Қисса Ғауазхан (17-бөлім)
Көрұғлы · 2 мин оқу
Перілер аралас жүр адамменен,
Бола ма жақсы жолдас жаманменен?!
Мінәсіп теңін тауып болысыпты,
Болмайды ғалым жолдас наданменен.
Саламат шығын болмай осынша елден,
Пендеге әрне болса Тәңірім берген.
Арада неше күндей тынбай көшіп,
Өтіпті көп Елібай бетпақ шөлден.
Өткен соң бетпақ шөлден көлге келді,
Жәмбілге қарайтұғын жерге келді.
Сүйінші Көрұғлыдан алмақ үшін
Ерназар Тарланменен жүрмек болды.
Тарланға Ерназарбек мініп алды,
Қап елін Ғауазханға тапсырады.
«Өздерің аман болсаң, келерсіз» деп,
Алла деп жолға түсіп кете барды.
Ерназарбек қамшы басты Тарланға,
Көзін салып қарамады жалғанға:
«Тау мен тастан жығылмаңыз, жануар,
Жазым тауып болмағайсың арманда».
Шапты Тарлан Жәмбілбелдің жолына,
Қарамады оңы менен солына.
Қарсы келген тау мен тастан қарғыды,
Қамшы запы батқаннан соң қоңына.
Ұшқан құстан кетті озып шапқанда,
Бес жүз құлаш жазылады атқанда.
Жеті күндік жерге кешке келіпті,
Ақшам өтіп күн қызылы батқанда.
Келді кешке күн қызылы батқан соң,
Елдің алды түн қараңғы жатқан соң.
Бір шеткі үйге жөнін айтпай қонады,
Көрұғлыға келеді таң атқан соң.
Хабар білмей іздейді екен арыстан,
Атын қинап бұ да келген алыстан.
Жеті жылдай сергелдең боп Көрұғлы,
Жер бауырлап жатады екен данышпан.
Ерназарбек хабар салды даладан,
Майханада ойнап жүрген баладан.
—Патшаменен жүз көрісем, түсем деп
Тыста тұр деп айтып келші бір адам.
Көрұғлыға бала келді:—Сұлтан хан,
Хақ мұсылман көрінеді бір адам.
Астында бар Бозтарланы арғымақ,
Түс-тұлғасы тап Қара аттан аумаған.
Әмір қылды:—Сол жігітті әкел,—деп,
Қара атқа ұқсас мал болмайды бекер,—деп.
Жөн сұрайын басқа жайдан келген-дүр,
Ғауазымнан хабар білер ме екен?—деп.
Ерназарбек ұлықсат алып келіпті,
Раушан жүзін Көрұғлының көріпті.
Тағзымменен қол қусырып отырып,
Хақ сәлемін мұсылманның беріпті.
—Қайдан жүрген ер боласың, шырағым,
Қай жерде еді мекен-жайың, тұрағың?
Ғауазхандай перзентімнен айрылып,
Әр адамнан қылып жүрмін сұрауын
—Танымасаң, Райхан араб баласы,
Жеті атадан шынжыр қатар бабасы.
Менің атым Ерназарбек болады,
Осы күнгі Елібайдың ағасы.
Танымассыз, Ерназарбек боламын,
Зікір тартқан көкірегім сәнамен.
Ғауазханың есен-аман келеді,
Сүйіншіні сіздей бектен аламын!
Құсты қуып кетіп еді Ғауазың,
Үш перизат келе жатыр келінің.
Қылған істің бәрін баян етейін,
Тындасаңыз, Ғауазхандай еріңнің.
Балаңызға көп қызмет еттім мен,
Ақырын ойлап мұратыма жеттім мен.
Ғауазбенен ахиреттік дос болып,
Сұрағанда қызды беріп кеттім мен.
Падишаның қызы еді Жұлдызай,
Перизаттан күн секілді Құндызай.
Қарындасым Зейнепгүлді бердім мен,
Жетістірген мақсатына бір Құдай.
Қызылбаспен жау болған соң тұра алмай,
Бес мың үйлі көшіп келді Елібай.
Қараспанға қондырарсың, Көрұғлы,
Менің жайым сұрасаңыз осылай.
Қызылбаспен балаң сапты ұрысты,
Өз білгені кей адамға дұрыс-ты.
Қара таста естен танып жатқанда
Жетпіс екі тәннен тиіп қылыштар.