Түрік тайпалары және қазақ үйсіндері (7-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу
Уәде сөзге қазық лебізбенен,
Бір сөз екі қайта дегізбеген.
Сарқылып су жағасы сай болады,
Телегей [тең] болады теңізбенен.
Бұлар да ақыры бір күн өтсе керек,
Ақ тұйғын алыс жерден жем іздеген.
Ақымақ ақыры бір күн опық жейді,
Бар ойы арық шығып, семіз деген.
Жұт болса, бір-ақ қыста жоқ болады,
Мыңдаған малың болса егіздеген.
Ажалы қаса батыр бір атқан оқ,
Ардагер ана сүтін емізбеген.
Көп көрдік ақыл-ойсыз адамдарды,
Білместік кеселінен ем іздеген.
Қатқан көң қалыбына барса керек,
Болса да майға жүзін негіздеген.
Ақыры тойған бір күн жарылады,
Бақадай ерегіскен өгізбенен.
Айырып досты достан, жарды ғашықтан,
Сұм дүние, кімдерге боқ жегізбеген!?
Осымен шежірені тәмамдадым,
Осыдан басқа түрін таба алмадым.
Біреуде басқа түрі болған күнде,
Маған да деп сұраймын хабарлағын.
Жазғанын Асан ата тәпсір еттім,
Өзімше одан ары бара алмадым.
Тарихы қазақ халқы қолжазбамен,
Білгеннің және қостым хабарларын.
Көнеден келе жатқан мирас қалып,
Айтқанын көпті көрген адамдардың.
Барлығы білгенімнің хатқа түсті,
Тастарсың, тәуірін ап, жаман жағын.
Түсінген білімпаздар деп айта алмас:
Наһақтан кейбір елді жамандадың.
Жақсыны әділдікпен тура жазып,
Дәріптеп, мақтамадым жамандарын.
Түсінер мағынасын деп ойлаймын,
Аударған шын көңілмен назарларын.
Емеспін—өрен жүйрік, бәйге бермес,
Демеймін бұдан да ары шаба аламын.
Жеткенше барлық күшім толық жаздым,
Қолымнан келгенімді аянбадым.
Жазушы, атым—Төлтай Түгелбайдан,
Дулаттан—затым Жаныс тарағанмын.
Айтарсыз аз да болса алғысыңды,
Түсініп, бұл жазғаннан нәр алғаның.
Осымен тоқтатылды аяқталмай,
Қолдағы бәрін жаздым аяп қалмай.
Алты жыл әурелендім іздеуменен,
Ақыры жинақтадым шаршап-талмай.
Көтердім неше түрлі ауырлығын,
Қалған жоқ сақал-шашты бір ақ шалмай.
Тоғызы Құдайберді жазылмады,
Адам жоқ бәрін бірдей таратқандай.
Мағлұмат қолдағы бар жетімсіз боп,
Мұны әм іздеудемін қарап қалмай.
Білетін адам болса кәрі құлақ,
Дүниеден сауда жасап бара жатқандай.
Жинақтап осылардан жазбақшымын,
Лахытқа тұрсам, егер, аяқ салмай.