Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Кіші жүз шежіресі (8-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Бас бағып, жерден ауып көшейік,—дейді,—
Біз барып Бұқар қаласын паналайық.
Мұсылман, бізбен бірге діні діндес,
Шамалап арыз айтып, шағынайық,

Күрессін мұнда талай көп халайық.
Тұр еді жиылған көп, сасып халық,
Біле алмай не айтарын бұған тауып,
Бір адам жетіп келді топты жарып.

Сондағы ол адамның айтқан сөзі,
Қасына Қазыбектің жетіп барып.
Сөйледі қарт Оймауыт:
—Біздер жүрген уақытта
Асынып қылыш, ақ балдақ,
Киіп едік көк сауыт,
Бүлінген жоқ ед ел набыт.
Жасымыз асып, қартайып,
Тайыпты бастан бақ ауып.

Кешегі өткен Қараман мен Қобыланды,
Қалмақтың шауып елдерін,
Таңдап алып сұлуын,
Келетін еді олжалап.

Сырттан дұшпан келмейтін,
Орта жүзге бет алып.
Бұрын-соңды көрген жоқ,
Бұл арадан ел ауып.

Сол ерлер ойға түскенде,
Кетеді кеуіл толғанып.
Қалмақтан қорқып елінен,
Етіп тұрсың сен қауіп.

Жасым асып, жамбастап
Жатыр едім жантайып.
Ел көшеді дегенге,
Келіп тұрмын қалқайып.

Айтайын ақыл мен саған,
Келіп тұрмын ой тауып.
Қандай пайда табасың,
Көшемін деп жер ауып.

Не абырой аласың сартқа барып,
Алады малдан зекет, бастан өсім
Және тынышыңды алады салық салып.
Үйретіп қырық парыз, тіліңді бұзады,
Білмесең, қырық шыбық дүре салып.
Қаздырып арық, канал жерлеріңнен,
Салады қыз, жігітті парлап алып.

Кең өріс мал жаятын жері де жоқ,
Болады малың менен елің арық,
Көресің сол өзбектен неден жарық.
Хабар бер Ұлы жүз бен Кіші жүзге
Бәріміз бір атадан тудық анық,—
Тыңдап тұр мұның сөзін жиылған халық.

Қарасаң келбетті келген бір қарт адам,
Бір жүз жиырмадай жас жасаған.
Қабаттап ақ орамалмен жағын таңған,
Сөйлеп тұр жаңағы қарт ел қамынан.

—Хабар бер Ұлы жүз бен Кіші жүзге,
Батыр көп Кіші жүзде арға шапқан.
Тайсалып қозғалмаңдар бұл орыннан,
Жиналып екі арыс ел келе қойса,
Қалмақты қуып шығар шекарадан.

Мұны айтып сөз доғарды осы арадан,
Халық жоқ қарт сөзіне босамаған,
Жиналған көп қарттың сөзін мақұлдаған.
Сонан соң Ұлы жүзге берді хабар,
Шығарды елден таңдап екі адам.
Тұрарлық ел ішіне елші болар,
Біреуі Мәмбет сыншы жібергені,
Қасында Қырғауылдай шайыры бар.

«Жетіде елге айналып келіңдер» деп,
Мінгізді елден таңдап екі тұлпар.
«Жер қашық, енді қалай жетеміз» деп,
Екпіндеп келе жатыр қос нар сұңқар.
Кідірмей жол үстінде көп күн жүрді,
Үш күнде Ұлы жүзге жетті бұлар.
Ас болып жатыр екен ұлы жиын,
Хатпенен Төле биге берді хабар.

Барды да екеуі де атын қосты,
Бұлар да адам екен бір атқұмар.
Ат озып, алды бәйге екеуі де,
Жігіттің сондай болар, жолы болар.

Таңырқап жұрттың бәрі қарап тұрды,
Қай уақытта бәйге атына әркім құмар.
Парымен озып келді екі тұлпар,
Айтайын Төле биден енді хабар.

—Жиналған көпшілікке білдірейін,
Ағайын жәбір көрсе, нағып шыдар.
Тарқамай айтайын деп бұл халыққа,
Ас тарқап кеткеннен соң халық тарар,
Қайтадан басын қосу қиын болар.

«Орта жүзге қалмақ шауыпты» деп,
Халыққа түсіндіріп айтты тегіс:
—Жәрдем сұрап жіберіпті бізге елші,—
Жиналған көпшілікке салды кеңес.

Халықпыз көптен бері жатқан тыныш,
Соған біз аттанайық қалмай тегіс.
Батырдың бәрі жүрсін бірі қалмай,
Қалмақтың елін шауып, алсын үлес.
Дұшпанға жібереміз бе ар мен намыс,
Ел еді қалмақпенен олар шектес,
Ағайын халықпыз ғой бір тілектес.

Және де Кіші жүзге хабар берем,
Қасына екеуінің адам қосып.
Келгенше Кіші жүзден бізге хабар,
Тұрамыз уәдеде күнін тосып.

Халқы бұл кеңесті мақұл деді,
Айтқан соң Төле бидің өзі біліп.
Қосады жегір менен шайырларын,
Астына елден таңдап ат мінгізіп.
Келеді үш күн жүріп Кіші жүзге,
Түн қатып, күндіз-түні тынбай жүріп.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз