Қисса Ғауазхан (13-бөлім)
Көрұғлы · 2 мин оқу
Секірді сонда Қара ат аспан-көкке,
Бал Ғауаз көзін салды төңірекке.
Қызды алып, атқа мініп көптен қашты,
Көп ерлер шыққан екен жекпе-жекке.
Мұны айтып Қара атқа қамшы басты,
Тозаңы сонда көкке араласты.
Әскерді бетіндегі дал-дал етіп,
Көрінген үлкен таудан әрмен асты.
Таң ата алдындағы тауға келді,
Қайысқан жердің жүзі жауға келді.
Келеді дүния жүзі шаңға толып,
Артына тауға шығып көзін салды.
Шығарды Жұлдызайды биік тасқа,
Адам жоқ ақылдасар онан басқа.
Алды тау, арты әскер дүние толған,
Түсіпті зор қиындық ғазиз басқа.
—Иләһи, бір өзіңе асылғаным,
Кәпірді зор мәртебе қашырғаным.
Қашқаным өлгенімнен жаманырақ,
Жұлдызай, сізді Хаққа тапсырғаным.
Сізді алдым Құдай қосып, көңіл сүйіп,
Мұхаммед қосқанынан неках қиып.
Қызылбас жеті атадан бізге дұшман,
Келген-ді естіген соң әскер жиып.
Дұшманға ерегіскен қарысқаным,
Найзаны кезек-кезек салысқаным.
Дүниеден жазым тауып көшіп кетсем,
Шаһизат, Тәңірі алдында табысқаным.
Дұғамен пірден тілеп жад етіп тұр,
Жұлдызай, Хаққа жылап, данышпаным.
Кәпірден Хақ Тағала қаза берсе,
Болғаны осы-ақ шығар қауышқаным.
Алладан тілек тілеп соғысайын,
Тілегі қабыл болар мұсылманның.
Пір тұтып осы қыздан фатиха алды,
Жад етіп Көрұғлыны көңіліне алды.
Келеді құмырсқадай дүние толып,
Әскердің алды-артына көзін салды.
Қыз сонда дұға қылды:—Құдайым,—деп,
Бір дұға Хақтан тілеп қалайын,—деп.
Хауа ана, Адам ата, пайғамбарлар,
Зар тұтып панаңызға жылайын,—деп.
Ас ішпей, зікір айтып тасбихпенен,
Артыңнан мен де жылап тұрайын,—деп.
Иләһи, бір өзіңе сиынғаным,
Мұндайда садақа еттім дүние малын.
Дінсізден, патша Құдай, аман сақтап,
Қор қылма дұшмандарға ғазиз тәнім.
Қас болып осынша елден шығып едім,
Шаһарға қайта барсам не болғаным?!
Пәруана басыңыздан мен бейшара,
Қайтпаған жаудан беті, қадірданым.
Ғауазға қаза берсе осы жолы,
Күң құрлы есіктегі болмас сәнім.
Бұрынғы әулиелерді көңілге алып,
Жолыңа пида қылдым ғазиз жаным.
Ал енді атқа мінді еш қарамай,
Ғауазға жәрдем бергін, Жаппар Құдай.
Аш бөрідей жауға шапты Қара атпенен,
Таста отырып жылап қалды Жұлдызай.
Қара атпен шауып кетті тау басына,
Жәрдемге келмес адам еш қасына.
Ойлардан кәпір қанын ағызады,
Қарамай көзден аққан еш жасына.
Жеке шыққан болатшы мен найзагер,
Оққа тұтар садақшы мен қылышкер.
Неше күндей дамыл алмай қырып жүр,
Ойына алмай кәпірлерді мұндай ер.
Шыдатпайды көзді жұмып-ашқандай,
Қайратынан дұшман қорқып қашқандай.
Қырып жүрді неше күндей тынбастан
Өтіп кеткен Рүстем менен Дастандай.
Өтіп кеткен Алла досты Зуалды,
Қатым еткен қолда молда кәламды.
Алатаудың тасын қызыл қан қылды
Хазіреті шері Хайдар Әлидей.
Алатауға зеңбірегін атады,
Соғысқандар қызыл қанға батады.
Қарсы келген қызылбастың әскері
Келген жерден қаза тауып жатады.
Қызылбастың зәре-құты қашады,
Ғауаз батыр ағын судай тасады.
Падишаның бұйрығымен екінші
Жүз мың мерген және соғыс бастады.