Кіші жүз шежіресі (10-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Жұмысым елден шыққан мынау еді,
Елімнің тапсырмасы бар елден елге.
Жақсылар тілектес қой біршілікке,
Тыным бермед қалмақ шауып елімізге.
Отырмыз жәрдем сұрап келіп сізге,
Бәріміз бір атадан тудық бірге.
Жылма-жыл қалмақ шапты елімізге,
Емес пе, қазақ деген арың бірге.
Шапты деп қазақты қалмақ,
Сырт дұшпан күлмей ме екен бәрімізге.
Кеңесіп көшпек болдық өзбек елге,
Дағдарып, қалып сасып тұрғанында,
Кез болдық бір үлкен қарт кемеңгерге.
Сөйледі жақын келіп Қазыбекке:
—Жер ауып өзбек халқына көшеміз,—деп,—
Қыласың кімге назды, кімге өкпе,
Айтқанмен сөзің өтпейді қалмақ итке.
Аталас екі жүзге хабар берсең,
Қалмақты қуып шығар, айдап шетке.
Туысқан ағайынға шыдамайды,
Шабады намысты ер ар мен кекке.
Осылай ақыл берді айтып көпке,
Отырған халық ықылас билерімен
Шыдасын нағып енді айтқан кепке.
Жолдасым қасымдағы Мәмбет сыншы,
Қосылған Ұлы жүзден ақын Шеге,
Сөйлеуге келді кезек енді сізге.
Және айтамын, биеке,
Тыңда менің сөзімді.
Бүлдірді қалмақ елімді,
Талқандады тауымды,
Небір асқар белімді,
Лайлады көлімді.
Желкеден қиды желімді,
Сындырды сөйтіп елімді.
Халық егесі, би аға,
Айтып тұрмын шынымды.
Бұл азарға шыда, аға,
Қазыбек сізге жіберді,
Арнап сізге хат берді,
Тапсырайын хатымды.
Халық егесі билерге
Айтқан сөзім батымды.
Қырғауыл шайыр мен болам—
Білдірейін атымды,
Бүлдірді қалмақ халқымды.
Құлақ салсаң, би аға,
Және айтатын сөзім бар:
Ол қалмақтың елінде
Қоңтайшы деген ханы бар.
Адамның әлі келмейтін,
Қорен деген зоры бар,
Саранақ деген қала бар.
Қыш пенен шойын, қорғасын,
Айнала құйған қорған бар.
Жылма-жыл шауып елімді,
Олжалауға болды құмар.
Тынышын алды халқымның,
Барымталап, мал қуар.
Жүрегі шайылып, қорқып,
Әйел, бала жылайды зар.
Діні сасық ит қалмақ,
Қылмайды мейірім, қанқұмар,
Үш алаш болып бас қосып,
Күн болар ма аттанар.
Қалмақтан барып кек алсақ,
Тарқар еді бір құмар.
Бұрын хабар бере алмай,
Өзімізде кінә бар.
Қария қарт болмағанда
Бұл ақылды кім табар.
Кіші жүзде ер болса,
Өзіне қойса жауға шабар.
Қайратты туған ер жігіт
Қалмақтан барып кек алар.
Аузыңнан лайық шыққанша,
Болып тұрмыз ынтық-зар.
Көмек сұрап келіп тұрмыз,
Бізге қандай жәрдем бар?
Қазыбек жұмсап жіберді,
Деген сөзі «айтып бар».
Шегеден
Азырақ сөз сөйледі ақын Шеге,
Теңіздей толқын сөзді төге-төге.
—Екі елші келіп еді біздің елге,
Мәнісін Қырғауыл айтып түсіндірген,
Төле би қосып жіберді мені сізге.
«Қамданып аттанатын бола қойса,
Уәделі күнін айтсын» деді бізге.
Асылы, білімдіге түсінікті,
Көп айтып неге керек, сөзді көпке.
«Ұлы жүз баратын болса, дайындала берсін» деп Шегені бұрын қайтарайын деп, Әйтекенің берген жауабы:
—Шеге шайыр, құлақ сал,
Біздің айтқан жауапқа.
Аттанбасақ бола ма,
Ағайын шапқан қалмаққа.
Шыдаймыз неғып, қарағым,
«Қазақ» деген ұранға.
Қалмақ қазақты шапты деп,
Қалмаймыз ба атаққа?
Қашаннан қалмақ бізбен жау,
Алмай ата кектерін,
Кім шыдайды намысқа.
Орта жүз жатса, шабылып,
Созбаймын сөзді алысқа.
Төле биге сәлем айт,
Аттанамыз ағұста.
Дайындалсын Ұлы жүз,
Баратын болса, соғысқа,
Жата берсін қорықса.
Кіші жүз түгел аттанып,
Кете берем қарамай.
Ел шабылып бөлінсе,
Ерлер де болмас шыдаған.
Жақайымда Жылқайдар—
«Менмен» деген ер, сұлтан,
Ерлердің нағыз қыраны.
Қысылған жерде қай ағам,
Болатын ерің қорғаны.
Он екі ата Бай ұлы,
Хат жазамын Сырымға-ай.
Сырым айтса ол елге,
Кетпейді жұмыс қырынға-ай,
Ол елдерде ерлер көп,
Жүрмейтін қарап, ұрынбай.