Кіші жүз шежіресі (6-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Сейітқұл өз еліне хан болыпты,
Ықпалы жүріп, басына бақ қоныпты.
Кәріп пен жетімдерге қарасатын,
Хан болған заманында әділетті.
Аздырып-тоздырмастан халқын бақты,
Әділет, саясатпен халыққа жақты.
Баласы Сейітқұлдың Сегіз дейді,
Сегіз бай, сырбаз, семіз дейді.
Байбекті ақылы бай адам дейді,
Ол дағы елдің азбас қамын жейді,
Арамза ел болды, малын жейді.
Бір баласы Сейітқұлдың Байбек деген.
Дұшпанға адам дейді әрекетпен,
Халқы «хан баласы» деп құрметтеген.
Халқына қайыр болып мейірмандай,
Әрдайым халқының қамын жеген.
Өтіпті халқы тыныш, елі бейбіт,
Басынып сырттан келіп, жау тимеген.
Туыпты сол Байбектен Әйтеке би,
Шығады артық адам, асыл тектен.
Бақ-дәулет, мал, перзенттің бәріне сай,
Әйтеке бәрінен басып өткен.
Сымбатты, келісімі келген адам екен,
Атадан артық туған, ақылға кең.
Тайынбай сөйлейтұғын топты жарып,
Кісі екен өзі айтқыш, тілге шешен.
Үшқайнар—ағып тұрған бұлағы анау,
Жайлайтын Әйтекенің мекені екен.
Жағалай саясына бие байлап,
Халық жиып, сары қымыз ішеді екен.
Халықтың ел қорыған жақсылары
Үйіне Әйтекенің түседі екен.
Жаз жайлап, қыс Қызылға көшеді екен,
Астына мінген жорға Ақтанкері.
Лайық ат би мінуге жүрісі жайлы,
Шайқалып су төгілмейд ары-бері.
Алдынан ұшқан құсты кесе басады,
Тарқайды үстіне мінген адам шері.
Тебінгі былғарыдан көксауырлап,
Күмістен ұста соққан алтын ері.
Барады дейд айшылық жерге бір аптада,
Жұламлап сауырынан аққан тері.
Көрмеге қойған нақыштап,
Белінде алтын кемері,
Ұстаның соққан өнері.
Ат-сайман түзеп алып Әйтекенің
Үш жүздің жиылысына жүрген жері.
Күлтөбеге жиылу
Үш жүздің Күлтөбеге жиылды елі,
Халықтың жиылды өңшең би мен бегі.
Үш жүз келіседі хан сайлауға,
Халықтың жиылғандағы бұл тілегі.
Бір жеті сол араға жиылды халық,
Жерлерін тозаңдатып ат тұяғы,
Белгілі болатын жер—ердің бағы.
Үш жүзге би сайлауға құрды кеңес,
«Жақсы адам болғай-ды» деп халық тілектес.
Үш жүзден үш адамды ұсыныпты,
Халқы бір ауыздан, болмай егес.
Қойыпты Ұлы жүзге Төле биді,
О дағы адам екен халыққа сыйлы.
Бақ-дәулет, сый-дәреже бәріне сай,
Би екен ықпалы артық, өте күйлі,
Би болған жарқын жүзбен халқына жайлы.
Сайлапты Орта жүзге Қазыбекті,
О дағы адам екен асыл текті.
Кемеңгер адам екен, өзі сөзгер,
Сөйлесе, ерітетін жиылған көпті,
Алдынан тарқататын даулаған топты.
Би қойды Кіші жүзге Әйтекені,
Адамның нағыз жүйрік ақбөкені.
Кіші жүз қуанысып дуылдасты,
Сыртынан осы екен деп халық тілегі.
Аға боп Кіші жүзден алды билік,
Қатарынан адам екен көп білігі.
Өзінше Кіші жүз болып, ортаға алып,
Сап түзеп, салтанатпен гүлдендірді.
Бақыт қонып, басына шам-шырағы,
Жанып тұрды, қабыл боп, ел тілегі.
Бақ қонып бастарына үшеуінің,
Үшеуі үш алаштан билік алып.
Тояттап аң алатын қыран құстай,
Отырды Күлтөбеге шығып барып.
Ойласып, кетуге еліне мынаны алып,
«Белгілеп хан сайласақ, қайтеді» деп.
Отырды бір-біріне ақыл салып,
Сөйледі Әйтеке би ақыл айтып.
—Ертерек тарайық,—деп,—елге қайтып.
Халықтың тынышы кетті, жарты ай жатып,
Сіздерге кеңес салам, қамыңды айтып.
Би қойған ел еңбегін ақтаймыз қайтып,
Төре жүр хан болам деп мұртын шауып.
Өзінің қара басының қамын ойлап,
Төрені хан қойғанмен оңдырмайды.
Кетеді ел бұзылып, халық тарап,
«Ақсүйек, таза тұқымбыз» деп.
Төре жүр көтеріліп кеуіл, халық айдап,
«Жиында жол біздікі» деп, халықты алдап.
Ел болып қатар қонған жер, үйі де жоқ,
Хан қойып отырамыз ба, соған қарап?
Өз халқым біршілікте тұрса түгел,
Төресіз де ел боламыз, халық қорғап.
Айбатты ерлері бар бұл қазақтың,
Дұшпанға оғын атқан, туын ұстап.
Халық қорғайды адуынды, артық ұландар,
Өзінше халық бола алмайды, басын құрап.
Төреге күніміз түспейді, жәрдем сұрап,
Әр елде соныменен жүр ғой тарап.