Қарасай—Қази (15-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 2 мин оқу
Өздері іздеп келеді,
Пірінен жәрдем болады,
Көңілі нұрға толады.
Төс қалтадан еңкейіп,
Қағаз, қалам алады.
Тісіменен тістейді,
Ерніменен күштейді.
Әділ байғұс амалдап
Қырымға сәлем жазады.
Әуелі бастан жазады
Қарындасы Ілияны,
Ақ сүт берген анасын.
Бәрі де жатыр жазылып
Тіспенен жазған қағазға,
Қар бойындай хат болды.
«Әділдің хабар барар» деп,
Болып жатыр дәмелі.
Пірінен жәрдем болғасын,
Нұрланды батыр әдемі.
Бүтін емес, жартымын,
Қарасай, Қази досым-ай,
Бір іздемей Әділді
Достықтың жөні осы ма-ай?
Жылағанда көл болды
Көзден аққан жасым-ай.
Қарасай, Қази жан досым,
Сендерді «дос» деп кім айтар,
Осындайда көрініп,
Бір келмедің қасыма-ай?!
Екі досым сен едің,
Сенің досың мен едім.
Орға түсіп қалғанда
Екі досым ат салып,
Алып шығар деп едім.
«Досым жауда қалды» деп,
Бір қайырылып келмедің.
Қолға түсіп, қор болып,
Алты арбаны сүйретіп,
Өгіздей өрге тартқанда,
Қысылғаннан терледім.
Қазбан деген қаланы
Талқандап кеткен сендерсің,
Алты арбаны сүйретіп,
Сол болды барып көргенім.
Күні-түні азапта
Әділ досың мен болсам,
Кеудемде шыбын жаным бар,
Сүйретілген сүлдемін,
Таусылып дәмім өлмедім.
Жазады дейді маңдайға
Рахат пенен бейнеттің
Көретінін пенденің.
Пірлерім түсіп ойыма,
Күш жиналып бойыма,
«Адасқан ойды жөндедім.
Қарасай, Қази достарым
Артымнан іздеп келер» деп,
Қос батыр еді сенгенім.
Әділ досың қорлаулы,
Жарым жасым кемулі.
Қамыт іліп мойныма,
Жас сорғалап қойныма,
Кесілмеген сау жер жоқ,
Әділді аман қойды ма,
Алты арба жегулі
Күн батқасын қызылбас.
Қарасай, Қази достарым,
Қалай көңілім бұзылмас.
Таспенен ұрып қан қылад,
Өне бойда сау жер жоқ.
Жеті мүше тәнімде
Аман қалған көз-құлақ.
Пірімнен жәрдем сұрадым,
Сіздерден күдер үзгесін.
Бір түн жатып зар жылап,
Ақыл естен айрылып,
Байлаулы марал аңғылдай,
Қызылбастың балдары
Тас жітіріп шаң қылды-ай.
Азап беріп қызылбас,
Қарасай бұзған қаланы
Алты арба жегіп мойныма,
Соны маған салдырды-ай.
Тісіммен тезек тергізіп,
Бар азапты көргізіп,
Көрсетті қорлық қалдырмай.
Шыбықтап айдап жүргізді,
Бір қызылбас мінгізді.
Қалада күнде жүремін,
Тісіммен тезек теремін.
Ақ сүт берген ананы,
Қарындасым Ілияны,
Қарасай, Қази достарым,
Сендерді қашан көремін.
Алты арбаны сүйретіп,
Күн батқасын келемін.
Ол кеш пенен бұл кешке
Жарым алма жегенім.
Басқа Құдай салғасын,
Амалым жоқ, көнемін.
Оныменен тұрмайды,
Және бір жерге айдайды.
Алып барып бір жерге
Сыналап тасқа байлайды.
Таң атқанша Әділдің
Сүйтіп соры қайнайды.
Қызылбастың баласы
Қозы-лақтай секіріп,
Басыма шығып ойнайды.
Қуалап ұстар қолым жоқ,
Екі көзім жайнайды.
Қарасай, Қази достарым,
Сендер түссең есіме,
Ой теңізін бойлаймын.
Қимылдауға әлім жоқ,
Өлімтігі жарамсыз
Итке тастар қойдаймын.
Келмесең де, достарым,
Сендерден үміт үзбедім.
Алды-артымда таяу жоқ,
Қайта оралу сапарды
Жатпай-тұрмай ізденің.
Қарасай, Қази батыр-ай,
Елге барып жатыр-ай.
Бір іздемей жатқаның
Лайық па атыңа-ай?!
Қызылбастың қолында
Алты арбаны сүйретіп,
Өгіздей тартып мен жүрмін.