Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Ғауазхан (8-бөлім)

Көрұғлы · 2 мин оқу

Қараса диуананы көзі көрді,
Дүниеде жүйрік жоқ деп мұнан әрі.
«Тез бер!»,—деп,—жесірімді, қызылбастар»,
Бұрқырап қаһарменен айқай салды.

Қара атты көрсетпейді қызылбасқа,
Қоймады ықтиярды тыңдамасқа.
Уақыты жаңа қызып жеткен екен,
Тұрмады байласа да тау мен тасқа.
Патша айтты:—Сен қағаздан қалып едің,
Бұл елге көптен бері мәлім едің.
Жүретін ұрлықпенен диуанасың,
Аттардың сен артынан барып едің.

Тұра тұр сабыр етіп, ей, диуанам,
Шапқаның рас болса бердім саған.
Сенбей тұр «барған жоқ» деп жиылған көп,
Тұра тұр, айдаушылар келсін тамам.

Айдаушы балалар мен бәрі келді,
Жиылып диуананы көзі көрді.
—Сендермен бұ да бірге шапты ма? деп,
Падиша бас-басынан сұрайды енді.

—Сұрама диуананың қылған ісін,
Тыңласаң бек күлесің мәжілісін.
Есіткен-білгендерін бастан-аяқ
Баяндап айта берді әңгімесін.

Көп айтты:—Мұның аты талап кетті,
Ақсатып кейбіреуін хараб етті.
Жіберді ұйықтап қалып бір күн кейін,
Айдаушы айтты:—Бізді ол сабап кетті!

Шуылдап падишаға бала келді,
Айдаушы ат иесі және келді.
Қамшының жауырындағы өткен табын
Билерге хан алдында көрсетті енді.

Патша айтты:—Бұл ақылсыз диуана-дүр,
Жалғызға хүкім ету не шара-дүр.
Келгенін қай шаһардан кім біледі,
Сөйлейтін алдұр-бұлдұр диуана-дүр?

Қара атын диуана жүр аяңдатып,
Ешкімге қосылмайды тауда жатып.
Әркімге лайықты сыйын беріп,
Патшаңыз жібереді той тарқатып:
—Жалғыз қыз, енді саған лайық жоқ,
Шаһизат кез болмады асылдан тек.
Қалба алды, жаңа озып аты келіп,
Патшаңыз қатынымен жылайды көп.

Падиша қатынымен үйге кетті,
Ас ішпей тартты енді қасіретті.
«Жын ұрған бір диуана сені алад деп,
Көп мырза қызға келіп хабар етті.

Қызбенен бұлар қас-ты көзге ілмеген,
Бір ауыз тым болмаса сөз бермеген.
«Күйеуің диуана» деп Жұлдызайға,
Сықақтап, келемеждеп хабар берген.

—Былшылдама, жиылған, қызылбасым,
Тарады тұла бойға ішкен асым.
Жүре бер көп сөйлемей өз жайыңа,
Түбінде кім екенін аңғарарсың.

Жігіттер ұялғаннан кетіп қалды,
Қуанып қыздың көңілі бек шаттанды.
«Күйеуін аты келген алдырсын» деп,
Қыз сонда атасына хабар салды.
Келер деп күйеу қашан бұл сарайға,
Қырық қызды мұнарадан қаратқан-ды.

Сарайын алтындаған тазалатты,
Бұл істен Жұлдызайдың көңілі шат-ты.
Қыздары қырық кәнизак атлас киіп,
Алдына тамашалап сырнай тартты.

Сарайға шыр айнала жақты шамды.
Түсінде көргеннен соң паришанды.
Пақырлар келіп жатыр Жұлдызайға,
Нашарға бүгінгі күн нәсіп болды.

Күмісті алтын менен үлестірді,
Ішінен көп жад етіп бір Құдайды.
Патша қыз мырзалықтың аузын ашты,
Қол жайып осындайда алдық деп.

«Мақсатын қабыл қылмай бір Құдайы,
Теңіне мендей пенде қосылмайды.
Келетін диуана боп ат қосуға,
Жігітім түсте көрген осылай-ды.

Көрмей-ақ мен сыртынан болдым ғашық,
Жасаған әйласын деп бізге нәсіп».
Қатынға құтты болсын айта келген
Басына жібереді гауһар шашып.
Ажары бұрынғыдан артық болды,
Отырды күндей балқып, судай тасып.
Келер деп күйеу қашан бұл араға,
Сұлулар мұнарадан тұр қарасып.
«Разы диуанаға болды ғой» деп,
Қатындар қайтты үйіне таңырқасып.
Патшаның ханымына бәрі келіп,
Шуылдап сөз сөйлейді хабарласып.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз