып үйелік.
«Ұмытпа,—деп ед,—атаңды
Қарашаш шешем аналық.
Қазижан, көзсіз батырсын,
Кетпеген бойдан балалық.
Орақ деген даусымыз
Қаратауды жарсын-ай.
Қаладағы әскердің
Құлағына барсын-ай.
«Қарасай, Қази келді деп,
Екі жақтан тиді» деп,
Дұшпаның қалсын сасып-ай.
Осы сөзді айтқанда
Қарасайдай батырдың
Көрінді айбар үнінен.
Қашып кетер қызылбас
Сай-салаға түнімен.
Қазиым, ойлап қараңыз,
Осы ақылым дұрыс па?
Мақұл көрсең, қарағым,
Батыс пенен шығыстан
Айқайлап ұран саламыз.

Тағы оқыңыз