Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарақыпшақ Қобыланды батыр (24-бөлім)

Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 1 мин оқу

Сол уақытта Қарлыға
Ат көтіне мініп қалады.
Қарлыға сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Айналайын, Бөкенжан,
Құлдығым бар өзіңе,
Құлағың сал сөзіме.
Кәрі қақбас әкеңді
Көрсетіп өлтір көзіме.
Бөкен сынды-ай жас бала—
Қайраты болды масқара.
Қарлығаны жетелеп,
Қия жерде төтелеп,
Қарлығаны алып келеді.
Қарлыға енді келген соң,
Қобыланды батыр көрген соң,
Некахын енді қимаққа
Молдаларды шақыртты.

Сол уақытта Қараман жүз сексен бас ордасын тігіп, Қобыланды менен Қарлыға екеуін алдырып, бір-бірімен келістіріп, сөйлестірді.

Сонда Қарлыға сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Өзімнің әкем Көбікті
Сенің үшін өлтірттім.
Әкемнен шықпай жатқанда
Басымды сауғаға Қараманға бердің.
Оны не қылайын, еліңді жау алғанда,
Қараспан құрып қалғанда,
Жұртың болды арманда.
Төртеуіміз барғанда,
Өзім інім Біршымбай
Төрт-төрттен найза салғанда,
Төртеуіміз меңдеп қалғанда,
Жалғыз інім Біршымбай
«Жан апа» деп жылаттым,
Біршымбайды аттан құлаттым.
Сенің үшін Қобыланды—
Сонда да қадірім білмедің.
Шақырып едім шатырға,
Сөзімді сыйлап келмедің,
Халі-жайым білмедің,
Бір қайырылып көрмедің.
Сонан саған өкпелеп,
Хан Шошайдың алдында
Ескі кекті мен алдым.
Етбетінен бір салдым,
Қазір өлтір, міне, бас,
Көзімнен аққан, міне, жас,—дейді.

Анда Қобыланды сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Өлгенше ғұмырың тілеген,
Ақ торғынға бөлеген
Өзің әкең Көбіктіні өлтірдің,
Әкеңнен жақын кім еді?
Қарақыпшақ Қобыланды
Танымайсың, нең еді?
Осы отырған Қобыланды
Не қылғанда саған сенеді?
Жалғыз інің Біршымбай
«Жан апа» деп жылаттың,
Біршымбайды аттан құлаттың,
Ініңнен жақын кім еді?
Осы отырған Қобыланды
Не қылғанда саған сенеді?

Сонда кінә Қарлығаның мойнына ауып, өкіріп жылап қоя берді. Сол уақытта жұрт бәрі Құдайдың бұйрығы деп Қарлығаны Қобыландыға неках оқып қосты. Сонан соң Қарлығадан бір ұл туды. Ұлдың атын Киікбай қойды. Киікбай әм мықты болды. Мықтылығы Бөкенбайдан он есе артық болды. Киікбайдың жағын Бөкенбай алып келуге жарамады.

Сөйтіп, бұрынғы қазақтың батырлары мұратына жетіпті.

Тағы оқыңыз