Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (20-бөлім)

Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 2 мин оқу

«Тірілей ғайып» болды деп,
Екі мұңды бейшара
Зарлауменен шөлдеді.
От басында отырып
Бәйбикеш пенен Ілия,
Таң атқанша еңіреді.
Қырымға сәлем әкелген
Ақ шалмалы пірадар
Жалғызын естіп келгені.
Бірталай мезгіл өтіпті
Қарақұс болып келгелі,
Қолтығынан хатты алып,
Таң сәрі мезгілде
Жабықтан келіп бергені.
—Жыламаң,—деді,—жетімдер,
Қағазды ашып көр,—деді.
Ілия менен ананың
Көзі түсіп бұл қызға,
Нұрланып кетті төңірегі.
Хатты ашып оқыды
Ілия ханым зерделі.
Сонда Ілия сөйледі:
—Қуана бер, анашым,
Жауда қалған ақ көкем
Тұр ғой ертең келгелі.—
Деді дағы, Ілия қыз
Орнынан тұрады.
Қос батырға жүруге
Дайындады құланы.
Хан Орақтың ордасы
Арасы шалғай жер еді.
Жануар құла тұлпарың
Ақ бөкендей желеді.
Кейбір жері шөл дала,
Кейбір жерін қарасаң,
Адырлы жусан дөң еді.
Хан Орақтың ордасы,
Қарасай, Қази—қос батыр[ды],
Қарашаштай ананы
Алыстан Ілия көреді.
Атын түсіп жетелеп,
Қасиетті орда деп,
—Біздердей мұңды нашарға
Қамқоршы болып қорға,—деп,
Иіліп сәлем береді.
Қар бойындай қағазды
Қарасайға береді.
Қарасай деген бұл батыр
Қайсар батыр төре еді.
Сол уақыттары Қарасай
Асыл ердің баласы-ай,
Ішіндегі сәлемді
Үнсіз оқып көреді.
Қарасай сонда сөйледі:
—Қази, Қибат, Қарашаш,
Қуанышты хабар бар,
Жүрегің қалай жарылмас.
Айналайын, Қазижан,
Біздерге сәлем арнаған
Басқа бөтен демеді.
Бұл хабарға қарасам,
Қолөткіл бар қолында,
Шынжыр тағып мойнына,
Әділге деген керулі
Қызылбастың көгені.
Жарты алма сықылды
Хабарына қарасам,
Ер Әділдің жегені.
Қазижаным, әзірлен,
Тұтқында жатқан Әділді
Құтқарайық азаптан.
Бізден болар себебі
Біз екеуміз бармасақ,
Жан ашыры кем еді.
Кешегі бір күндерде
«Басыма қиын іс түссе,
Қарасай, Қази жан достым
Алып шығар» деп еді.
Мен Ақташа ханға барайын,
Бұл көпті көрген көне еді.
Батасы қабыл қашаннан
Ақсүйек таза төре еді.
Бұл сапарға жорығым—
Ер Әділді құтқару,
Сұрасам әскер береді.
Сөйдеді де Қарасай,
Үйден шыға жөнеді.
Ақташа ханға баруға
Ешкі тұяқ Қызыл ат
Тұлпарға ерді салады.
Орақтан қалған жасыл ту
Желбіретіп алады.
Ел сұлтаны төреге
Салып жетіп барады.
Амандасып, көрісіп,
Ақташа ханды көреді.
«Әділден келген сәлем» деп,
Қарасай батыр береді.
Қар бойындай қағазға
Көз жүгіртіп шығады.
Тірілігін біліп Әділдің,
Нұрланды патша реңі.
Сонда патша сөйледі:
—Оң болғай,—деді,—Қарасай,
Жүретін алыс сапарың.
Бабай Түкті Шашты Әзиз,
Әруақты атаң Едіге,
Өзіңнің әкең Орақ ер
Әруағы қонсын басыңа
Қасиетті атаның.
Қолыңды жай, шырағым,
Қызылбасқа барасың,
Оқ дарымас бойыңа
Шапағатын көрерсің
Осы берген батаның.
Жасым жетіп бұл күнде,
Ағарды шаш пен сақалым.
Қарасай, Қази қарағым,
Тыңдамас халық айтқанды,
Кешегі сапар дұшпаннан
Жеңіліп халық қайтқан-ды.
Қайдан білсін Әділім,
Бұрынғы дәуір бізде жоқ
Ел сұлтаны Ақташа
Деп айтылған атағым.
Жалғызды алып келгенше,
Қарасай, Қази батырлар,
Аман елге келгей,—деп,
Тілекші болып жатамын.
Елден жиып әскер ал,
Байтақ жатқан Қырымға
Өзің барып бұйым сал.
Кем дегенде он бес мың
Болсын әскер қатарың.

Тағы оқыңыз