Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Ғауазхан (14-бөлім)

Көрұғлы · 2 мин оқу

Жүз мың мерген оқты ата алмай қашады-ай,
Нашарлығы көрінеді масадай.
Он екі күн дамыл алмай қырып жүр,
Ойлау жерге жаудың қанын шашады-ай.
Мұнарадай әрбірінің бойлары,
Қалды жесір қатын-бала, қыздары.
«Жеке барып шапқанменен болмас» деп,
Бәрі бірдей ат қоюға ойланды.

Жорға мініп тамам билер ырғалып,
Ақ сауыты қызыл қанға боялып,
Бәрі бірдей тұрған жаудың ат қойды,
Садақ, мылтық, зеңбірегін күңірентіп.

Бәрі бірдей бір баланы қамады,
Сонда дағы бір Алласы пана-ды.
Аямайды көп өшіккен залымдар,
Найза, қылыш тұс-тұсынан салады.

Ғауаз батыр сиынады Аллаға,
Жалғыздықтан іші толды сәнаға.
Найза, қылыш батпан-батпан тиген соң,
Жетпіс екі жерден толды жараға.

Аямады залымдығын көп дұшман,
Жүз мың жауға лаж бар ма бір адам?
Қара ат тауға мұны біліп жөнелді,
Жетпіс екі тәннен ағып қызыл қан.

Ақ сауыттың үсті қанға боялды,
Бір Аллаға қылған ісі аян-ды.
Жұлдызайдың қасына келіп, қан құсып,
Естен танып, ақ найзаға таянды.

Естен танып ат үстінен құлады,
Ұзынынан қара тасқа сұлады.
Тізесіне басын салып Жұлдызай,
Шыныменен енді Хаққа жылады.

Жұлдызайдың көзден жасы тізілді,
Жүрек-бауыры күйінгеннен езілді.
Қара ат тұрды бас жағында телміріп,
Мұның дағы жүрек-бауыры егілді.
«Ей, Жаратқан Қадір Пәруардигари,
Мені жазба бұл дүниеде жүрерге.
Маған дағы осы жерде қаза бер,
Пенде қылып қызылбасқа жіберме!

Қане мұнда Ғауазхандай жолдасым,
Жоқ қасымда қырық кәнизак мұңдасым.
Бұрын патша заманымда болсам да,
Күңнен кейін бұл уақытта бір басым.

Сүйсем мейірім ақ бетіңнен қанар ма,
Жоқ көңілде қызылбасқа барарға.
Балдағы алтын ақ семсерім қолымда,
Қазір тұрмын жүрегіме саларға.

Енді жүріп бұл дүниеден нетейін,
Жендет болып бір басыма жетейін.
Кәпірлерде қорлық көріп жүргенше,
Сүйген жардың мен де артынан кетейін».

—Бізді сақтап мұнда тұрма, жануар,
Бізден сәлем Көрұғлыға айта бар.
«Перзентіңнің халі нашар болды»,—деп,
Тезірек жет, мұнда тұрмай елге бар!

Қара аттың жас ағады көзінен,
Жылап айтқан Жұлдызайдың сөзінен.
—Жануарым, тұрма!—деді,— бұл жайда,
Хабар бергін Көрұғлыға тезінен!

Қара ат айтты:—Мен сөйлейін, Жұлдызай,
Иман берген пендесіне бір Құдай.
Жәмбілбелге не деп барып айтармын,
Не өлісін, не тірісін біле алмай?!

Шайхы-бұрхы жолдас болып жүр еді,
Неше қиын машақатты көреді.
Сөйлейтұғын жануарда тіл бар ма,
Шайхы-бұрхы сөйлететін пірі еді.
Және бір айрықша сөз бар мұнда-ай,
Ғауазды келмеді деп қайғыланды-ай?
Баласы Райхан араб Ерназарбек
Таңертең жаяу барып шықты тауға-ай.

Қамшыға маңдай сүйеп қалғып кетті,
Көп тартып келмеген соң қасіретті.
Ғауаздың таста талып жатқандығы
Бейне бір өңдегідей көрініпті.

Ұйқыдан оянады шошып жаны,
Ондай ерге ғашық болған бар ма арманы?
Боялып тұла бойы қызыл қанға,
Көрінді бейне сонда Ғауаз тәні.

Көзіне қанды жасы араласқан,
Беттемеген ер еді оған дұшман.
Белінде зұлпықары, найза қолда,
Жүгіртіп Бозтарланға қамшы басқан.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз