Қарасай—Қази (14-бөлім)
Қарасай-Қази · Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы · 5 мин оқу
Көп қайғыдан пайда жоқ,
Күдер үзіп жүре бер.
Әділ қалды, біз келдік,
Білгеніңді ете бер.
Күйгенменен күймек жоқ,
Қаза жетпей өлмек жоқ,
Батып жерге кірмек жоқ.
Бір Құданың ісіне,
Құдіреттің күшіне
Бәйбикеш, Ілия, жылама.
Аман болса бұл басым,
Қан қақсатып хандарын,
Шырқыратып жандарын,
Салармын азу тісіме.
Қайғылы мұндай күн туды,
Ажал келсе бір күні,
Артқа тастап кетерміз
Дәреже, бақыт, жер, суды.
Ер Әділдей батыр жоқ,
Он мың дұшпан қаптаған,
Ат тындырмай жетті күн,
Жалғыз өзі ұрысулы.
Бір жағы батпақ сор болып,
Екі жағы ор болып,
Қатерлі қауіп жері көп.
Қаптай шабар дала емес,
Жалғыз аяқ жолы бар,
Шұбырған әскер біріндер.
Әуелден жазмыш осылай
Салса, пенде, амал жоқ.
Екі мұңлы бейшара
Жер бауырлап құлады,
Құдайға «ал» деп жылады.
Оныменен алсын ба,
Таусылмаса уақыты.
Сол күні жатты дәм татпай,
Бар тапқаны зарлайды,
Төбелеп ұрып маңдайды.
«Әділ жауда қалды» деп,
Бәйбикеш, Ілия зарлайды.
Екеуі жылап жатқалы
Дем алып, дәм су татпады.
Жалғыздық түсіп басына,
Ойлағаны жалғызы.
Қозғалғанмен тұра алмай,
Кеудесінен басулы
Қайғының ауыр батпаны.
Көзін ашпай жылаумен,
Алты күн болды жатқалы.
Алты күннен өтеді,
Жеті күнге жетеді.
Қасыңдағы қызына,
«Тұр, шырағым, жатпа! деп,
Жалбарынып көрейін,
Бір жаратқан Аққа деп.
Біз барайық айналып
Ессіз қалған таққа деп.
Жауда қалған жалғызды
Жаратқан өзің сақта» деп,
Сорлы ана жылады.
«Ақ шалмалы пірадар,
Қысылған жерде біздерге
Қолдауышың жоқ па деп.
Әділ жалғыз ұлымды
Бергенің бе шынымен
Қызылбас атқан оққа» деп.
—Түрегел қызым, түрегел,
Алла ісіне көне бер.
Кімге еркелеп жатырсың,
Кім есіркеп шақырсын?
Қызына келіп аймалап,
Шырағым, тұр,—деп қаймалап.
Тұрғызатын адам жоқ,
Саған түгіл маған жоқ.
Бір Құдайдың ісіне,
Құдіреттің күшіне
Салса пенде амал жоқ.
Аға түгіл іні жоқ,
Енді бізге тыным жоқ.
Алты күн жаттық дәм татпай,
Ажалдан бұрын өлмек жоқ.
Ордамызға кірелік,
5-310
Ақ ісіне көнелік.
Ессіз қалған дүниені
Өзіміз ішіп, киелік.
Жатқаныменен келе ме,
Тілегенменен бере ме,
Тұр, шырағым, тұр!—деді.
Жылап жатқан Ілияның
«Шырағым, тұр» дегені
Құлағына келеді.
Түрегеліп Ілия қыз
Шешесіне ереді.
Ессіз қалған ордаға
Екі мұңлы кіреді.
Құдіреттің ісіне,
Сырын шашпай кісіге,
Екі мұңлы көнеді.
Омар менен Оспанның
Тілегін Құдай береді.
«Әділ жауда қалды» деп,
Қуанып, ойнап, күледі.
Ілия менен дүниеге
Екі құл билеп жүреді.
Екі құлдың кеңесін
Екі мұңлы біледі.
Құлдар бұлай болғасын,
Сарғайып Ілия жүреді.
Басында ерік барында
Құл басын Ілия қорлады.
Ардақтаған Ілияны
Аламыз деп ойлады.
Бір-біріне қимады,
Екі құлдың әлден-ақ,
Әлден-ақ басы симады.
Көздері жаман аларды,
Көңілі жаман қарайды.
Бір күндері екеуі
Ілияға таласып,
Төбелесті салады.
Ерегескен екі құл
Бірін-бірі өлтіріп,
Ілияны алмақ болады.
