Түркімен Қасымхан (5-бөлім)
Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Айтып-айтпай немене,
Айтқан сайын желігіп,
Қозады біздің делебе.
Жауға аттанған ер жігіт
Қайта қорқып келе ме!
Өзі болған ер жігіт
Дұшманға намыс бере ме!
Бақыты жоқ батырдың
Жауына жалғыз кеткенде
Артына халқы ере ме!
Әскер келді шулаған,
Айт пен тойдай дулаған,
Мұнан да артық Қасымға
Құдайым бақыт бере ме!
Бұ да болса Қасымға
Құдайдың бақыт бергені.
Қарқаралы ханы мен
Халқының қосылып келгені.
Өңкей батыр, ері кеп,
Азамат болып бірігіп
Жауына қарай желгені,
Құдайдың, міне, бергені!
«Шу-шу!» дейді, «шу!» дейді,
Шу дегенде гулейді.
Өңкей тұлпар мінгені,
Тұлпар мініп жарысып,
Үзеңгісін қағысып,
Шіркін-айын жөнгені.
Ол әскердің ішінде
Кімдер бар да, кімдер жоқ.
Он екіде жасы бар,
Жалғыз туған басы бар,
Бейітханның Қарабай
Әр соғыста бір өзін
Мың кісіге балады-ай,
О да бірге келеді.
Арғы атадан белді өткен,
Жеті атадан дүмді өткен,
Алтын таққа отырған,
Аузын балға толтырған,
Дүниенің тұтқасын
Қолына ұстап шайқаған,
Лашын құстай жайқаған.
Атса, мылтық өтпеген,
Қарғаса, қарғыс жетпеген,
Көрұғлының баласы,
Өзбектің басы Ғауазхан,
О да бірге келеді.
Қасым оның інісі,
Інісі болған себебі
Хасан менен Ғауазхан,
Асырап алған екеуі—
Көрұғлының жынысы.
Қасымхан жауға кеткенсін,
Інісі сапар еткенсін,
Тарылды білем тынысы.
Әскер келді жақындап
Қызылбастың еліне,
Қара теңіз жеріне.
Жер түріне қарасаң,
Артық жақсы орасан.
Күдір боп жатқан белі бар,
Үйрек ұшып, қаз қонған
Шалқып жатқан көлі бар.
Арал деген қалада—
Тақияның тас қамал,
Тас қамалдың ішінде
Жанәділдің елі бар.
Мәуесі жерге төгілген,
Жоңышқасы бүгілген,
Шалғыны бар иірілген.
Балдырғаны білектей,
Бүлдіргені жүректей,
Қымыздығы күректей,
Бақасы қойдай шулаған,
Балығы тайдай тулаған,
Жер сәуірі ол еді.
Түрікпеннің көп әскері
Осы жерге келеді.
Мұнарадан қарауыл
Жау қарасын көреді.
Жанәділдей патшаға
Барып хабар береді:
—Жанәділ сұлтан, ханымыз,
Жолыңда болсын құрбандық
Бір шыбындай жанымыз.
Қырық мың әскер қол болып,
Есебі жоқ мол болып,
Он екі жерден ту байлап,
Келіп қалды жауыңыз.
Жауға назар салыңыз,
Жылдамырақ барыңыз!
Қырық мың әскер қалың жау
Келіп қалды еліңе,
Қонып қалды көліңе,
Ғапыл қалма, ханымыз!
Біздің сөзге наныңыз,
Мұнараға барыңыз,
Өз көзіңмен, тақсыр хан,
Жауға назар салыңыз!
Жауға назар салмасаң,
Әскер жинап бармасаң,
Кетер біздің сәніміз.
Сол уақытта Жанәділ
Мұнараға барады,
Дүрбіні қолға алады.
Дүрбіменен қарады,
Жауға көзін салады,
Көп екенін көреді.
Мұнарадан түсіп Жанәділ
Ордасына кіреді.
Қызылбастың еліне
«Жау келді,—деп,—жеріме»,
Сонда хабар береді.
Әр тарапқа ат салды,
Жасауылмен хат салды.
Тоқсан қала бастығы
Тоқсан ханы бар екен,
Оларға хабар салады,
Бәрін де жиып алады.
Түрікпеннің елдерін,
Сындыруға белдерін,
Ақыл-айла қарады,
Қызылбас шәрі зор еді.
Он екі қабат тас қорған
Тақияның тас қамал,
Тас қамалдың сыртынан
Он екі қабат ор еді.
Ордың аузын байлады,
Тас қорғанның үстінен
Түрікпенге атуға
Зеңбірегін сайлады.