Қисса Ғауазхан (2-бөлім)
Көрұғлы · 2 мин оқу
Ғауазхан салды құсын Һауадақ көлге,
Кез болар қандай дұшман мұндай ерге.
Адасты қаршығадан аспан-көкте,
Шаңменен көз көрінбей соққан желден.
Қайрылмай бала қуды қаршығасын,
Аударып сонда құсына ықыласын.
Бес күндей қуа берді Қара атпенен,
Не күйге ұшыратар Ғауаз басын?
Көтеріп саясатқа ала туды,
.........
Дария көз жетпейтін жері биік,
Ғауазхан сонда көрді аққан суды.
Қаршыға суға қонбай ұша барды,
Дариядан қарғытуға ойына алды.
«Атамның жақсы көрген құсы еді» деп,
Қайғырып бала сонда көп жылады.
Баланың зар жылаған дауысынан,
Бір хабар күлген дауыс келіп қалды.
Көзін сүртіп төңірекке қарағанда,
Қараса, жыра астында отыр адам.
Суреті адам қорқар түсі жаман,
Көз, қабақ сақал-мұрттан көрінбейді,
Мұндай жан жаратыпты Хақ Тағалам.
Қасында бір қыз отыр ай мен күндей,
Қашық тұр, ол адаммен тілге келмей.
Ғауазхан сол бетімен келіп қалды,
Бұлардан бұрын-соңды хабар білмей.
—Кімсің?—деп, ақырады келіп тыстан,
Шылымды тез әкел,—деп,—енді маған».
Секілді-ақ ол ұстаның көрігі бар,
Ол қызға берді нәрсе сақинамен.
Көп нәрсе берді [және] білезік пен,
Мен тұрмын күдерімді үзіп жаннан.
Қолына істі жиып алғаннан соң,
Жігітке қыз сөйледі әдеппенен:
—Табылды, енді ойласам, менің қолым,
Жаһанның кім біледі оң мен солын.
Астына тұлпар мінген Ғауазжаным,
Келесің қай тараптан, болсын жолың?!
Біреудің көзінің ағыменен қарасысың,
Жігіттің өзің теңлі данасысың.
Келесің ат сабылтып [сен] алыстан,
Шаһизат, қай патшаның баласысың?
—Құс қуып [мен бір] әуре болған жанмын,
Сұрасаң мен де өзіңдей қадірданмын.
Хан болған көрден шығып Шәмбілбелге
Баласы Көрұғлының Ғауазханмын.
—Ғауазхан болсаң, жігіт, атыңнан түс,
Сіздей жан құс қашқанға қайғы жемес.
Көзіңнен мен қорқамын қол беруге,
Түсіп кеп атыңыздан шылым тарт.
Естиміз Көрұғлының біз де атын,
Батырдың кім білмейді есім, затын?
Жездеміз пері қыздан үш қыз алған,
Көтерген бұл жаһаннан салтанатын.
Шылым тарт аттан түсіп, шаһизадам,
Дүниеге келмеген-дүр сіздей адам.
Қызбенен «әкеп бер» деп ерегісті,
Ісіне Құдіреттің бар ма шараң?!
Ғауазхан сонда қыздан сұрайды сөз:
—Құдайым несібіме келтірді кез.
Қызысың қай патшаның, қайдан жүрсің?
Алдымен осыларды түсіндір тез!
—Атамыз Қап тауында Ахмер патша,
Билеген сансыз пері жұртты қанша!
Сұлудың Құндызайдай тап өзімін,
Білсеңіз менің жайым осылайша.
Сұрасаң біздің мекен Көһи Қапта,
Бал Ғауаз, сені тұрмын сынамаққа.
Құсыңды ал әуре болмай дариядан,
Бермейді мені әкем адамзатқа.
—Атаңнан сені алармын іздеп барып,
Құп тыңда бұ сөзімді құлақ салып.
Көрұғлыұлы Ғауазбын, мұны білің,
Бәдіғұлжамалды алған Сейпілмәлік іздеп барып.
—Бал Ғауаз, мені іздеп жүр ме едіңіз?
Қасыма шылым тарта келмедіңіз.
Еркекті әйел іздеп барған бар ма,
Қасыма шылым тарта келмедіңіз.
Олар да алған шығар іздеп барып,
Жаралдық әйел болып біз бір ғаріп.
Түбінде тисем, мені оңдырмассың,
Тұрады сол себептен көңілім қалып.
Құндызай аққу кебін киіп алды,
Қасына келмеген соң ашуланып.