Түркімен Қасымхан (6-бөлім)
Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Қызылбас туы жасыл-ды,
Жиырма екі ту байлап,
Даңқы жұртқа шашылды.
Тоқсан балуан ерлері
Тоқсан тұлпар ат мініп,
Ат құйрығын шарт түйіп,
Өңкей болат асынды.
Он екі күндік жерлерден
Болаттан темір тор жайып,
Жасады жауға тәсілді.
Әскердің басы Жанәділ
Және де хайла табады.
Он екі күндік жерлерден
Болаттан мыс тор құрады.
Қырық мың әскер түрікпенді
Торға түссе, атуға
Зеңбірегін таяды.
Әскері мен Қасымды
Торменен байлап аларға
Қызылбас жиды қияны.
Сол уақытта түрікпен
Тиген жауы үріккен.
Қызылбастай жауының
Жайған торын көрген соң,
Бұлар да қатты желіккен.
Қырық мың әскер бастығы,
Түрікпеннің ерлері
Қарабай, Ғауаз, ер Қасым
Болат торға киліккен.
Батырлар торға келеді,
Үш тараптан үшеуі
Болат торға кіреді.
Алтын балдақ семсері
Темір торды тіледі,
Тілегін Құдай береді.
Алтын балдақ көк алмас
Суырып алып сермеді,
Торды бұйым көрмеді,
Он екі қабат торлары
Шіріген бөздей күйреді.
Көк найзамен көтеріп,
Жан-жағынан сүйреді.
Қирата шапты торларын,
Тұлпар атпен таптады
Он екі қабат орларын.
Торын бұзып қайнатты
Қызылбастың сорларын.
Қиратса да торларын,
Құлатса да орларын,
Тақияның тас қамал
Ала алмады қорғанын.
Жақындаса қамалға,
Қозыжауырын оқ атты,
Зеңбірекпен топ атты,
Саржаның кез оғын
Жауған қардай боратты.
Қарабай, Ғауаз, Қасымхан
Тақияның тас қамал
Ала алмай қайтып баратты.
Алар жолдың қиынын
Ханына айтып барады.
Алатын амал жолдарын
Байқамақ боп барлады.
Жақындаса, оқ атқан,
Зеңбіректен топ атқан,
Жүре алатын айла жоқ,
Құр қайраттан пайда жоқ,
Тауысты ерлер шараны.
Ала алмай жауды келген соң,
Хан алдына шақырды
Қарабай атты баланы:
—Ай, Қарабай, Қарабай!
Арыстан туған сен едің,
Жеке біткен қарағай,
Атаң жауға көп шапқан
Алды-артына қарамай.
Сенің атаң Бейітхан
Түрікпеннен озған ер,
Жауға қол оқ созған ер.
Бір соғыстың ішінде
Он екі қамал бұзған ер,
Жауды көрсе, қызған ер.
Алладан ажал жеткен күн,
Өліп те кетті жазған ер!
Қарабай жомарт сен едің,
Атаға тартып туған ер,
Атаның жолын қуған ер.
Он жасында, қарағым,
Дұшманның алдын буған ер.
Тұрғыл, қарғам, тұр,—деді,
Алмадай мойның бұр,—деді,
Жауға аттанып жүр,—деді.
Тұлпарыңа мін,—деді,
Бес қаруың іл,—деді,
Тақияның тас қамал
Күншығыстан ти,—деді,
Желкесін жаудың қи,—деді,
Дұшманыңа қолыңды
Арғы жерден соз,—деді,
Он екі қабат тас қорған,
Ең болмаса, Қаражан,
Біреуін, қарғам, бұз,—деді,
Әскербасы ер болып,
Патшадан Хасан бата алып,
Қатарыңнан оз!—деді.
Қарабай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Қарқаралы хан Хасан,
Ерден туған нар Хасан!
Жақсы айтасыз сіз,—деді,
Халқым, міне, көр!—деді.
Көрсін халқым ерлігім,
Қамал бұзған шерлігім,
Екі талай болғанда
Бәйгеден озған керлігім.
Талқан қылды қорғанын,
Найзаменен түйреді
Қарсыласып барғанын.
Жанәділ көріп жылады,
Тақияның тас қамал
Бір жағынан жарғанын,
Енді жаудың алғанын.
Мұнарадан көріп тұр
Он екі мың әскерге
Он екі жасар баланың
Жалғыз ойран салғанын.
Алты күндей атысып,
Қара қанға батысып,
Бірінші қамал ішінде
Он екі мың әскерін
Тауысты бала тарланың.