Қисса Ғауазхан (4-бөлім)
Көрұғлы · 2 мин оқу
Зейнепгүл Ғауазханның есітті атын,
Кім білмес Көрұғлының асыл затын?
«Бүгінше, батыр Ғауаз, қонақ бол» деп,
Шуылдап көп қыздар кеп ұстады атын.
Зейнепгүл көргеннен соң болды ғашық,
Жігітті Құдай оңлар болса нәсіп!
«Бір күнше қонақ бол» деп зар жылады,
Көзінен қан аралас жасы ағып.
Ғауазхан сұрады енді Зейнепгүлден,
—Қыдырып жиһан кезіп келдім шеттен.
Ерназар патша өзі көрінбейді,
Бұл елдің бас адамы қайда кеткен?
Зейнепгүл жауап бермей отырады,
Сөйлейді сонда тұрып бір қыз шеттен.
Қыз айтты:—Ғауазхан тыңда,—деген,
Ханы еді қызылбастың Қоқи деген.
Тігіпті ат бәйгеге жалғыз қызын,
«Келсін» деп патшамызға хабар берген.
Ол қызы асқан сұлу Жұлдызай-ды,
Нұр берген оған артық бір Құдай-ды.
Жамалын көрген адам таң қалады,
Сәулесі күн секілді жарқырайды.
Мал бағар мұнда қалды жаманымыз,
Кеткенге тоқымқақты қып тұрамыз.
Жан қалмай адамымыз сонда кетті,
Сұрасаң осылайша хабарымыз.
Бәйгіге алып кетті тұлпар атын,
Осылай Жұлдызайдың білсең даңқын.
Мұсылман, кәпір болсын, аты озғанға
Қыз бенен отыз бес пұт береді алтын.
Жұлдызай бір күн жатып түс көріпті,
Түсінде бекзат келді ат жаратып.
«Тіксін деп ат бәйгеге жалғыз қызын!»
Әлемді жидырыпты хабар салып.
Ат басын Жұлдызайға бұрып алды,
Ғашықтық көңіліне түсе қалды.
—Аты озып менен жүйрік кім алады,
Құдайым маған сол қыз бұйыртқан-ды.
Қара атты жолға салып айдайды енді,
Көңілінде ғашық оты қайнайды енді.
Аһ ұрып Жұлдызайды алмақ үшін,
Есінен пері қызы кетіп қалды.
Көп қыздар жүгіреді соңынан қалмай,
Бұларға қарамайды назар салып.
«Кетті,—деп,—сен айтқан соң, жүзіқара»,
Сабады айтқан қызды бара салып.
«Мақсұтқа бүгін қонса жетер едік,
Әр түрлі тамашаны етер едік.
Жүзіқара, сен болмасаң, аһ, дариға-ай!—
Жылайды шуылдасып,—нетер едік?».
Көп қыздар ерді артынан жүгірісіп,
Жігіттен үміт үзіп, көңілі суып.
Зейнепгүл ордасына әрең келді,
Қайғымен аш күзендей бүгілісіп.
Есітіп Жұлдызайды болды ғашық,
Біреуі-біреуіне болсын нәсіп!
Қоқидың шаһарына түнде келді,
Атына жеделқабыл қамшы басып.
Адамзат әр тараптан жиылысқан,
Адам көп тойға келген әрбір тұстан.
Диуана, шайхыларға кез болыпты,
Бәйгеге қыз алуға ат жаратқан.
Қасына диуананың түсе қалды,
Шайхылар бұл жігіттен бейхабар-ды.
Порымын өзгертуге Ғауаз батыр
Бір қиял жалғыз өзі ойлаған-ды.
Шетінде ұйықтап жатқан бір байғұстың
Түк қоймай бар киімін жиып алды.
«Таныр,—деп,—таң атқан соң киімдерін»,
Аттанып таң атпастан кетіп қалды.
Өз киімін аулақ жерге тығып қойып,
Киімін диуананың киіп алды.
Қара атты көрсетпеді жабуменен,
Неше күн арықтаған шабуменен.
Көптен аулақ бір жерде жата берді,
Жем беріп Қара атын бағуменен.
Әркімдер алып келген тұлпар таңдап,
Талабы аты озғанның сұлуды алмақ.
Бір күні таң азаннан жасауылдар,
Шаһарға жар шақырды «ат шабарлап!».
Адамзат жиылыпты сансыз қанша,
Хан Қоқи тамаша етті осылайша.
Бәйге атын өз көзімен қағаздауға,
Биікке қызыменен шықты патша.