Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Ғауазхан (12-бөлім)

Көрұғлы · 2 мин оқу

Ал енді екі ғашық жатқан жері,
Қосылып мерекеге батқан жері.
Адамды періменен Құдай қосып,
Ризық бір-бірінен татқан жері.

Қыз берді Ғауазханға ықыласты,
Теңгермей перизатқа ғазиз басты.
Бір күні амандасып елге қайтты,
Басынан жұлып беріп бір тал шашты.
—Сөзіме, Ғауаз батыр, құлақ салсаң,
Мәсәлан, мен керек болып хабар алсаң.
Көзді жұмып-ашқанша келсем керек,
Тұтатып бұл шашымды отқа салсаң.

Пері қыз амандасып кетіп қалды,
Сұлумен Жұлдызайдай үйде қалды.
Ішінде қырық кәнизак бір сұлу қыз,
Ғауазға бұл да ғашық бола қалды.

Бұл дағы ғашық болды күндіз-түні,
Ас ішпей, ұйқы көрмей көп жүдеді.
Айтуға патша қыздан бата алмайды,
Қасіретпен сұлу көрді көрмегенді.

Бір күні шыдай алмай айтты барып:
—Сарғайған зағыпырандай біз бір ғаріп.
Тағатым сізді көріп еш қалмады,
Жүрмесең мұнан былай есіңе алып!

Көрмеді мұны қабыл Ғауаз батыр,
Мұнысы ақырында болмайды ақыл:
«Алуға қыздың бәрін жөнім келмес,
Жолыңнан менің үшін қалма ғапыл!

Тұрады ертеңді-кеш жылап барып,
Алдында зар еңіреген міскін ғаріп.
Құдайым қасартқан соң амал бар ма,
Арызын тыңдамайды құлақ салып.

Бұл қызға ашуланып ұрды таяқ,
Батырың қаһарымен аямай-ақ.
Бәлеге оның үшін душар болды,
Біз айтар шара бар ма оны аяп?!

Ұрған соң қыз да кетті ашуланып,
Қыларға бір бәлені ойына алып.
Мезгілі түн ортасы уақытында
Дауыстап патшасына айтты барып.
—Хан Қоқи, тындаңыз!—деп айғай салды,
Есіткен уәзірлері қайран қалды.
Кешегі қызыңды алып, күйеу болған,
Сіздің жұрт осы сырдан бейхабар-ды.

Астына мініп жүрген Қара атты,
Баласы Көрұғлының Ғауазхан-ды.
Қызылбас, түрікпен елі дұшман еді,
Қорықпай сарайыңда жатып алды!

Есітті терезеден қыздың сөзін,
Төңірекке тігеді екі көзін.
Кеңесіп уәзірімен отырады,
Сұрады: «бұл қалай?» деп етпей төзім.

Падиша мұны естіп қаһарланды,
Есітіп Қара ат атын есінен танды.
Бар еді неше жүз мың әскерлері,
Соғысқа таза жалдап, ұрды заңды.
Ашқанша көзді жұмып кәпір надан
Батырын, әскер басын жиып алды.

Сақтай көр кәпірлерден, Кәрім Ханнан,
Жиылған шыбын қалмас мұнша жаннан.
Қызбенен сарайында ұйықтап жатыр,
Бейшара, тыңда кеңес Ғауазханнан.

Жиылып түнде келді сансыз кәпір,
Падиша уәзірімен қалмай ғапыл.
Сарайын жеті қабат қамап алды,
Қызбенен ұйықтап жатыр Ғауаз батыр.

Ұйықтап жатыр еді, салды айқай,
Болған соң пірден хабар көңілі жай.
«Жау алды жеті қабат айналаңды,
Тұр, жаным, Қара атқа мін ғапыл қалмай!»

Оянды сонда Ғауаз көзін ашып,
Шошынып шықты түгі қайраты асып.
«Япырым-ай, түн ішінде немене?» деп,
Жалаң бас, жалаң аяқ шықты сасып.
Кәпір тұр төңірегін қамап алған,
Қара аттың басын шешті қарғып барып.
«Көрұғлы, қырық сардарлар, қайдасың?» деп,
Жылайды кәміл пірді жадына алып.

Мұны айтып Ғауаз мінді Қара атқа,
«Жар бол!» деп кәміл пір мен Жаппар Хаққа.
Алыпты айналасын әскер қамап,
Жалғызды бұл бәледен өзің сақта.

Ақырып Қара атқа бала мінді,
Боларын бір сұмдықтың және білді.
Тастамай қолтығына қысып алып,
Сұлуды Жұлдызайдай ала мінді.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз