Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (2-бөлім)

Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 2 мин оқу

Орақ пен Сайын қосылып,
Келеді елді аралап.
Кездеседі талай қыз,
Батырға бәрі жарамады.
Мұсаның досы ер Сайын
Батырға сұлу таппады,
Досының ісін ақтады.
«Қарашаш қыз сұлу» деп,
Көпірте Сайын мақтады.
Жалпақ жатқан көп елдің
Бәрін шықты аралап.
Бір жерлерге келгенде,
Байдың қызы кілең мас,
Астына мінген тірәнтас.
Аяғы сылтық, көзі жоқ
Бір қыз келді жалаң бас.
Ол қызға көзін салғанда,
Жек көрінді батырға
Дұшпанындай алдырмас.
Назарын қызға салмады,
Ит тигендей арам ас.
Назарын батыр салмады,
Жаңағы сұлу қыздардың
Ізінен Орақ қалмады.
«Бұл қалайша болды» деп,
Шақырып алып ер Сайын,
Жұбатып сөзбен алдады:
—Шырағым, әкең ер Мұса
Тапсырған қызы сол еді.
Арғы тегі періден,
Ақсақ, соқыр, нашар деп,
Батырым, бұдан жеріме.
Тірлігінде ер Мұса:
«Екі алып қосылса,
Ер туар деп арыстан,
Қашар деп дұшпан алыстан,
Қарашаш келін, Орақ» деп,
Екеуіңді теліген.
Сенің әкең ер Мұса
Қияметтік дос еді
Айрылмастай менімен.
Бұл тілекті бермесең,
Батыр Орақ, айтайын,
Жарым жасым кеміген.
Мақұл десең, Орағым,
Шәудір шалды табамыз
Балық аулап күнелткен
Қара теңіз көлінен.
Әліптейін қара дейді
Таныссаң арғы тегімен.
Сылтық қызда әруақ бар,
Несебі тиген қара тас
Темірдей балқып еріген.
Сонда Орақ сөйледі:
—Әкемнің досы ер Сайын,
Ақсақ, соқыр, мүгедек
Қарасаң маған тең бе еді?!
Байдың қызы кілең мас,
Астына мінген тірәнтас.
Ақсақ қызды мақтадың
Адым жерге жүре алмас.
Оқ жыландай сұлудың
Біреуін алып бермедің.
Қатарымнан кем болсам,
Жақсы болар өлгенім.
Қайтпас батыр ер болып,
Дұшпанға қылыш сермедім.
Бұрылуға шамам жоқ,
Қысылғаннан терледім.
«Атаңнан қалған өсиет» деп,
Өтірік сөзбен өңдедің.
Мүгедек, соқыр алғанда,
Үйді өзім тігем бе?
Қалай әзіл айтармын
Нағашылы-жиенге.
Сыпатты сұлу бойыма
Жеңсіз қамқа кием бе?
Қатар құрбым жиналып,
«Не» деп жауап берермін
Мүгедек соқыр дегенге.
Қажетіме жарамас
Ит тигендей арам ас.
Сонда Сайын сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Қарағым Орақ, құлақ сал,
Алдыңда тұрған қартың көп.
Бір бұтағың мың болар,
Құнарлы жерге тұқым сеп.
Аяғы сылтық соқырдың
Тумалас түбі—ата тек.
Тыңдасаң, балам, осыны ал,
Мал шетіне қоя сал,
Арам астай көрсең жек.
Көктің нұры төгілсе,
Мәуелі жеміс көгермек.
Атаңнан қалған бұл өсиет
Айтылған емес басына.
Шәудір шалды табамыз
Балық аулап күнелткен,
Аралда жатқан қосына.
Мендегі арман осы еді:
Қарашаш, Орақ қосылса,
Болмас едім қарыздар
Хан Мұсадай досыма.
Шәудір шалға барғанда,
Қарағым, балам, қолын сүй,
Амандасып басыңды іи.
Айбаты күшті қарт еді,
Едіге батыр, Нұрадын
Солардан соңғы арты еді,
Қорқып кетпей есің жый.
Жинауға дүние қызбаған,
Шамалы шығар жағдай-күй.
Мың дұшпаннан қайтпаған,
Жалған сөзді айтпаған,
Сөйлесе тақ-тақ тілге би.
Дәу періні табуға
Орақ пен Сайын келеді.
Келе жатқан қос қара
Алыстан Шәудір көреді.
Едіге, Мұса, Нұрадын
Ар жағы туыс бөле еді.

Әлқисса, Шәудір мен Сайын қарсы келіп, құшақтасып көрісіп, балдырған жас бала Орақ батырға назар аударды. Сонда Сайын былай деді:

Тағы оқыңыз