Кіші жүз шежіресі (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Ойланып, cөз жазайын біразырақ,
Ау, халқым, көңіл қойып, салсаң құлақ.
Келтірсе, қиял—сөздің ой, жобасын,
Міндетті әр лебізге тіл менен жақ.
Пенде жоқ басын кемге қойып жүрген,
Әркімнің бар көңілі өзіне шақ.
Жақпаса, күліп сырттан ат қояды,
Пұт сөзден табылса мін, жалғыз қадақ.
Сондықтан мазмұнына түгел қара,
Күмістей тартылады сынға келсе бірақ.
Нұртуған Жақайым да өтті шайыр,
Секілді аққан дария, түпсіз бұлақ.
Ондаймен озат, жүйрік болмағанмен,
Сөзімді салып тұрмын, көпке сынақ.
Заманның бұлбұлы бар тұрған сайрап,
Миуадан пісіп тұрған, алған жарнақ.
Жыршы, ақын халық ішінде көбейген соң,
Сондықтан жүріп едім, салқын тартып бірақ.
Келгенсін жас жер ортаға шамаласып,
Үлгілі кейінгіге сөз қалдырмақ.
Айтайын өткендердің әңгімесін,
Тыңдаушы, құмарсынған, таныс құлақ.
Мен бастап, Кіші жүзден жырлайын жыр,
Бұл сөзді қайдан таптың, деме бірақ.
Әйтеке, Сарынта, Жылқайдарды жыр етейін,
Рухы риза болсын, өткен әруақ.
Айтайын Кіші жүздің батырларын,
Өзімше білгенімді қалдырмай-ақ.
Адам көп өздерінше батырсынған,
Қолына «шоқпарым» деп алған таяқ.
Адамның ішінде бар—бәрі батыр,
Болмай ма, ер жігітке жау да сынақ.
Және де шежіреде айтылады,
Жүремін ата жөнін кімнен сұрап.
Білгендер сұрай қойсаң, етеді мазақ,
Даңдайсып, бірдеңені білгендей-ақ,
Білетін өзінен басқа жан жоқтай-ақ.
Бұл сөзім болсын нұсқа кейінгіге,
Жинадым сөз желісін жасымнан нақ,
Жүрмей-ақ құрға босқа салдыр-салақ.
Шайыр көп ел ішінде жүрген босқа,
Сөздері жарияға жайылмай-ақ.
Бұл сөзді, оқығандар, жадыңа ал,
Түйсіксіз болма, жастар, ақпа құлақ.
Жазушы атым—Қарман Сұлтанұлы,
Бұл сөзді жазған кім деп болса, сұрақ.
Сөзімнің енді мынау—бастамасы,
Шайырдан кейінге қалар сөз нұсқасы.
Айтылар айтушының сонда кеулі,
Тыңдаушы халықтың болса ықыласы.
Өткенді еске салып, тауып айтса,
Шайырдың халқына тиер көп пайдасы.
Қияннан қисындырсаң сөз саласын,
Кеміс емес айтушының сөз бағасы.
Көнеден сөз білетін болса қартың,
Тұрғандай төр алдында шарайнасы.
Жазайын өлең мен жыр, етіп ермек,
Қолыма қалам алып, жазып хатқа,
Не керек қарап жату, бекер босқа.
Айтайын Кіші жүздің әңгімесін,
Кейінгі жастарыма болсын нұсқа.
Мен бастап, Кіші жүзден айтайын сөз,
Тарқатып көңілден шер, айтылсын жыр.
Жазыңдар күміс жырды толқындатып,
Бар шығар, ел ішінде білетіндер.
Бас бағып, жарда жатқан жарғанатша,
Біреулер білсе дағы үндемей жүр.
Білмейтін арты күлген бөктергіге,
Табынып, тау екен деп тақымдап жүр.
Бәзбірі түсінбей-ақ босқа күлер,
Жақсыдан шықпас лебіз, іші білді.
Осындай мағынасын айтып сөздің,
Халыққа ашып көңіл, айтсын сырды.
Шығармай ішкі сырын сақтағанмен,
Бір күні ажал келсе, алады жер.
Жолдастар, не дегенмен тыңда сөзді,
Үйреніп арғы, негіз атаңды біл.
Білгендер ішке түйін сақтамайды,
Адамдар бар жарқын жүзді, ашық көңіл.
Өлмесе, ата-бабаң қайда кетті,
Басыңнан өтед дәуір, оны да біл.
Арғы атаң Жанарыстан—туған Алау
Білгенімді Кіші жүзден, айтайын бұл.
Ал, көңілім, сөйле тілім, қиялға кел,
Талпынып, талаптанды біздің кеуіл.
Батыр Алау
Халайық, енді айтатын, сөзім мынау:
Кей адам ата-тегін білмей жүріп.
Мысалы жерден жарып шыққандай-ақ,
Туыпты Алау батыр әл-Алшын, Арғымақ.
Мінеки, сол Алаудан шыққан тарап.
Айтайын сонан бергі ел арасын,
Білмейтін халық ішінде болмай қимақ.
Баласы Кіші жүздің—батыр Алау,
Ту ұстап, тау түбінде мұқатқан жау.
Қатарлас ел ішінде болса шатақ,
Алдынан жібермеген өткеріп дау.