Кіші жүз шежіресі (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Ол күнде өзбек, тәжік, моңғол, қалмақ—
Бәрі де бізге дұшпан, шықса қаяу.
Сескеніп, қорыққанынан дұшпандары,
Үстінен баса-көктеп өтпесін жау.
Олжалап, қалмақ елін шауып жалғыз,
Айдапты адамдарын топтап жаяу.
Баласы Жанарыстың—Алау батыр,
Кенжесі үш арыстың болғаннан соң,
Атанып «Кіші жүз» деп келе жатыр,
Шығыпты Кіші жүзден Алау батыр.
Халық болып сонан тарап келе жатыр,
Туыпты Алау батыр—Алшын, Арғымақ,
Ақ орда, жүрген жерге құрған шатыр.
Жетіру Арғымақтан Жағалбайлы
Сарыарқа—кең даланы жайлап жатыр.
Туыпты Арғымақтан Төлеу мырза,
Сабырлы, салтанатты, халық риза.
Құралып жеті ру ел болыпты,
Нанбасаң, қариялардан сұрап қара.
Айтайын Жетірудан талдап тағы,
Халайық, құлақ салып естісең сол.
Туса да Арғымақтан жалғыз Төлеу,
Жетіру—жеті сала ел болды бұл.
Кемеңгер—тәуір адам екен, ақылы мол,
Естіп Жетірудан білгенім осы,
Көп әңгіме естімедім, жазуға мол.
Ұмтылып көңіл, шіркін, талпынғанмен,
Жетпейді алыс жерге, ұсынса қол.
Жетіру мыналар: 1. Төлеу. 2. Жағалбайлы. 3. Рамадан. 4.Табын. 5. Тама. 6. Кердері. 7. Керейт.
Табыннан Сәрке батыр батыр шыққан. Сәркеден Бекайдар, Бекайдардан Байқадам, Байқадамнан Сейіл, Сейілден Бекқұлы, Бекқұлыдан Жанұлы туады. Тамадан Есет батыр шыққан.
Айтайын, енді әңгіме Алшыннан деп,
Ол кісі әрі батыр, әрі ақылды,
Кісі екен кеңпейілді, Құдай берген.
Тасқындай даладағы құралысып,
Бәрі де Алшын ерге деп келіскен,
Паналап қарауында жүре берген.
Жайлауы—Ботақараның сары даласы,
Келмеген қарсысына жан баласы.
Қорғаған қарауындағы елді аман,
Адамның солар екен—ер данасы.
Туыпты сол Алшыннан Қыдуар тентек,
Ағайын-туысының тынышын алып.
Қолына шоқпар ұстап, алған келтек,
Қарадай қарауындағы айырылды деп,
Сол күнде халық шулап, қылған өсек.
Құдабайдан Байұлы мен Табын, Кесек
Айырып шекарасын айту керек.
Байұлының шын аты—Қыдырқожа,
Байұлы он екі ата өніп-өсіп,
Киев пен Астраханды жайлап жатыр.
Батылдық, ақылымен халық қорғап,
Шығыпты Байбақтыдан Сырым батыр.
Үлгілі халқына нақыл айтқан сөзі,
Белгілі халық аузында келе жатыр.
Тарайды Байұлынан Адай, Баршық,
Жүреді өзі тентек, қыңыр жүріс.
Және де іске кетуі Текебай тентек,
Қосылса адамменен басы келіс.
«Танысаң—Адайыңмын, танымасаң—
Құдайыңмын» дейді екен, сөзі шалыс.
Туыпты Байұлынан жеті бала,
Аттарын мен айтайын, оқып қара:
Шын аты Байұлының—Қыдырқожа,
Туыпты бәйбішеден—бұл үш бала.
1. Қыдырcиық. 2. Бақтыcиық. 3. Сұлтанcиық. Екінші әйелінен Жаппас туады. Үшінші әйелінен Алшын туады. Баршабике деген қызынан Адай туады. Жетішынтақ деген жаудан әкелген әйелден Беріш туады. Қыдырсиықтан Айcиық туады. Бақтыcиықтан Серкеш туады. Сұлтансиықтан Байбақты, Тана, Қызылқұрт, Масқар, Алаша—бес бала туады. Осылармен он екі ата Бай баласы болып атанып жүр.
Осымен Бай баласын баяндадым,
Айтуға білгенімше аянбадым.
Енді мен Қаракесекті баяндаймын,
Туыпты Қаракесектен Әлім, Шөмен
Мінеки, тыңдасаңдар соған келдім.
Қаракесектің шын аты—Қадырқожа,
Енді мен Қаракесекті баяндайын,
Білгенше қолдан келсе аянбайын.
Өлең-жыр—ата кәсіп—еткен ермек,
Суырылған жүйрік емеспін сөзге дайын.
Туыпты Қаракесектен Әлім, Шөмен,
Байсары бір баласын айырмайын.
Тыңдасаң құлақ салып, жамағаттар,
Үйінен жүкті келіп туған екен,
Атамыз осы араға еткен күмән.
Болса да өз қалыңдығы, сенгіштік аз
Деген бар білмегеннің іші тынар.
Болмаған екеуінде сүйіспендік,
Өзінің әні сондай қылығынан.
Әйелі ауру болып, қаза тапты,
Байсары баласы екен сонан қалған.