Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Түркімен Қасымхан (4-бөлім)

Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Келе әскер сөйледі:
—Ай, Хасанхан патшамыз,
Жалғыз ұлың ер Қасым,
Жауға салды бір басын,
Ертіп кетті қасына,
Он екі жасар Қарабай
Бейітханның қарғасын,
Таңдап алды жолдасын.
Қырық мың үйлі түрікпеннен
Алмай кетті ер Қасым
Құрбы менен құрдасын.
Тастап кетті елдерін,
Еңіреген ерлерін,
Жалғыз кетіп ер Қасым
Сындырды жұрттың белдерін.
Бұрын-соңды жүрмеген,
Жөн-жосығын білмеген
Қарала таудың қалың шөл
Көреді балаң жолдарын.
Шөлден балаң өлтірер
Бәйгеден озған керлерін.
Алдияр, сұлтан ханымыз,
Қасымнан аяр жоқ еді
Бір шыбындай жанымыз.
Рұқсат берсең, тақсыр хан,
Жүреміз дейді ерлерің!

Сонда Хасан ойлады,
Ойлап ойға тоймады.
Қарабай, Қасым кеткенсін,
Жалғызы сапар еткенсін,
Бармасына болмады.
Сейілханға ат салды,
«Жиылсын!» деп еліне
Жасауылмен хат салды.
Жинап алды қалаға
Түрікпеннің елдерін,
Еңіреген ерлерін,
Ерлер мінген керлерін.
Шабамыз деп аттанды
Қызылбастың елдерін.
Қарқаралы хандарын,
Балуан, мықты жандарын,
Бәрін де жиып алады.
Көрұғлының баласы
Тумаса да туғандай,
Орнын тұтқан данасы,
Өзбектердің панасы,
Шаһизада Ғауазхан
Оған да хабар салады.
Арыстандай ақырған,
Нар түйедей бақырған,
Соғысса, жауын жапырған,
Ғауаздай нәнді алады.
Тұлпар мінді сайлаған,
Алтын балдақ қылыш алды—
Ішсе қанға тоймаған.

Қырық мың нөкер қасында,
Хан тәжісі басында,
Сол уақытта Хасанхан
Алпыс тоғыз жасында.
Сәуірдің жауған бұлтындай,
Халифа Рум жұртындай,
Тіл мен жағы ойнаған.

Ер қасына байлатып
Қозыжауырын оқ алды,
Күндік жерден тиетін,
Дұшманы отқа күйетін
Зеңбірек пен топ алды.
Қырық мың әскер нөкері
Көк найзалар қолға алды.
Жалғызы сапар еткенсін,
Хасан сынды ханыңыз
Оқ жыландай толғанды.
Не де болса бұл тағдыр
Бір Алладан болған-ды.

Патша Хасан ойлады:
«Қасымнан қалып қайтейін
Шырағы жоқ жалғанды».
Жақсы-жаман болса да,
Қандай күндер туса да,
Тәуекел етті хан Хасан,
Алла басқа салған-ды.
«Қасымханға ерейін,
Қызылбаспен соғысқан
Қызығын көзбен көрейін.
Жазатайым іс болса
Қалмайын,—деп,—арманда».
Өзі мінді Хасанхан
Айшылық жол бір басқан
Көк ала тұлпар тарланды.
Күдір-күдір асқанда
Болдырмаған заңғарды.
Қырық мың әскер қол болып,
Есебі жоқ мол болып,
Он екі жерден ту байлап,
Қызылбасқа жолданды.
Көп түрікпен жағалап,
Хиуадан шыққан аңғарды.
Түрікпеннің қалдырмай
Бәрін де жиып алған-ды.
Қырық мың әскер қалың қол
Басы өлімге байланды.

Тұлпардан таңдап ат мініп,
Ат құйрығын шарт түйіп,
Өңкей батыр ерікті
Азамат болып бірікті.
Жанәділ қылып атады
Далаға тігіп бөрікті.
Халқының басы Хасанхан
Жинап алып келеді
Қырық мың әскер шерікті.

Неше күндер жол жүріп,
Күні-түні мол жүріп,
Қаралдының қалың шөл,
Жорықшыға мәлім шөл,
Әскер шөлге келіпті.
Алты айшылық шөлдерден,
Асқар дөң асып белдерден
Аман-есен өткенсін
Екі қара көріпті,
Тілегін Құдай беріпті.
Көрінген қара секілді
Қарабай мен ер Қасым.
Таныды әскер тұлғасын,
Артынан қуып келіпті.
Артынан әскер келгенсін,
Тілегін Құдай бергенсін,
Азамат болып бас қосып,
Ашады ерлер ерлікті.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз