Қисса Ғауазхан (16-бөлім)
Көрұғлы · 2 мин оқу
Батырға о да берді ықыласты,
Теңгермей перизатқа ғазиз басты.
«Шақыр,—деп,—керек болсам сіздерге егер»,
Басынан беріп еді бір тал шашты.
Тұтатты шашын отқа Құндызайдың,
Тамамдап айтты бәрін осы жайдың.
Аспаннан алтын тақпен келіп қалды,
Артықша пендесі екен бір Құдайдың.
Қасында қырық қызы бар аққу кепті,
Күш берген оларға артық Құдірет-ті.
Ашқанша көзді жұмып шаһизада
Аспаннан алтын тақпен жетіп кепті.
Ғауаздың басын сонда алдына алды,
Жатқанға шыбын жаны бек қуанды.
«Ойнағын перілердің шапшаң құр» деп,
Қырық қызға қаһарменен айғай салды.
Әскердің ойнақ құрды төбесіне,
Бұл айтқан құлақ салғын кеңесіне:
—Тез жылдам таспен ұрып қырып таста,
Обал деп бұған қайғы жемей, сірә.
Қырыңыз таспен атып қызылбасты,
Аяма діні жаман өңшең насты.
Тимесін ақ сәлделі мұсылманға,
Кесермін жазым қылсаң өз басыңды.
Ақ сәлделі хақ мұсылман Елібай,
Иман берер пендесіне бір Құдай.
Жазым қылма Ерназардың әскерін,
Жайын оның білмесеңіз осылай.
Пері жиды Алатаудың тастарын,
Қоспай кетті бір-біріне бастарын.
Тас төбеден пері ойнақ құрған соң,
Қырып салды қызылбастың әскерін.
Патшасы жалғыз қайтты елдеріне,
Шаһар салып мекен еткен жерлеріне.
Дүние толған көп кәпірлер сап болды,
Кіргендей боп әкесінің көрлеріне.
Қайтып келді Елібайдың батыры,
Қырылған соң алдындағы кәпірі.
Он екі ер шаһид болып өліпті,
Қайырлы боп бұл жұмыстың ақыры.
Ерназар пері қызбен амандасты,
Қол алып бір-бірімен ықыласты.
Қалайша етеміз деп Ғауазханды,
Жігіттер қыздарменен ақылдасты.
Қыз айтты:—Алып елге кетейін,—деп,
Мақсатқа алып барып жетейін,—деп.
Дүниедегі дәрігердің бәрін жиып,
Бір дәру жарасына етейін—деп.
Болмайды бұған риза Ерназарбек,
—Бәріңнің айтқаныңа көнбеймін,—деп.
Көһи Қап жердің шеті, ойлап тұрсам,
Алысқа сізге барса кетеді,—деп.
Бармасқа Көһи Қапқа мақұл көрді,
Кетуін ұнатпайды, алыс жер-ді.
Шарқ ұрып дүниені пері қыздар,
Жиыпты ғаламдағы дәрігерді.
Жараға дәрігерлер дәрі салды,
Бір нәрсе ажалсызға себеп бар-ды.
Халқында Елібайдың бір жыл жатып,
Саламат Ғауаз батыр жазылған-ды.
Ерназар қырық күндей қылды тойды,
Той қылып бірнеше бас малын сойды.
Зейнепгүл қарындасын неках оқып,
Үш қызға үш үй тігіп жасап қойды.
Ғауазхан Елібайда жатты бір жыл,
Отырған тәрбиелеп үш қызыл гүл.
Сағынып Көрұғлыбек Жәмбіл ханын,
Қайтпаққа енді еліне қылды көңіл.
Ғаламнан уақытында бақыты асты,
Үш қызға көңілі шат боп судай тасты.
Ерназар бес мың үйлі жұртын жиып,
Жәмбілге көшемін деп ақылдасты.
—Жау болдық қызылбасқа қасірет қылып,
Халіміз біздің мүшкіл мұнда тұрып.
Көрұғлы сұлтанменен жүз көрісіп,
Тұралық сол шаһарда біз де барып.
Елібай даярланды тастап жерін,
Алатау мекен еткен асқар белін.
Бір көшіп Ғауазханмен жүрмек болды,
Қасына ап Ерназарбек бес мың үйін.
Олжасы сансыз түйе, қой мен жылқы,
Кигені—асыл прән, асыл құлпы.
Күңірентіп шаһизаттар көше берді,
Тартқаны керней-сырнай, ойын-күлкі.