Қарасай—Қази (7-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 2 мин оқу
3-310
Жалғыз аяқ тар жолдан
Ұрысып жүріп бұрылды.
Астындағы тұлпардың
Сүрініп кетіп аяғы,
Тайып кетіп тұяғы,
Батып сорға жығылды.
Батпақ сордың ішінде
Боз тұлпардың күшімен
Шығамын деп ұрынды.
Шыққан сайын түседі,
Бауырлап сорды кешеді.
Соныменен жүргенде
Болдырды тұлпар деседі.
Бауырын жазып шаба алмай,
Жазылып ұрыс сала алмай,
Діңкесі ердің құрыды.
Күн батуға таянды,
Аты қалды жарамай.
Қас қарайып, күн батты,
Алды болды қараңғы.
Атына басып қамшыны,
Тұлпарын шауып қарады,
Атынан көңілі қалады.
Әділ мінген Қызыл ат
Айуан қылды көп ұят,
Шабысынан танады.
Келіспеді бұл сапар
Ер Әділдің талабы.
Сол уақыттар болғанда,
Тарығып Әділ жылады:
—Арманы күшті ерлердің
Бармағын тістеп өлгені.
Асу-асу бел жүрсем,
Алты айшылық жол жүрсем,
Белгісіз тұлпар мінгенім.
Атадан бірге тумаса,
Жақын деп жатқа сенгенім.
Тұлпар атым болдырды,
Атты кімнен сұрармын.
Жалғыздық түсті басыма,
Кімнен көмек тілермін.
Туысқан аға, інім жоқ,
Енді кімге сенермін.
Құдай жалғыз жаратты,
Бұған қылар амал жоқ.
Қарасай, Қази болмаса,
Жан ашитын маған жоқ.
Ар-намысты тастайын,
Енді аяққа баспайын.
Екі досым болмаса,
Жалғыз туған қасқамын.
Аламанды алдырып,
Басымды алып қашпайын.
Іздеп тұлпар мінейін,
Қолыма қайтып келейін,
Қамаған жауды көрейін.
Қамалып жүрген әскердің
Жолын ашып берейін.
Бере алмасам алдымнан
Өзім ұрысып өлейін—
Деді дағы, ер Әділ
Атына қамшы басады,
Ат болдырып шаршады.
Төңірегін Әділдің
Қызылбас жауы қамады.
Адасқанын біледі,
Әділ жылап тұр еді,
Жылағанда не деді:
—Заманым менің оңбады,
Басыма бақыт қонбады.
Тұлпарымнан әл кетті,
Адастырып жолымнан,
Қараңғы түннің ішінде
Айдап келіп көрсетті
Алты қатар қандекті.
Астындағы тұлпарды
«Шүу, жануар, қарғы» деп,
Қамшы басып қарғытты.
—Жануар тұлпар Қызыл ат,
Жал-құйрығы ұзын ат
Алты қатар қәндектен
Оқ жыландай болып ат!
Қарғып өтіп шыға алмай,
Қала берме қәндекте.
Тұлпар атым сен едің,
Сенің иең мен едім.
Алты қатар қандектен
Атым сені қарғытсам,
Бола ма екен себебің?—
Деді дағы, ер Әділ
Атына қамшы басады.
Болдырып жүрген жануар
Адымын қысқа жазады.
Алты қатар қандектен
Бір-бірлеп қарғып барады.
Бірінші орға жетеді,
Одан аман өтеді.
Екінші орға жетеді,
Бұдан да аман өтеді.
Үшінші орға келеді,
Бұдан да аман өтеді.
Төртінші орға жетеді,
Мұнан да аман кетеді.
Бесінші орға келеді,
Мұнан да қарғып өтеді.
Алтыншы орға келгенде,
Қарғыта және бергенде
Астындағы тұлпардың
Сүрініп кетіп аяғы,
Орға түсіп жығылды.
Өмілдірік үзіліп,
Әділ орға құлады.
Әділді тастап Қызыл ат,
Талпынып зорға шығады.
Қол бастаған ер Әділ
Жалғыз өзі шырқырап,
Орға түсіп қалады.
Түскенін ешкім білмеді,
Қарасай, Қази көрмеді.
Енді мұны қандектен
Кім шығарып алады.
Әділ түсіп қалған соң,
Әділдің қолын қызылбас
Қамап тұрып қырады.
Бір парасын бұлардың
Өлтірмей ұстап алады.
Қарасай, Қази батырлар
Қазбан деген қалада
Алты күндей болған соң,
Қала бұзып, қан төгіп,
Алды малға толған соң,
Дәрбент деген зор қала
Әуелі салған қала екен.