Қисса Ғауазхан (18-бөлім)
Көрұғлы · 2 мин оқу
Хақ Тағала хабар бізге берген соң,
Шын мұғайын анық түсті көрген соң.
Жүз батырмен салдым қырғын дұшманға,
Жанды аяп не қылайын ерден соң.
Қайтармасын Тәңірім берген бұл бағын,
Көп қираттық қызылбастың боздағын.
Пері қыздар шақырған соң тез келіп,
Төбесіне құрып ұрды ойнағын.
Алатаудың пері толтырды даласын,
Пері қыздар қоймай қырды баласын.
Біздің елде бір жыл жатып жазылды
Жетпіс екі қылыш тиген жарасын.
КӨРҰҒЛЫНЫҢ ТЕРМЕСІ
—Айналайын, шырағым,
Рас па, айтшы сөзіңді?!
Жолығып едім қасіретке
Қартайып тұрған кезімде,
Сенен несін аяйын.
Елібаймен бір қосып,
Хан қояйын өзіңді
Текежәуміт еліме.
Дұшманынан кек алған
Арыстан туған еріңді.
Таниын жауға оқ атқан
Қатар туған теңіңді.
Танымаған құрбысын
Жамандықтың белгісі.
Тәж-тақтым да сенікі,
Төмен орын менікі,
Жоғары орын сенікі.
Тастап келіп еліңді,
Тауыпсың енді теңіңді.
Қысылған жерде қолдапсың
Ғауаз батыр еріңді.
Еңбегің үшін алыңыз
Шаһар Жәмбілбелімді.
Ерназар, тыңда зарымды,
Көтердің шат қылып белімді,
Сенен несін аяйын
Маңдайымда барымды.
Оның үшін алыңыз
Жарты жиған малымды.
Қараспан таудың даласы,
Ат шаппаққа лайық-дүр
Тауларымның саласы.
Мұны да сізге берейін
Құс салған Һауадақ көлімді.
Ерназар алды тілегін
Іздеп келген ханынан.
Қаншама алтын, мал берді
Маңдайдағы барынан.
Үш перизат қатыны
Қызмет етіп алдынан.
Амандық хабар білген соң
«Қырық жігітім қайда?» деп
Көрұғлы қақты барабан.
Ақ сауыты жарқылдап
Ерлер келді даладан.
Алдынан шығып бармаққа,
Жақсылық хабар білген соң,
Шыдай алмай мінді атқа.
Көрұғлы сұлтан жөнелді
Бет алып Һауадақ көліне.
Шыдата ма Бозтарлан
Қатар шапқан жарыстан
Озып кетті көріне.
Ауыздықпен қарысқан,
Көрұғлының Мәжнүнкөк
Қалмаған о да шабыстан.
Ерназар озып кетеді,
Шынымен сілтесе,
Шеніне бармай кетеді.
Бал Қара аттың жоқтығы
Арыстанға батады.
Аттан түсіп Көрұғлы,
Жер бауырлап жатады.
Сонда сұлтан зарлайды,
Қара атым деп, арыстан:
—Қайран Қара ат, тұлпарым,
Басылмаған құмарым,
Қатар шапқан жарыстан
Мыңнан озған сұңқарым.
Басылар күнім болар ма,
Сені көріп іңкәрім?
Көрұғлы сонда жылайды
Қара атым деп, арыстан.
Қарасын үзіп кеткен соң
Наза болды данышпан.
Көңілге қапа салады,
Басын тартып Тарланның
Ерназар тосып алады.
Келе жатқан көп ердің
Қарсы алдына барады.
Ғауазханды көрген соң,
Көрұғлыдай еріңнің
Көңілі сонда тынады.