Қарасай—Қази (3-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 4 мин оқу
—Кешегі сенің әкең Әліптейін қара Едіге батырмен бөле еді, соның баласы Нұрадын, одан хан Мұса, соның баласы Орақ деген осы. Сол уақыттарда Шәудір шал:—Жақсыдан қалған ұрпағым, көз алдымда шырағым,—деп, Орақты басып құшақтап сүйе берді. Бір мезгілде мауқын басып, Сайын мен Орақты «қонақ болың» деп үйіне ертіп алып барды. Қамыстан тоқыған төсегіне «жоғарылаң, төрлең» деп отырғызып, қонағасым мынау деп бекіре, жайын, шоқыр деп қазан толтыра ас сала берді. Қарашаш қазан басында аяғын сылти басып, тамақ жабдығына кірісе бастады. Тамақ жеп болғасын, қонақтар далаға шығып, келген жай-жапсарларын сөйлесті. Сонда Сайын құрдасы Мұса ханның тапсырған аманатын айта салды.
Сол уақытта Шәудір шал
Естіп жағдай хабарды,
Иілген белі түзеліп,
Нұрланды батыр ажары.
—Ризамын бөлеме,
Көңілде кірім тазарды.
Артымда қалған бір тұяқ
Қарашаш еді жалғызым.
Бұл қызымда әруақ бар,
Көтерілсе, көкке ұшады.
Иран менен Бағдаттың
Күні бүгінге дейін
Аралап қайтады базарды.
Оң болар, сірә, сапарым,
Орақ балам, айтайын,
Қасиетті атаң хан Мұса
«Шәудір шалға барсам» деп,
Аударған екен назарды.
Қанеки, балам, бері кел,
Берейін бата, қолың жай.
Мың дұшпаным келсе де,
Әл бермессің, алыссаң,
Боларсың алып қажырлы.
Сөйдеді де Шәудір шал,
Ауын алып қолына,
Жүріп кетті теңізге.
Жымиып қартың күледі:
—Екеуіне қарасам,
Лайықты жұптыдай
Бірге туған егіз бе?
Мен келермін қазір,—деп,
Қонағыңды жайлай бер,
Қарашаш балам, айтқаным,
Көргенсіз қыз дегізбе.
Далаға шықты Қарашаш,
Сыпатына қарасаң,
Қайтпас қайсар батырдай.
Ата жауын жаулаған
Қасиетті Шәудір шал
Жасынан қызын баулыған.
Сылти басқан табаны
Бір бағыттан аумаған.
Түзге отыра шыққанда,
Артынан шықты қонақтар,
Етегін қағып, тез қайтты.
Отырған жерін қарасаң,
Топырақ жанып лаулаған.
Көргесін қыздан қасиет,
Кемітіп жүрген ер Орақ
Тұла бойын тер басып,
Ұялып батыр жаураған.
Қайта оралып Шәудір шал,
Сөйлейді сонда қартыңыз:
—Жалғыз қызым сен едің,
Отырсың отау шыққалы.
Тартылған көзі бұлақтай
Құлазып қалар артымыз.
Ағайын-тума бізде жоқ,
Әзірше жүрген жалқымыз.
Ақ батамды бергенім,
Орақ батыр, Қарашаш,
Сапарыңыз оң болғай,
Хан ордаға тартыңыз.
Қайырымды ел,—дейді,—
Назарыңды салып жүр.
Ал, балдарым, жүре бер,
Мен қалайын,—деді,—аралда.
Қысылған жерде, балдарым,
Қамқоршы болғай бір Алла.
Орақ балам, айтайын,
Тәкаппар болып аспалап,
2-310
Салмашы көзіңді арамға!
Бізден енді көп сәлем
Ноғайлы жатқан байтақ ел,
Құдамдалы жаранға.
Күнелтермін осы жерде,
Жасы жеткен қарт едім.
Саған намыс, ар болар,
Қыз, күйеуге барам ба?
Орақ балам, батырсың,
Ерлігіңде шегің жоқ.
Болмас дәулет қораңда,
Екі ұлың, бір қызың
Болады екен, шырағым.
