Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (23-бөлім)

Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 3 мин оқу

Сонда Қази сөйледі:
—Қарасай батыр, сен өзің
Туған ағам болсаң да,
Батыр емес қорқақсың.
Түнге қарай шабам,—деп,
Болып тұрсың шамалы.
Ел ұрысы қарақшы,
Түнге қарай жортатын
Ол адамның қорқақ жаманы.
Батыр болсаң, Қарасай,
Бұл ақылың істелмес.
Күн батқасын қызылбас
Біздерге енді күш бермес,
Жолдың аузын жабады.
Қарасай аға, сен өзің
Өнемейін түн дейсің.
Сен батыр емес, нашарсың,
Өз мініңді білмейсің.
Батыр болсаң, Қарасай,
Күндіз неге тимейсің?—
Деді дағы, ер Қази
Шұбар атқа мінеді.
Орақтың туын қолға алып,
Шұбалаңдап желеді.
Тас өткелдің аузына
Салып жетіп келеді.
Қырық нарменен сүйреткен
Қақпақ тасы бар екен.
Алаулаған дұшпанның
Тапқан айла-амалы—
Жолдың аузын жабады.
Қақпақ тасты көргенде,
Сонда Қази сөйледі:
—Жалғыз аяқ тесік жол,
Ерлерге мүшкіл кесір жол.
Аударайын қақпақты,
Кетпесе әруақ бойымнан.
«Өте алмас,—деп,—бұл жолдан,
Біздерге бола қойылған.
Осыны айтып ер Қази,
Келген беті енді еді.
Тұла бойда міні жоқ,
Арыстан пішін шекелі,
Болмас сөздің бөтені.
Ұмтылғанда қарленіп,
Жайылды ердің етегі.
Жұлып алып қақпақты
Айналдырып басынан,
Жітіргенде алыстық
Жүз аршын жерге кетеді.
Қарасай, Қази—қос батыр
«Орақ» деп ұран шақырып,
Жолды бұзып өтеді.
Дербент деген қала екен—
Қызылбас қорған мекені.
Жалғыз аяқ тар жолға
Қырық аршын қала салынған
Бұл шәһардың шеті еді.
Қарасай, Қази—қос батыр
«Орақ» деп ұран салғанда,
Қалада жатқан қызылбас
«Құтқар енді Алла»деп,
Дербентке қашып кетеді.
Екі батыр қосылып,
«Орақ» деп ұран салады.
Орақ деген дауысы
Айшылық жолды алады.
Күркіреген дауысы
Күншілік жерді алады.
Екі тұлпар жануар
Тимеді жерге табаны.
Тас-талқан болып бұзылды
Қызылбастың қамалы.
Қарсы келген көп дұшпан
Түйдек-түйдек қырылды.
Таңғажайып іс болды,
Өлшеулі дәмі таусылып,
Жеткендей болды ажалы.
Қызылбасқа тап болды
Өлімнің қармақ базары.
Екі күнгі соғыста
Қарасай, Қази—қос батыр
Тірілей қолға түскенін
«Тауып бер,— деп,—Әділді»,
Ұстап алып сабады.
Бір қызылбас көлденең:
«Батырлар, тағам татың» деп,
Ұсынған қолда табағы.

Қызылбас сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Қарасай, Қази—қос батыр,
Алдыңда қауіп ажал бар,
Жан қоймайтын тажал бар.
Осы болды батырға
Қызылбас айтқан хабары.
Әшке деген батыр бар
Кеудесі темір, басы тас,
Орта жері шандыр бас.
Кірпіктері найзадай,
Салбырап жатқан қабағы.
Он бір өгіз, қырық қой
Бір күнде жейтін тамағы,
Бес қаруын асынған.
Пайдам тиер, өлтірме,
Білгенімді жасырман.
Атан түйе беліндей
Көтерген қолға садағы.
Қарасын дәудің баласы
Арыстан дейтін батыр бар.
Оқ дарытпас тәніне,
Кездесерсіз батырдың
Күш бермес үлкен нәніне.
Әлің жетпес алыспа,
Бұл—тажалдың үлкен жаманы.
Осы хабарды айтты да,
Ғайып болды көзінен
Қызылбастың адамы.
Қарасай, Қази—қос батыр
Қызылбастың ішінен
Әділ досын қарады.
Көк найзасы қолында,
Қылышпенен шабады.
Күн батқасын батырлар
Тұлпарларын қаңтарып,
Жатып демін алады.
Ертең сәске болғанда,
Тарылды жердің танабы.
Қарасай, Қази—қос батыр
Жан-жаққа көзін салады.
Тау тұмсығы шоқыдай
Қозғалады қос қара.
Таң қаларлық масқара
Арыстан батыр, Әшке.
Қарасай сонда толғады:
—Айналайын, Қазижан,
Қызылбастың елінің
Жіберген осы қонағы.
Келе жатқан екі дәу
Кеудесі темір, басы тас
Есіткен хабар манағы.
Айтып ауыз жұмғанша,
Жетіп келді қызылбас,
Жер қайысқан қолменен.
Әшке батыр ақырды
Қарт бурадай шабынып,
Қарасайдай балаға:
—Жекпе-жекке кел,—деген,
Кәне, батыр, бол,—деген.
Әуелгі кезек менікі,
Жасым үлкен ағамын,
Осы болар жол деген.
Сонда Әшке сөйледі:
—Тегімізді сұрасаң,
Қызылбас жатқан ел едік.
Өкінбедік өткенге,
Бұрынғы келген сапарың
Мұның қалай демедік.
Кездесе қалса ноғайлы,
Кескілеп етін жеп едік.
Қаңғырып келген қос жетім,
Басың сауға, аман қайт,
Ат қаруың біздікі,
Арғы атаң сенің Едіге
Өлі әруақты жеп едік.
Алыссаң, әлің келмейді,
Біз сан жеткісіз көп едік.
Қарасай бала, сен сөйле,
Айтқаныңа көнелік.
Осы болды, шырағым,
Бізден кеңес төрелік.
Ойлағаның оң болмас,
Қалған бәрі көнеріп.
Жер астынан жік шығып,
Тамырыңды қияйын,
Жетіскен болсаң көгеріп.

Тағы оқыңыз