Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Түркімен Қасымхан (7-бөлім)

Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Екінші қабат тас қорған,
Оны да бұзып басқарған.
Күш-қайратын көрген соң,
Батырлығын білген соң,
Қарабай сынды баладан
Қызылбастар жасқанған.
Үшінші қатар қамалға
Келіп қолын салғанда,
Қамалын бұзып алғанда,
Зеңбірек жауды аспаннан.
Қарабай сонда сөйледі:
—Зеңбірегің, қызылбас,
Мені шаққан шыбындай,
Шыбынды көріп жасқанбан.
Ажалым жетсе, өлермін,
Қоям ба қорқып соғыспай,
Қалар ма жаным қашқаннан?

Төртінші қабат қамалға
Келіп қолын салады,
Оны да бұзып алады.
Бесіншіге қолын салғанда,
Жетпіс мың шынжыр бұғалық
Мойнына түсіп қалады.
Қарабай ерді бұғаулап,
Қызылбастар тартады,
Бұғаумен тартып қарады,
Үстінен тор жабады.
Сол уақыттар болғанда
Арыстан туған Қарабай
Семсерін қолға алады.
Жетпіс мың шынжыр бұғалық
Сыртынан келіп салады,
Дал-дал болып барады.
Бес қорғанын алғанда,
Алтыншыға қолын салғанда,
Қасымхан менен Ғауазхан—
Олар да келіп қалады.
Тізе қосып үш батыр
Тақияның тас қорған
Жан-жағынан жарады.
Он екі қабат қамалдың
Ай жарым күн атысып,
Қара қанға батысып,
Он бірін бұзып алады.
Бұза алмады біреуін,
Жыға алмады тіреуін.

Шағылды батыр таулары,
Алдырмады жаулары.
Тақияның тас қамал
Аспанменен таласқан,
Таласса да, қарасқан.
Тақияның басынан
Зеңбірек атса қызылбас,
Күңіренеді жер-аспан.
Ай жарым күн соғысып,
Батырлар шаршап жабықты.
Күні-түні шабуыл
Тұлпар да болса жалықты.
Ай жарым күн ішінде
Он бір қамалды алыпты.
Он бірінен ол қиын,
Тақияның тас қамал,
Жалғыз өзі қалыпты.
Тақияның тас қамал
Қорғаны биік алдырмай,
Қызылбас қолын салдырмай,
Қарабай, Қасым тарықты.
Тақияның қамалын
Алатын таппай амалын,
Тұлабойы қан болып,
Жүрген жері шаң болып,
Қарабай, Ғауаз, Қасымхан
Ханына қайта барыпты.

Сонда Хасанхан үш батырға бұйырады.

Әскердің басы Хасанхан
Бұйырды пәрмен және де
Қарабай сынды балаға,
Қасымхан мен Ғауазхан—
Екі бірдей данаға:
—Көп қызылбас жиналған
Арал деген қалаға.
Он бір қамал бұзғанда
Тақияның тас қамал
Жалғыз аман қала ма?
Сиыныңдар, арыстаным,
Бір жасаған Аллаға.
Тарыға қалсаң, ерлерім,
Жәрдем сұра жалбарып
Көрұғлы ата-бабаға!
Он бір қамал алғанда,
Жалғыз қорған ала алмай,
Қызылбас деген жауыңның
Маңайына бара алмай,
Халқыңды қойма табаға!

Хан бұйырды амал жоқ,
Бармай қалар заман жоқ.
Қасымхан мінген Көкаяқ,
Айшылық жол бір басқан—
Тұлпардан туған жез аяқ.
Қарабай мінген көк дөнен
Жауға шапты көлденең.
Көрұғлы ханның Ғауазхан
Қосыла шапты кеудеден.

Қаһарлы үш арыстан
Тұлпар мініп жарысқан,
Қызылбас деген жауының
Қамалына барысқан.
Қырық мың әскер қол болып,
Есебі жоқ мол болып,
Он екі жерден ту байлап,
Түрікпеннің көп әскер
Батырларға қосылған.

Көп әскердің алдында
Қарабай, Ғауаз, Қасымхан
Бес қаруын асынған.
Қырық мың әскер қалың қол,
Он екі жерден ту байлап
Батырларға қосылған.

Аттанды жауға түрікпен,
Тиген жауы үріккен.
Қызылбасты қуалап,
Тас қамалын жағалап,
Келді әскер желіккен.
Сол уақыттар болғанда
Қызылбастың қалың жау
Барабан тартып, шың қақты,
Әскерін қалың жинапты,
Сұлы менен сүт беріп,
Тұлпар атын сайлапты.
Қызылбастың Жанәділ
Жиырма екі ту алған,
Жауды көріп қуанған,
Барабан қағып, шың тартып,
Алпыс нарға оқ артып,
Арбалап үйді зеңбірек,
Аспанның үстін қызартып.
Ұрыстың құрды базарын,
Шығарды көкке тозаңын.
Атысуға түрікпенмен
Қызылбас салды әскерін.
Ай жарым күн соғысып,
Қызылбастың түрікпен
Қайтарып кетті қаруын.
Қызылбастың Жанәділ
Қарқаралы хан әділ,
Өзі сұлтан, төре еді,
Еңіреген ер еді.
Алтын тақта отырған,
Аузын балға толтырған,
Барабанды қақтырған,
Елу мыңдай әскерді
Оң жағынан шаптырған.
Елу мындай әскерді
Сол жағынан шаптырған,
Салтанатын арттырған.
Әр тарапқа ат салған,
Жасауылмен хат салған.
Тоқсан қала бастығы
Тоқсан ханын алдырған,
Бәріне хабар бардырған.
Тас қамалдың ішінен
Күндік жерден көретін
Мұнарасын салдырған.
Мұнараның үстіне
Алтын тағын қондырған.
Мұнараның үстінен
Күндік жерден жарығы
Әскеріне түсетін
Алтын панар жандырған.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз