Кіші жүз шежіресі (7-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Маңдайын терлетпейді еңбек етіп талап,
Қожа жүр пір болам деп «а, Құдайлап».
Қожадан пір қояйық Ақ сүйіп,
Белгілеп берейікші ақ ту байлап.
Қожалар пір болам деп жүр таласып,
Үшеуі бейіс болып тұр ақылы асып.
Сопы аз кереметін көрсететін,
Аузынан оты шығып, жалын шашып.
Сапырлап аққу болып көкке ұшты,
Жер бетін буалдыр ғып тұмандатып.
Сонан соң сопы Әзіні бір қояды,
Халқы «а, Құдайлап» қойын сояды.
Жиналған адамдар етке тойды,
Таласып «мен болам» деген көп еді қожа,
Бұл жолы сопы Әзі алды абыройды.
Кеңесіп, ақылдасып үш би барып:
—Қай жүзге орнайсың,—деп талап қойды.
Сопы Әзі
—Рақым ет, бізге салсаң, балам, деді,
Болмаңдар, жоқтан сөзге алаң, деді.
Әділдік қожекеңнің айтқан сөзі
Қайсысыңа барам, Алла білер, деді.
Торы атты алдыға айдап жібер, деді,
Атым еріп кеткеніңе барам,—деді.
Айтқандай торы атты айдап жібереді,
«Қайсымыздың атымызға еріп келед» деп,
Үш бидің өздері де алаңдады,
Атына Әйтекенің еріп келді,
Апыр-ай, Кіші жүзге Құдай берді.
—Атағым Кіші жүзде болғанменен,
Айына бір айналып келем,—деді.
Деді де уағдалы күнін айтып,
Үш жүз де қолын жайып, дұға берді.
Үш би отыр еді басын құрап,
Бір жігіт жетіп келді, ақыл сұрап.
Төле би тоқтамастан берді жауап:
—Малдың жақсы болмағы—бағуынан,
Оттың жақсы жанбағы—жағуынан.
Қазыбек:
—Жігіт жақсы болмағы—малды тапса,
Әйелдің жақсы болмағы—ерге жақса.
Жұмаққа тоқтаусыз барады әйел—
Кідірмей жалғасынан алты ұл тапса.
Әйтеке:
—Биікке шықсаң, көзіңді ашады,
Нәпсіңді тыйсаң, иманың тасады.
Көп ұйықтасаң, қара басады,
Кәсіпсіз болсаң, қарның ашады.
Атың жаман болса, көп ішінде,
Басыңа ақырет жетеді.
Балаң жаман болса, қасиетің кетеді,
Әйелің жаман болса, иманың кетеді,—
Деп тоғыз ауыз үгіт айтқан екен. Сонда үш жүз «айыр тілді Әйтеке» деп атақ берген екен.
Үшеуі осыны айтып мінді атына,
Өсиет айтқан сөзі халқына нұсқа.
Қара деп ұлықсат жамиғатқа:
—Тыныштық Алла берсе абыройлы,
Түспеңдер,—дейді,—жаман әдет, бөтен салтқа.
Қызметке бөліну осы біткеннен соң,
Сонан соң билер қайтты елге тарап.
Шаттанып, келе жатыр елге қарап,
Ойға алған орындалып, таудай талап.
Әйтеке елге келіп, жатпайды қарап,
Тіккізді он екі отау қонақжайға,
Пейіл болып отырғансын халық сұрап.
Тігілген отаулары жұмыртқадай ақ,
Іші күміс, күлдіреуіші алтын шаңырақ.
Жайылған төр алдында палас, кілем,
Төселген төрге жайып, киіз аппақ.
Уық бау шын жібектен тізген маржан,
Қуырдаққа неше-түрлі нақыш табақ.
Бәрі сай үй-ішінің құралдары:
Тәрелке, шыны күміс, алтын табақ.
Қызметкерлер үй-ішінде жүгіріп жүр,
Көтеріп бірі—құман, бірі—табақ,
Келсе де қанша қонақ шытпай қабақ.
Сабада сапырулы сары қымыз,
Әр үйге қойған екен бие байлап.
Мырзалық мұнан адам өте ме екен,
Қонаққа сояды екен тай мен тайлақ.
Лайықты ерге лайық осындай іс-ақ,
Халық билеп, ықпал жүріп қонған соң бақ.
Баласы Кіші жүздің Алшын, Арғымақ,
Жылына кетеді екен болып қонақ.
Бұ жағын осыменен қоя тұрып,
Айтайын бір әңгіме Орта жүзден.
Отырған шекаралас қалмақпенен,
Қашаннан өшіккен жау о да бізбен.
Ұстасып келе жатқан ел ежелгі ізбен,
Жылына малын қуып барымталап,
Орта жүздің тынышын алып, ел бүлдірген.
Олармен қарсыласып, үндемеген,
«Еліміз аман болсын» деген ойменен.
Қазыбек елін жиып, салды кеңес,
Олармен табан тіреп, етпеді егес:
—Қалмақ көп ұрысқанмен, шама келмес.
Жерден ауып ағайын деп барғанменен,
Ұлы жүз Кіші жүзге қоныс бермес,
Олармен ренжісіп жөні келмес.