Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Ғауазхан (9-бөлім)

Көрұғлы · 2 мин оқу

—Қызыңыз қуанышта отыр шалқып,
Бала еді бұл ғаламнан кеткен артып.
Садақа алтын-күміс беріп жатыр,
Келер деп күйеу қашан күндей балқып.

Хан, ханым мұны естіп қуанды енді,
Көңілінен ренжу кетіп, шаттық келді.
«Күйеуін аты келген алдырсын» деп,
Қызына падишадан хабар келді.

«Өздері жата берсін күйеу, қызым,
Азырақ «қалба ғой» деп шықты сөзім,
Жалғызым азғана күн қызық көрсін,
Тарылтып тауысамын ба дүние жүзін?
Дәулетім толып жатыр, шаша берсін,
Есімде жалғызыма айтқан сөзім».
Қызына падишадан хабар келді,
Жұлдызай мұны естіп қуанды енді.
«Сұлтанға арып-ашқан ас пісір» деп,
Аспазшы қыздарына бұйырды енді.
Бұйырып: «Бір-екеуің алып кел» деп,
Мінеки, патша қызы айтқан сөзі:

—Аттан түсіп қасына жаяулап бар,
Мүмінге жәрдем болған ғазиз Жаппар.
Түрленіп сарайыма келсін жылдам,
Әр күнде ер жігітті Құдай сақтар.
Иншалла, көптен бері мұсылманмын,
Тәуекел қате болмас жасағаным.

Байласын алмас қылыш белдеріне,
Алыстан Тәңірім айдап келгеніне.
Жігітім түсте көрген рас болып,
Бір толсын жұрттың көңілі ерлеріме.

Секіртсін көшелерден тұлпар атын,
Көрсетсін қызылбасқа саясатын.
«Қалба» деп дұшмандарым мазақ қылды,
Тартамын сонда керней салтанатын.

Батырға тауда жатқан қыздар келді,
Таңырқап сұлулығын көзбен көрді.
Түсініп Жұлдызайдың айтқан сөзін,
Сарайға жүріңіз деп хабар берді.

Қара атты батыр Ғауаз мініп алды,
Екі қыз тамашалап естен танды.
Киімін диуананың тастай беріп,
Беліне аспаһанды байлап алды.

Екі қыз қуанады мұны көріп,
Сұлуға кез келтірген Құдай беріп.
Қаруын әрбір түрлі жарқылдатып,
Келеді қыздарменен қатар жүріп.
Екі қыз келе жатыр екі жақтан,
Тәңірге инаныңыз берген бақтан.
Қолына қалқан ұстап айбаттанып,
Қаруын әрбір түрлі жарқылдатқан.

Жұлдызай қарап тұрды мұнарадан,
Көңіліне ғашықтықты Құдай салған.
Жігіттің сипатына тамаша әйлап,
Алыстан шыдай алмай естен танған.

Шұғыласы шыққан күнмен шағылысқан,
Сұлуды сүйгеніне Құдай қосқан.
«Япырым-ай, бұл не қылған шаһизат!» деп,
Таң қалып таңырқасты дос пен дұшман.

Екі қыз сарайына алып келді,
Сұлу қыз шыдай алмай талып қалды.
Дұшманнан есінде жоқ ешбір қауіп,
Сақтай көр, патша Құдай, ғаріптерді.
«Берді,—деп,—бір Жасаған қалағаным»,
Үстіне алтын, гауһар шашып жатыр.

Пақырлар тапты олжа маңайынан,
Құшақтап қыз сүйеді мойынынан.
Тарттырды неше түрлі керней, сырнай,
Қалдырмай тамаша етіп ойынынан.

—Астына тұлпар мінген, Ғауаз батыр,
Отырған шылауыңда біз бір пақыр.
Аман ба Көрұғлыбек—Жәмбіл ханы?
Жұлдызай көрген жерден сұрап жатыр.

—Атымды Ғауазхан деп қайдан білдің?
Сен мені бұрын-соңды көріп пе едің?
Білесің Көрұғлыны бастан-аяқ,
Мәнісін айтшы анықтап осы сөздің.

—Түсімде хақ Пайғамбар дұға етті,
Мұнымды өтірік деп күмән етпе.
Наныңыз, мұсылманмын көптен бері,
Құтпа оқып, өз қолынан неках етті.

Қолынан жөнін айтып мені берді,
Тіктірдім бір басымды бәйгіге енді.
Білсеңіз, Ғауаз батыр, сөзім рас,
Болғанмын көптен ғашық сізге,—деді.

Тағы оқыңыз