Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Түркімен Қасымхан (3-бөлім)

Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Сонда Хасан сөйлейді,
Сөзін тыңдап қарашы:
—Айналайын, Қасымжан,
Жалғыз едің басынан.
Балдырғандай қайысқан,
Он саусағың майысқан,
Кем еді, қарғам, жасың-ай.
Қызылбастың Жанәділ
Көп соғысып ала алмай,
Еліне салғырт сала алмай,
Ағарды менің шашым-ай.
Барма деймін, тіл алсаң,
Қасым сынды асыл-ай.
Тілімді алмай, сен барсаң,
Айтпады деме, қарағым,
Қиындық келер басыңа-ай!

Аңла, күшін айтайын:
Қызылбастың халқына
Қырық мың әскер қол болып,
Неше дүркін аттанып,
Алайын деп барғанмын.
Жанәділге бір ойран
Салайын деп барғанмын.
Алмақ түгіл елдерін,
Сынып қайтқан белдерім,
Қырылып өзім қалғанмын.

Айналайын, Қасымжан,
Ала алмайсың елдерін,
Сынып қайтар белдерің,
Тілімді алсаң, сен барма,
Тілеп алған, жалғызым,
Айттым ғой қиын жерлерін.
Алты айшылық жолы бар,
Алты айшылық шөлі бар.
Шөл жеріне барғанда
Шөлден өлер, Қасымжан,
Бәйгеден озған керлерің.

Және дағы айтады:
—Қара теңіз бойында
Арал деген шаһары.
Жанәділдей сұлтанның
Аждаһадай қаһары.
Шаһарының аузында
Он екі қабат оры бар.
Он екі күндік жерлерден
Болаттан жайған торы бар.
Оған барған батырдың
Маңдайының соры бар.
Жанәділдей сұлтанның
Басы бақыр қазандай,
Сырты сары сазандай,
Шаңырақтай көзі бар.
Арыстандай ақырған
Әжептәуір сөзі бар.
Жүз елу мың әскері,
Қырық мың ерлік өзі бар.
Атса, мылтық өтпейді,
Қарғаса, қарғыс жетпейді.
Түрікпен, түрік елінде
Қытай, Қырым жерінде
Онан батыр өтпейді.
Әскер жиып сен барсаң,
Барғаныңды кектейді.
Тақияның тас қамал
Тас қорғанын бектейді.
Кіретін жоқ есігі,
Бас жағында тесігі.
Тесіктен атқан зеңбірек
Тас төбеңнен көктейді.
Тілімді алсаң, сен барма,
Қарағым, әлің жетпейді.

Қасым батыр сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Азаматым, жүріңдер,
Ден сауында аралап
Жер қызығын көріңдер!
Құрбы менен құрдасым,
Уайымсыз еріңдер!
Ер жігіттің белгісі
Қиямен көшпей ат шықпас.
Баянсыз пәни, білесің,
Қолда бақи тұрмасын.
Қызылбасқа баралық,
Барып ойран салалық,
Өлсек дағы, дүние-ай,
Көңілде арман қалмасын.
Бізге мұндай күн қайда,
Жауға аттанып шабысар,
Қызылбаспен алысар,
Бір күн Құдай алғансын.
Өкінгеннен пайда жоқ,
Өткен іске хайла жоқ.
Не көреміз жалғаннан,
Қараңғы көрге салғансын?

Сонда тұрып ер Қасым,
Жұрт жалынса болмады,
Жұрттың тілін алмады,
Көптің тілін не қылсын,
Көп әскердің бастығы
Хасанның тілін алмады,
Сөзіне құлақ салмады.
Түрікпендей халқынан
Жалғыз батыр Қасымхан
Атқа мініп барады.
Қарабай атты жас бала,
Қайраты оның қисапсыз,
Қасымханнан қалмады.
Қасым менен Қарабай
Тұлпар мініп жарысып,
Үзеңгісін қағысып,
Қызылбастың еліне,
Қара теңіз жеріне
Ұшқан құстай парлады.
Бейітханның Қарабай,
Жеке біткен қарағай
Егескен жерден ар алып,
Қасарған жерден қан алып,
Дәл он екі жасында
Салды жауға бұлағай.

Қасым менен Қарабай
Тұлпарларын мінеді,
Бес қаруын іледі,
Бір Тәңірден тіледі.
Арыслан туған ер Қасым
Кісінің тілін алмайтын,
Қайсардың қара тасындай
Қасарысқан ер еді,
Енді екеуі жүреді.
Екі бірдей сұңқары
Көлден ұшып кеткенсін,
Айтқан сүрегі біткенсін
Түрікпен халқы жылады.
«Қасымхан жалғыз кетті,—деп,
Басыңнан дәурен өтті» деп,
Сегіз арыс Сейілхан,
Қырық мың әскер жиналып
Хасанханға келеді.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз