Қисса Ғауазхан (6-бөлім)
Көрұғлы · 2 мин оқу
—Жар болса кәміл пірлер, бір Құдайым,
.........
Бұл қызды шапсам да алам, тартсам да алам,
Сөзіңді бөтен басқа тыңдамаймын.
Шайхының бұл сөзіне және күлді:
—Бере ме ат озбаса, тақсыр қызды?
Бос сөзді, ей, бейшара, тоқтатқын» деп,
Қуалап бір шетіне шығарды енді.
Кісінің бір шетіне шықты қуып,
Көрмеген мұндай қорлық, сірә, туып.
Қылуға бұлан-талан, жаман соғыс,
Беліне аспаһанды алды буып.
Бір тауға бала барып жылап жатты,
Тартады жалғыздықтан қасіретті.
Іздеуге пері қызын, не қайтуға елге,
Және де ат қосуға ой ойлапты.
«Кәпірдің мен кетейін қызын алып,
Жатпайын құр далада қайғыланып».
Киімін қайта тығып тау басына,
Артынан айдаушының кетті салып.
Жерге айдап жеті күндік тұлпарларын,
Қалмасын айтылмаған бірер-жарым.
Бір жерге жетті және ат жаратып,
Сол ердің сол қыз болды ынтызары.
Ішінде мырза, бектің бәрі де бар,
Қолына ап әлектеген сұңқарларын.
Диуана жүрген көпке қосылады,
Шайхыдан айдаушылар бейхабар-ды.
«Диуанам, қай рудан боласың?» деп,
Сұрайды келгеннен-ақ ата жайды.
—Қызылбас, мені сұрап не қыласың,
Бір күйге ақырында жолығарсың.
Бұл жерге айдап келген Хақ Тағалам,
Құдайдың білмейсің бе оңдырмасын?
Түбінде сырымды айтпай кете алман,
Пірлерім, жәрдем болса бір Алладан.
Бабамыз қызылбаспен дос-жар емес,
Қылғанда білерсіңіз бұлан-талан.
Күледі «ақымақ» деп сөздеріне,
Қарамас тура қорқып көздеріне.
Аспанда жарық болып шығып нұры,
Шұғыласы жарқырайды жүздерінде.
Бір жеті жатты бұлар, ат жаратпақ,
Саласы биік таудың кеткен қаптап.
Аттардың жал-құйрығын тарап алды,
Жиылып жетінші күн болып шаппақ.
Күн шықпай арғымақтар шауып кетті,
Көңілі қыз алуға ауып кетті.
Бір жерде Ғауаз батыр жатып қалды,
Бір жаман ашылмастай ұйқы кепті.
Жатыпты бір күн, бір түн оянбастан,
Адам жоқ оятатын жақсы достан.
Сұлудан құры қалатын болғаннан соң,
Бір қолын оятпаққа Қара ат басқан.
Оятты сонда Қара ат қолын басып:
—Бұл қызға не себептен болдың ғашық?
Тұра ма тұлпар аттар саған қарап,
Не қылып жатырсың,—деп,—қара басып!».
Бәйге аттар әлдеқашан кетіп қапты,
Қараса апалақтап көзін ашып.
Келіпті тұра сала айдаушыға,
Сабайды балағаттап ұйықтап қалып.
Малғұнды басы-көзін қан қылыпты,
Қамшының «сазайың» деп астына алып.
Әрқайсысын әр жерге ұрып тастап,
Артынан айдаушының кетті салып.
Ұшады жын қаққандай Қара ат сасып,
Көзінің қанды жасы араласып.
Тал түсте қуып жетіп озып кетті,
Үстінен ұшқан құстай гулей асып.
Алдында барады екен Жирен қасқа,
Ілгері екі ат кетті мұнан басқа.
Ілгері екі ат кетті дегеннен соң,
Қара ат салды тұяғын тау мен тасқа.
Өтеді балаларын бір-бір салып,
Шамданған арыстандай буырқанып.
Астында жеті қырдың барады екен,
Гулетіп Көкқасқаға жетті барып.
Баласын оның дағы салып өтті,
Жас бала қамшы өткен соң зар еңірепті.
Алдында жайыменен барады екен,
Ағызып Бозтарланға барып жетті.
Иесі Бозтарланға қамшы басты,
Тозаңы-ай сонда көкке араласты.
Барады ағынымен құстай ұшып,
Болса да асқан тұлпар оздырмас-ты.