Одан көпті бермеді,
Өлшеп бергені несі екен,
Алланың өзі сараң ба?
Өзіңдей батыр ер болар
Түсімде көрген шын болса,
Қарасай, Қази балаң да.
Ер Сайын шексіз көңілді,
Айтқанына көндірді
Орақ батыр еріңді.
Алтын сарай ордаға
Түсірді келіп келінді.
Сонда Сайын сөйледі:
—Еткеніміз ем болды,
Сындырмас дұшпан белімді.
Дұшпаным қашар алысқа,
Екі арыстан ұл туса.
Хан менен бектер жиналып,
Көбейер досың төріңде.
Айлардан айлар өткенде,
Екі жыл мөлшер жеткенде,
Қарашаш айтты батырға:
—Ұсташы менің белімді,
Мысырдың қара тасына
Аңсам ауып мен жүрмін,
Дүниеге келер арыстан
Бір белгісі көрінді.
Батыр Орақ сол жерде
Мысырға сапар шегеді.
Әкелді Мысыр тастарын,
Сол уақытта Қарашаш
Ауызға салып тастарды,
Қашыр-құшыр шайнады.
Болатын болды осы тас
Дертке дұға пайдалы.
Жалғыз көзі сұлудың
Шам-шырақтай жайнады.
—Мысырдың қара тасына
Қанды, білем, жерігім,
Ризамын, Орағым,
Жан жолдасым серігім.
Еткеніміз ем болар,
Мен жиені едім перінің.
Сол уақыттары Қарашаш
Жалғыз көзі панардай,
Бөксе жағы самардай.
Қарасай, Қази, Ақ Қибат
Үш перзент көрді батырдан,
Бұған халқым нанар ма-ай?!
Ер құмардан шыға ма,
Барған адам ер екен,
Көргенін айтып жүр екен.
Жолдың өте қиыны
Жалған емес, шын екен.
Ат бауырлап шаба алмас,
Орғал-орғал құм екен.
Құмнан өтіп қарасам,
Терең батпақ сор екен.
Сорға жалғас тас өткіл
Жалғыз аяқ жол екен.
Сордан өтіп қарасам,
Шалқып жатқан көл екен.
Көлге жалғас қазулы
Алты қатар ор екен.
Қазған ордың ар жағы
Айналасы айшылық,
Көлденеңі күншілік
Он екі ханның елі екен.
Он екі ханның бастығы
Қарасанның ұлы екен.
Дәрбент деген қаласы
Әр қаладан зор екен.
Баратқанда жолымда
Қырық көмірші тап болды,
Одан әрі бармадым.
Қолыма белгі алған соң,
Не қылсаңда, ер Әділ,
Ендігісін өзің біл.
Сонда Әділ сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Орақтың Қази баласы
Асыл ердің данасы.
Өз басына бермесе,
Не болады жігіттің
Атасы мен бабасы?
Атаң Орақ болса да,
Туыпсың жаман шамасы.
Сенің айдап жүргенің
Қаңғырып жүрген көмірші.
Батыр болсаң сен,—деді,
Қызылбастың елінен
Бір қызды алып келмедің.
Келмегенсін қыз алып,
Кімдер сені ер десін!
Қыз түспесе қолыңа,
Бір батырын өңгеріп,
Қолын байлап құл қылып,
Құлақ мұрын кескілеп,
Денесінің сау жерін
Найзаменен тескілеп,
Құлағын кесіп кұнтитып,
Мұрнын кесіп тымпитып,
Алып неге келмедің?
Айырып беттен пердесін,
Дұшпаның қалсын түңіліп,
Міне туған ер десін!
Сонда Қази сөйлейді:
—Қайдан білдің кемімді,
Көрмейсің бе теңіңді?
Қате айтып сөзіңді,
Қалдырып тұрсың көңілді.
Ата тегің кім еді,
Тегіңде ерлік жоқ еді.
Сен қайдан таптың ерлікті,
Бересің кімге кемдікті?!
Менің атам—Едіге
Ата жауын жаулаған.