Кіші жүз шежіресі (12-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Батыр ед жау дегенде тартынбаған,
Белінде алмас қылыш жарқылдаған.
Батыр бар Қарасақал Дабыл деген,
Батыр ед дұшпанға ар жібермеген.
Естісе, жау хабарын жата алмайтын,
О да ер жау дегенде қарсы жүрген.
Ойлайтын халық қамын адам еді,
Ер еді Қарасақал елі сенген.
Баубекте батыр Шарабалық,
Жау хабарын естісе,
Қатардан қалып тұра алмас.
Қолында атар мылтығы,
Кездескен жау шыдамас,
Қайтпайтын жаудан ер еді.
Белінде бар ақ алмас,
Сілтегенде жан қалмас,
Алдында дұшпан тұра алмас,
Астында бар бедеу ат—
Қашқан жауды құтқармас.
Жау дегенде желігіп,
Ауылда қалып, жүре алмас.
Батыр бар Айдарбектің Көнсадағы,
Қаруы—көннен садақ қолындағы.
Тартқанда көн садақты ат үстінен,
Жаулары қарсы тұрмайды алдындағы.
Кетеді атқан оғы тастан өтіп,
Қашады дұшпандары алдындағы.
Далаға кетпейді екен атқан оғы,
Үйренген өнер екен жасындағы.
Ер екен қайтпайтұғын жаудан беті,
Ар-намыс, ойлағаны—елдің қамы.
Батыры Айдарбектің Жәніке Сары,
Кетпеген дұшпанына кеткен ары.
Сескеніп қорғалаған дұшпандары,
Асынған қару-жарақ, алмас қылыш,
Алдына жан шыдамайды келсе кәрі,
Тыңдайды айтқан сөзін халықтың бәрі.
Бір батыры Айдарбектің деген Тайлақ,
«Жау» десе, қарсы шығады, салып ойнақ.
Үстіне киген көк сауыт,
Асынған алмас қылыш, ақ балдақ.
Қолында найза, көк сүңгі,
Атына асығыстан мінген жайдақ.
Тағы бар Есенәлі, Ақсары Абылай,
Шауыпты түрікпенге ол екеуі,
Көк мойын, алып келіп наз бедеуді.
Халқына жайылып тұр кеп Абылай,
Естісе, жау хабарын жатады қалай?
Балуанда Шүкіман,
Көзін ойып дұшпанның,
Қаршығадай шоқыған.
Астында жүйрік аты бар,
Қуалап киік ұстаған,
Ақиректің шыңынан.
Құттықта бар Киікбай,
Батыр еді киелі-ай!
Жалғыз жауға шабатын,
Жан-жағына қарамай.
Елмен желігеді екен,
Егескен жерден,
Қайтпайтұғын қадалмай.
Шыдамайтын арынына,
Ойлайтын халық қамын-ай!
Бұл хабарды білген соң,
Шығады жауға тайынбай,
Батыр еді Тарғындай.
Жанына барып қайтты Тілеуқабақ,
Ерлері айтып болмайтын адам санап.
Біреуге—жүрген өзін мыңға балап,
Жауына қарсы жүрген, соған қарап.
Ішінде ерлері бар түйген қабақ,
Оларда басқаратын Арыстан, Көтібар.
Жауына ту көтеріп, атқан садақ,
Астына мінген жүйрік жыланкөз ат.
Ат екен қалың жалды, қабан құлақ,
Кең танау, кебеже құрсақ, жалпақ тұяқ.
Жыраның өңіріндей біткен саңлақ.
Ат екен жайдай атқан, нағыз тұлпар,
Қашқан жау құтыла алмайды, кетіп жырақ.
Атақты Жақайымда Сартай бар еді,
Мінгені Сартай ердің Шалқасқа ат.
Мысалдай Шораның Шұбарындай,
Белгілі тап өзіне кездескен ат.
Бойында қару-жарақ ерге лайық,
Үстінде сауыты бар жеті қабат,
Асынған алмас қылыш, өңшең болат.
Тағы бар Жақайымның Жылқайдары,
Көк сауыт үстіне киген жеті қабат.
Асынған қару-жарақ өңшең болат,
Атқанда іркілмейді, қолда садақ,
Өтеді тастан жарып қабат-қабат.
Және бар Жақайымда батыр Мыңбай,
Түнеріп жауатұғын қара бұлттай.
Дұшпанға жалғыз жүріп салған айғай,
Өштескен жауларынан кек алады-ай,
Естісе жау хабарын жатады қалай?
Бір батыр Жақайымда Сүгір деген,
Қорғалап, жау дегенде кідірмеген.
Ер еді дұшпанынан мүдірмеген,
Батыр ед жау кездессе, көрем деген,
Ойы жоқ жаудан қорқып өлем деген.
Бар еді Жақайымның Қойқожасы,
Кем емес қатарынан қара басы.
Дұшпанға кегі кетсе келеді ар-намысы,
Астына мінген жүйрік Салторысы.
Естісе жау хабарын жата алмайды,
Қолында басты кесер ақ алмасы,
Тайынбай шығады о да жауға қарсы.
Айтып болдым елдегі,
Атағы шыққан ерлерден.
Жақайым Қорымға ас беруге
Жиналады соған елімен.
Халқыменен кеңесіп,
Айтамын сонда мен саған,
Баратұғын уәделі күнімді.