Кіші жүз шежіресі (9-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Қызға кездесу
Аулына Әйтекенің жетті келіп,
Астында тұлпар атпен екпіндетіп,
Өлеңмен Әйтекенің үйін сұрады,
Өнермен өрге жүзген өршеленіп.
Екеуі де адам екен тілге жетік,
Үйіне Әйтекенің тұрған келіп.
Қасына тиіп тұр еді сабылып,
Алыстан ат терлетіп іздеп келіп.
—Келе жатқан екі жүзден жолаушымыз,
Ауылы Әйтекенің осы болса,
Түсетін біздің барып қайсы үйіміз,
Асығыс ат үстінде сұрап тұрмыз.
Қыздан жауап
Шықты да үйден бір қыз берді жауап,
Тұр еді есік алдында шашын тарап.
Келе жатқан жолаушыға сырттан қарап,
Ат үстінен өлең айтқанына тұр таңырқап,
Қызғындап қыздан болды енді жауап.
Оларға былай болды айтылған сөз:
—Жолаушы екі жүзден келген болсаң,
Қонақжай он екі отау тігулі тұр,
Алдыңда қатар-қатар көргендей көз.
Жел сөзге желіккендей шамаңыз бар,
Қолайсыз есерлерден айтылған сөз,
Сыпайы болмай ма екен сынық мінез.
Келдің де ат үстінен салдың айғай,
Адамдай дым көрмеген, сіз, келеңсіз.
Алыстан ат терлетіп іздеп келсең,
Шақырып төрешіні қайымдаймыз,
Сізбенен айтысуға тайынбаймыз.
Әшейін екі жүзден іздеп келсең,
Берілер сұлу сөзбен сыбағаңыз.
Жолаушы, атыңнан түс, тынығып ал,
Шамалы осы арадан доғарамыз.
Шын жүйрік айдағанға желікпейді,
Қалғанын ертеңгісін қолға аламыз,
Дұшпанға ар жібермеген ауылымыз.
Сонан кейін Мәмбет сыншы жолдастарына кейіп: «Сендер осы елге айтысқа келіп пе едіңдер? Бір жұмысты жөндей алмай жүріп, өлең айтып не керек еді?»—деді. Бұлар да айтысайын деп тұрған жоқ еді. Шама көргісі келіп еді. Қыздың жүйрік екенін білді де қойды. Сонан кейін қызға өлең айтқан жауабы:
—Жел сөзге ашуланба, қарындасым,
Қатарынан артық туған, асыл затым.
Келеміз елден шығып елшілікке,
Қырғауыл шайыр, сұрасаң, менің атым.
Жақсыдан жарқын жүзді бала екенсің,
Шеге шайыр—Ұлы жүзден, бір жолдасым.
Баласың көңіл алаңға аңғарымды,
Және бар Мәмбет сыншы—кемеңгерім.
Екі жүздің елшілікке арналған,
Әйтекеде бар жұмысым.
Қыздың жауабы:
—Кідіріп бұл арада, тұрма қарап,
Үйі осы—Әйтекенің тұрсаң сұрап.
Қонақжай он екі отау тігулі тұр,
Сыртында ат байлауға тартылған желі,
Түсесің соған барып, атың байлап.
Жайлайды жайыңды істеп шайыменен,
Тың тұрған қызметкерлер қонақ жайлап.
Сыпайыға сыйымыз жұмыс істеп,
Тұрмаңыз бұл арада көп айғайлап.
Кетіп ед ас берудің кеңесіне,
Келеді ертең түсте сонан тарап,
Жайланып жатасыздар, соған қарап.
Қыздың сымбаты
Үйінде Әйтекенің бір қыз бар еді,
Сол кезде жас шамасы он бес жаста.
Бұралған жаңа өспірім талшыбықтай,
Бар сөзі ағып жатқан дария Нілдей.
Білмеймін қайдан келер сағасынан,
Сәулесі Стамбұлдың панарындай,
Самсаның жарық қылар даласындай.
Сынапты Мәмбет сыншы соны пайымдап,
Байқаған қыздың артық шамасында-ай.
Аршын төс, алма мойын, қоян жондай,
Қиғаш қас, қызыл ерін, жазық маңдай.
Қарасаң сырты сұлу, келіс келген,
Жарқырайды екі көзі жанған шамдай.
Ләйлідей лебіз ашса, сүйсінерлік,
Тілінің шырын, тәтті балы бардай.
Зейінді, ақылды, зерек бала екен,
Қомданып ұшатұғын қаршығадай.
Сәтімен туа бермес адам мұндай,
Кездескен екі шайыр тап сол қызға-ай.
Қырғауылдың Әйтекеге кездесуі
Айтқандай ертең түсте биің келді,
Жайланған қонақжайлы үйін көрді.
Көргенсін Әйтекені бұл үшеуі,
Түрегеп, қол қусырып сәлем берді.
—Біз келген екі жүзден елші едік,
Айтайын енді жайды сізге,—деді.
Қырғауылдың толғауы
—Құлағың сал, би аға, біздің кепке,
Елшіміз—Орта жүзден шықтық шетке.
Әуелі келіп едік Ұлы жүзге,
Төле би адам қосып жіберді сізге.