Қисса Ғауазхан (15-бөлім)
Көрұғлы · 2 мин оқу
Бес қару ерге лайық қолына алды,
—Жүз батыр, қайдасың,—деп айғай салды.
Көріпті менің достым көрмегенді,
Берермін оның үшін шыбын жанды.
Елінен сұрастырды «не білдің?» деп,
«Малшыны тілге алады «не көрдің?» деп,
—Тау асты атыс-шабыс,—деп айтады,
Түтінін зеңбіректің мен көрдім! деп.
Жүз батыр атқа мінді Елібайдан,
Пендеге себеп болмақ осындайдан.
Ақ туын Райхан араб қолына алды,
Арыстан бұрқылдатып асты қырдан.
Болғанда белде садақ, қолда найза,
Нашарға тимес пе екен бүгін пайда?!
Секіртіп арғымағын аспан-көкке,
Дегендей қорқар емес жауың қайда.
Болғанда белде садақ, қолда алмас,
Шабады қатар жауға қалмай жалғас.
Әрбірі арыстандай ақырады,
Ер еді бір-бірінен кейін қалмас.
Болғанда мылтық қолда, сәлде баста,
Разы болмақ керек ықыласқа.
Әрбірі жолбарыстай ыңыранады,
Бір қырғын салмақ үшін қызылбасқа.
Жасы бар жиырмада данышпандар,
Кәпірмен неше заман алысқандар.
Ат қойды Алатауға «я, Аллалап»
Үмбеті Мұхаммедтің мұсылмандар.
Тұлпармен бұрқылдатып келіп қалды,
Тоқтамай ауыздықпен қарысқандар.
Алдымен Ерназарбек шықты тауға,
Қызылбас көзін салды шыққан жауға.
Дүниенің жүзі толған әскер екен,
Келтірді көп салауат Мұстафаға.
Қасына Ғауазханның жетіп келді,
Кім сөгер дана туған мұндай ерді?
—Басыңды жылдам көтер, шырағым,—деп,
Таста ер жата ма екен, бәрекелді!
Кәпірлер қорлық берді қалайынан,
Көрейін не де болса талайымнан.
Түрегел, жатпа таста, Ғауазхан!—деп,
Ерназар келіп сүйді маңдайынан.
Жұлдызай отыр екен қайғыланып,
Көрген соң Ерназарды кетті талып.
Көтерді бірі барып оның басын,
Міскінге шаттық кірді бек қуанып.
Ал сонда айғай салды:—Ғауазхан!»—деп,
Кеудеде бір шыбындай бар ма жан?—деп.
Кеудеңде жаның болса басың көтер,
Досыңмын ахиреттік Ерназарбек!
Ғауазхан әзер-мәзер көзін ашты,
Қан қылып жатыр екен қара тасты.
Дауысын естіген соң Ерназардың,
Көтеріп алды жерден ғазиз басты.
—Әкелші, Қара ат қайда, мінейін,—деп,
Сізбенен қызық дәурен сүрейін,—деп.
Тәніме жара салған қызылбастың
Шетінен аш бөрідей тиейін!»—деп.
Орнынан ақырса да, тұра алмайды,
Аяғын қадам басып жүре алмайды.
Тұрса да ерлікпенен, сау жері жоқ,
Қара атқа түрегеліп міне алмайды.
Жүз батыр Елібайдан кірді жауға,
Бетімен қызылбастар қалды дауға.
Әрбірі арыстандай ақырысып,
Кәпірді бұрқылдатып қуды тауға.
Ерназар қайтып келді жауды қырып,
Жамандар қайтып кетті мысы құрып.
Қасына Ғауазханның келіп түсіп,
Ерлерге бұйырады өзі тұрып:
—Ер жігіт жаудан қашпас жанын аяп,
Басына қызылбастың тиді таяқ.
Болғандай махшар күні, о дариға,
Елібай салды қырғын таңғажайып.
Сұрайды Жұлдызайдан Ерназарбек,
Қасіретке қайғыланып уайым жеп.
—Үш жылдан бері қарай сіздің қолда,
Айтшы енді, не оқиға, не көрдің?—деп.
—Аты озып, Құдай беріп, мені алды,
Кәпірлер бұл батырдан бейхабар-ды.
Шақырып Қап тауынан перізаттан,
Ұстадық Ахмер қызы Құндызайды.
Ерназар тартты сонда қасіретті,
«Салдың,—деп,—басқа, Құдай, қайғы-дертті».
—Баласы ол перінің, шаһизада,
Сіздерге қайтарында не деп кетті?