Түркімен Қасымхан (1-бөлім)
Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Бұрынғы заманда Хиуа шаһарында сегіз арыс Сейілхан, яғни түрікпен жұртында Көрұғлы ханның асырап алған баласы Хасанханның ұлы Қасым батырдың он бес жасында қызылбастың Жанәділ деген патшасымен соғысқаны-дүр.
Белде-белде, белде өткен,
Белдің сәнін келтірген
Қоғалы қара көл де өткен.
Көлдің сәнін келтірген
Жағалай қонған ел де өткен.
Елдің арын жоқтаған
Еңіреген ер де өткен.
Ойық желке, көк мойын,
Бәйгеден озған кер де өткен.
Қысқа күнде қырық шапқан
Арыстан туған шер де өткен.
Қарқаралы хан да өткен,
Хандар мінген тақ та өткен,
Маңдайға біткен бақ та өткен.
Бұлбұл құстай сайраған
Шежіре таңдай жақ та өткен.
Бесқала, Бессам жерінде
Хиуаның ішінде,
Түрікпеннің елінде,
Хасанханның баласы
Қасым деген ер де өткен.
Ат жалын тартып мінгенсін,
Он бесіне келгенсін,
Қызылбас, қытай жауына
Мылтықтың оғын күңіренткен.
Мінген аты Көкаяқ,
Тұлпардан туған жез аяқ.
Алтын балдақ қолға алып,
Жауды көрсе тұлданып,
Талай жауды еңіреткен.
Солардан өткен сұм дүние,
Түбіңе сенің кім жеткен?
Онан туған кім десең?
Сейілханның баласы,
Түрікпеннің жағасы,
Асылда туған хан Бисін,
Ырғала басқан паң Бисін,
Соғысқан жері қан Бисін.
Он жасында оқ атқан,
Талай-талай батырдың
Басын кесіп жоғалтқан.
Қаһарланса хан Бисін
Қар жаудырған қабақтан.
Қозы жауырын, қу жебе
Қойны толған садақтан.
Кешегі өткен ер Бисін,
Өліп кетті демесең,
Кем болмаған қазақтан.
Және дағы туыпты
Хан Бисіннен Қабыл хан.
Онан да ерлік табылған,
Жау көрмесе сағынған.
Қарқаралы хан болып,
Сегіз арыс Сейілхан
Бір өзіне бағынған.
Қабылдан туған Хасанхан
Негізі нұрдан жасалған.
Қайсардың қара тасындай,
Дұшманын көрсе, қасарған.
Жауды көрсе желігіп,
Екі көзі жасарған.
Қызылбас пен қытайдың
Екеуін бірге қостырған.
Еділ менен Жайықтан
Қалмақтың халқын бостырған.
Ерегіскен дұшманын
Алдына салып жостырған.
Сонан бір өлген секілді
Ноғайдың ханы Қашқар хан.
Еділ, Жайық екі арна,
Әмірі жүрген Астархан.
Көрұғлы ханның қолында,
Өзбектің халқын басқарған.
Көрұғлы ханның ер Хасан
Асырап алған баласы,
Оған кімнің шарасы?
Атса, мылтық өтпеген,
Қарғаса, қарғыс жетпеген,
Болыпты батыр, шамасы.
Жалған емес бұл сөзім,
Кітаптан көрген сарасы.
Хасан патша билеген
Сегіз арыс Сейілхан.
Хасаннан туған Қасымхан,
Бес қаруын асынған,
Оғы жауға шаншылған.
Ат жалын тартып мінгенсін,
Он бесіне келгенсін,
Ерегіскен дұшманы
Аяғына бас ұрған.
Сейілханның елінен,
Хорезм, Бұхар жерінен
Батырлығын асырған.
Он бесінде Қасымның
Басы бақыр қазандай,
Сырты сары сазандай.
Жауырыны бар қақпақтай,
Желке айдары тоқпақтай.
Екі қары шатқалдай,
Тұла бойы, ниспасы
Жауға құрған қақпандай.
Екі көзі жауһарлы,
Жауға шапқан сақтанбай.
Екі беті ажарлы
Қырмызы қызыл мақпалдай.
Қызылбаспен соғысып,
Жалғыз өзі мақтанды-ай.
Он бесіне келгенде
Қызылбаспен қас болып,
Ерлігіне мас болып,
Жауға жалғыз аттанды-ай.
Еңіреген ер еді
Арпа ішінде бір бидай.