Айлардан айлар өтеді,
Күндерден күндер өтеді,
Пенде болған Әділдің
Ес-ақылы кетеді.
Сүйретіп арба мойнына,
Жас сорғалап қойнына,
Күш-қуаты кетеді.
Бірге туған бауыр жоқ,
Жеке туған ер еді.
Алты арбасы мойнында,
Күні-түні азапта.
Бұрынғы қайрат күш қалды,
Бұрынғы дәурен күн қалды,
Сахара сайран шың қалды.
—Қимылдарға әлім жоқ,
Айналмас бақыт шын қалды.
Ақ сүт берген анашым
Тумалас Ілия мұң қалды.
Әскерім ерген он үш мың,
Бұл қызылбас қан ішер
Бір емес миллион мыңды алды.
Мүгедек пенде мен болдым,
Білерге жағдай халім жоқ.
Қырымнан келген қырық мың
Менен басқа кім қалды.
Осына айтып ер Әділ,
Өз-өзінен жынданды.
Мүшесінен әл кетті,
Тек шықпаған жан қалды.
Ар-намысты тіл қалды,
Қайғылы ашу, зар қалды.
Амалы құрып Әділдің,
Есі кетіп сандалды.
Пірлері түсіп есіне,
Сол күні жатып зарлады:
—Жаратқан жалғыз Құдайым,
Бір өзіңе жылайын.
Қысылғанда, пірлерім,
Сіздерден жәрдем сұрайын.
Сонда Әділ сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Кешегі бір күндерде
Ғайып ерен жеті пір,
Маған қайырың тимеді.
Анамның айтқан бір сөзі
Жаңа түсті есіме
Ақылы айтқан үйдегі.
Ұмытып кетіп пірімді,
Астымдағы тұлпарым
Әлденеше сүрінді.
Көңілді шайтан биледі,
Пірлерім, өзің жәрдем бер.
Қырымда Әділ хан едім,
Басымда бақыт құсым жоқ.
Ардақтаулы Әділің
Алты арбаны сүйреді.
Ғайып ерен жеті пір,
Жеті пірдің ішінде
Пірлерім жәрдем бермесе,
Енді не амал қылайын?
Сүйрегенім алты арба
Босанып қалай шығайын?
Қолөткіл бар қолымда
Оны нағып бұзайын.
Анамның айтқан бір сөзі
Жаңа түсті есіме.
«Ғайып ерен жеті пір,
Жеті пірдің ішінде
Анамның сөзі шын болса,
Ақ шалмалы пірадар,
Пірімсіз, саған жалындым.
Анамның айтқан бір сөзі
Жаңа түсті есіме-ай,
Кетті қуат күшім-ай.
Жазым етіп мойныма,
Тезек теріп кетілді
Ақ меруерттей тісім-ай.
Ең болмаса, пірлерім,
Бір енсеңші түсіме-ай.
Көніп жүрмін, қайтейін,
Құдіреттің ісіне-ай.
Табан етім жарылды,
Заманым менің тарылды-ай.
Қолға түсіп қор болып,
Басымнан бақыт арылды-ай.
Әділ ғаріп балаңыз,
Пірлерім, саған жалындым.
Жер жүзінде бар болсаң,
Есіткейсің зарымды.
Ақ шалмалы пірадар
Ер Әділдің пірі еді,
Керемет-ті зор еді.
Анасының тапсырған,
Айтқан пірі сол еді.
Есі кетіп Әділдің,
Ойына түспей жүр еді.
Жылаған даусы баланың
Ғайып ерен пірлердің
Құлағына келеді.
Қысылғанын Әділдің
Енді пірі біледі.
Мейманының шөлінде
Жылап жүрген Әділдің
Қара құс болып пірлері,
Пірлері ұшып жөнеді.
Қанаты күміс, мойны мыс
Мысалы болды қара құс.
Керемет-ті ер болсаң,
Қара құстай болып ұш.
Бір Құданың пәрмені
Қанаты ұшып талмайды,
Жерге түсіп қонбайды.
Қара құс болған пір еді,
Әділге ұшып келеді.
Жылап жүрген ер Әділ
Қара құсты көреді,
Көре сөйлей береді:
—Аспанменен тіркескен,
Бұлттарменен күрескен,
Адыра қалғыр қара тау,
Болып тұрсың маған жау.
Бір қара құс үстімнен
Қалықтап ұшып келеді.
Қасыма келіп қонсайшы,
Тілегім қабыл болсаңшы.
Төс қалтамнан еңкейіп
Алар едім қаламды-ай.
Тісімменен Қырымға
Жазар едім сәлемді-ай,
Осыған себеп болсаңшы.